Бұралқы иттер мәселесін шешуге арналған қаржыландыру жеткіліксіз

ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы кезекті жұмыс жоспары бойынша Ақтөбе қалалық ветеринарлық станциясының жұмысымен танысып, бұралқы иттердің мәселесін көтерді.

Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, 2023 жылы «Таңба» ақпараттық жүйесіне тіркелген 3897 бас ит және 691 мысықтың ішінде 3261 бас ит пен 250 мысық иесіз болып тіркелген.

Оларға екпе салынып, стерильденіп, бұрынғы мекендеу ортасына қайта шығарылған. Мекеме қызметкерлерінің айтуы бойынша чип салған иттер қайтадан агрессия көрсетуде деген арыздар түсіп жатыр. Чиптеу кезінде иттерге кастрация жасалып, ұрғашы иттердің жатыры алынып, екпесі егіліп қайта жіберіледі. Одан кейін иттер топтасып жүрмейді, әрқайсысы әр жақта босып жүреді. Сондықтан да оларды аулау қиынға соғады. Себебі әр ит аулаушыға әрбір итке 3496,42 тг бөлінеді. Бұл соманың ит аулаушыларға тым аз екені айтылды.

Ақтөбе қалалық ветеринарлық станциясы жануарлардан қан алу, екпе егу арқылы жұқпалы аурулардың алдын алумен айналысады. Мекемеде 50-ге жуық қызметші, 10-ға жуық автокөлік, 1 камаз бар. Монополияға қарсы комитеттің тапсырмасы бойынша ит аулау, екпе егу жұмыстарына бөлінген қаражатты алу үшін ашық конкурсқа қатысуы қажет. Оған ешқандай арнайы дайындығы жоқ кез-келген адамдар да қатыса алады.

«Қазіргі таңда мекеме тек қана ит аулаумен ғана айналысып жатыр. Ал иттерді асырап, стерильдеу жұмыстарын жасай алмай отырмыз. Қаражат бөлініп тұр, бірақ әлі конкурс өтіп жатыр. Жануарларға арналған панажай жоқ, соның нәтижесінде конкурс арқылы жеке кәсіпкермен келісім жасалды. Арнайы ит аулайтын автокөліктер жоқ. Ит аулаушылар өз көлігімен жұмыс жасап жүр», ‒ дейді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Алпамыс Таңатқанұлы.

Ақтөбе қаласы бойынша былтыр 800-ден астам адамды ит қапқан фактілері тіркелді. Бұл көрсеткіш келешекте өсіп кетпеу үшін жануарларға арналған панажай салынып, арнайы автокөліктер бөлініп, мамандар мен ит аулаушылардың жалақылары көтерілуі тиіс. Сонымен қатар, бюджетті бөлу кезінде конкурс арқылы қаржыландыру мәселесі оңтайландырылуы қажет. Себебі қаражатты конкурс арқылы алу ұзақ уақыт алады, нәтижесінде жұмыс мардымды жүрмейді.

Ж. Жетібай ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы

Смотрите также: