Бүгін Парламент Мәжілісіндегі ЖСДП фракциясының мүшесі, депутат Наурыз Сайлаубай еліміздегі көші-қонның бейберекетсіз үдерісін сынға алып, соның нәтижесінде ірі мегаполистерге қаптап келіп жатқан жаңа тұрғындарды мемлекет қалай реттемек екені сұрап Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Астана және Алматы қаласының әкімдеріне қайырылды.
«Өздеріңізге белгілі әрбір төртінші қазақстандық дерлік бүгінде үш мегаполистің бірінде тұрады. Ал осыдан 5 жыл бұрын Астана, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарының жалпы үлесі 20,8 пайызды құраса, биыл ол 23,8 пайызға өсті», - деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, 30 жылдың ішінде қазақстандықтар көбіне еліміздің солтүстік және солтүстік-шығыс шекаралас өңірлерінен үдере көшкен, әсіресе Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан. Яғни, бұл 6 өңір бүгінде халықтың 40-15% жоғалтып отыр. Сонымен қатар, еліміздің 8 өңірінде ауыл халқы айтарлықтай азайып бара жатқаны байқалуда.
«Егер өткен ғасырдың 60-шы жылдарында еліміздегі урбанизация өнеркәсіптік индустрияландырумен байланысты болса, қазіргі жағдайда урбанизацияға ешқандай экономикалық негіз жоқ. Мәселен, Алматы қаласы тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан ірі «инвестициялық жобаға» айналды, бірақ ондағы көтерме сауда базарларының айналасында маргинал топтардың қатары көбеюде. Алматының 2025 жылға дейінгі даму жоспарына және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларға сәйкес, мұндағы халықтың нақты табысы 2015 жылдан бастап небәрі 2% пайызға ғана өскен, алматылық ересектердің төрттен бір бөлігіне әлеуметтік медициналық сақтандыру қолжетімсіз, 10 қылмыстың 9-ын жұмыссыздар жасайды. Еліміздегі әрбір бесінші жұмыссыз жас азамат Алматыда тұрады. Сол сияқты Астанаға да көшіп келген көптеген азамат өмір сүруге лайықталмаған саяжай алқаптарында тұруға мәжбүр, ал бұл кейде әлеуметтік қайғылы жағдайларға әкеп соғып жатады», - деп қоғамдағы қалыптасып отырған жағдайға назар аударды депутат Наурыз Сайлаубай.
Мәселен, Алматы қаласындағы Экономика институтының ғалымдары құрылыс нормалары мен ережелерінде жазылған нормативтерді ескере отырып, мегаполистердің демографиялық сыйымдылығын қарастырып көрген екен. Зерттеу нәтижесінде Шымкент қаласының демографиялық сыйымдылығы 600 мың адамнан аспауы тиіс, ал Алматыда сыйымдылық шегі – 1,2 млн, Астанада 1 миллионнан сәл-ақ артық адам тұра алады деген қорытындыға келіпті.
Осыған орай, депутат Мәжіліс отырысында Үкіметке қарата: «Егер басты себеп жұмыс орнының жетіспеушілігі болса, мемлекет бұл мәселені қалай шешуді жоспарлап отыр? Әр өңір бойынша, әсіресе жоғарыда айтылған 6 облыс бойынша шынайы көріністі айқындайтын мәлімет берсеңіздер. Екіншіден, қазір Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерінің 53%-ын халық, жеке қосалқы шаруашылықтар беріп жатыр. Егер ауылдық елді мекендердің жартысына жуығы жойылып кетсе, онда ауыл шаруашылығымен кім айналыспақ? Үшіншіден, «Оңтүстік-Солтүстік» қоныс аудару бағдарламасына қанша қаражат жұмсалды? Оның нәтижелері қандай? Ол жалғаса ма және не үшін? Төртіншіден, Астананың Бас жоспарында қаланың халқы көші-қоннан соң жыл сайын 100 мың жаңа тұрғынға көбейетіні ескеріле ме? Алдағы 10 жылда қалада қанша мектеп, аурухана салынады және қанша орынға есептеледі? Бесіншіден, Алматыға қоныс аударып жатқан азаматтардың жыл сайынғы саны қандай және бұл жағдай әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуға қатысты қаланың бас жоспарында қалай ескеріледі? Алтыншыдан, алдағы бес жылда Астана мен Алматы қалаларында қанша жұмыс орнын құру жоспарланып жатыр және қандай салалар мен жобаларға? Қандай мамандарға сұраныс бар?», - деген сауал тастады.
Сондай-ақ, бұл сұрақтарға жауапты бір айдан аспайтын мерзімде беруді сұрады.
ЖСДП баспасөз қызметі