Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атына Астана қаласындағы бөлшек саудамен айналысатын базарлар мен сауда орталықтарының жеке кәсіпкерлерінен салық пен банктік комиссияларды азайтуды сұраған өтініш келіп түсті. Өйткені нарықтағы қазіргі экономикалық жағдай жеке кәсіпкерлерге қиындық туғызып отыр. ЖСДП-ның Мәжілістегі фракциясының мүшесі, депутат Нұрлан Әуесбаев осы мәселені Парламент қабырғасында көтеріп, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың атына депутаттық сауал жолдады.
«Кәсіпкерлердің айтуынша, олардың басым бөлігі салық төлеудің оңайлатылған режимімен жұмыс істейді. Ол бойынша айналымнан 3% (пайыз) салық төлейді. Бұл кезекте бухгалтерлік есеп жүргізуге міндеттелмегенімен, кеңсені жалдау ақысы, коммуналдық қызмет, логистика, жұмысшыға төленетін еңбекақы, тағы да басқа қызметтерге қалтасынан кететін шығын шаш етектен болып отыр. Көпшілігі несие-қарызға белшесінен батып тұр, біразы бизнесін өлтірмеу амалымен микроқаржылық ұйымдардан несие алған (төлем күн сайын төленеді), сонымен қатар, айдан айға өздерінің құнды заттарын ломбардқа тапсыруға мәжбүр болып жүр. Cондықтан азаматтардың кірісіне салынатын 3 пайыздық салықты таза пайданың пайызына негізделген неғұрлым әділ механизмге ауыстыруды сұрайды. Бұл тәсіл салық ауыртпалығын әділ реттеуге көмектесіп, экономикалық белсенділікті ынталандыруы мүмкін дейді», ‒ деп атап өтті депутат.
Себебі екінші деңгейлі банктер қосатын пайызға келетін болсақ, клиент Каспий кюармен (QR) төлем жасау кезінде банк 0,95 % комиссия ұстаса, картамен төлем жасалған жағдайда 2,5%-ын, ал Каспий рассрочка және Каспий ред бойынша 10-12 пайыз ұсталады екен. Ал бүгінгі таңда Каспий ред пен рассрочкаға тауар алатын азаматтар баршылық. Сондай-ақ, банктен ақша шешіп алу кезінде де оның 1 %-ын банк ұстап қалады. Бұған наразы болған кәсіпкерлер: «Қазақстан Республикасындағы банктер біздің әрбір транзакциядан пайдамыздың 3-5 пайызын алып жатыр. Жалпы алғанда, біз салықтар мен банктердің қызметі үшін 6 пайыз төлем жасап келеміз», ‒ деп өкпелі.
Сонымен қатар, жыл басынан бастап салық салушылар тарапынан қысым сезініп жатқандарын да айтып жатыр. Сондықтан кәсіпкерлерге бюрократиялық кедергілерді азайтуды, әкімшілік процестерге кететін шығынды азайтуды және салық салушылармен өзара іс-әрекетті барынша азайту үшін салық есептілігі рәсімдерін оңайлату мәселесін қарауды сұрайды.
Егер бөлшек саудаға түсіп отырған салмақты жеңілдету шаралары қазірден шұғыл қабылданбаса, шағын кәсіпкерлер жұмысын тоқтатудың алдында тұр. Жеке кәсіпкер ретінде еңбектеніп жатқандардың көбісі қазірдің өзінде бизнесін жабуды бастаған, өйткені тауып отырған табысы мардымсыз. Керісінше шығынға ұшырап, несие мен қарыздың қамытын киіп отыр әрі жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Сәйкесінше, мемлекет те жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан осыған байланысты халық қалаулысы бірқатар ұсыныс айтты: «Бизнеске қолайлы жағдай туғызу және кәсіпкерлердің салық жүйесіне деген сенімін нығайту үшін салық салу процестерінің ашықтығын арттыруға бағытталған шараларды күшейтуді ұсынамыз. Бизнесте де, басқа салаларда да ашықтық әрі әділдік болуы тиіс. Екіншіден, «Виза», «Мастер кардтың» орнына ұлттық төлем жүйесін енгізу керек. Қазіргі таңда шетелдік төлем жүйесі жұмыс істеп тұрғандықтан, ұлттық экономикамыздағы қаражат шетелдік жүйеге кетіп жатыр. Әр транзакциядан шамамен 0,3 пайыз ұстағанның өзінде мемлекетімізден 50 миллиардтан астам қаражат шетелдік жүйеге кетуде.
Үшіншіден, шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік бюджетке жалпы айналымынан төлеп жатқан 3 пайыз салық оларға айтарлықтай ауыртпалық салып тұр. Ендеше кәсіпкерлерді қинамай, салықты 3 пайыздан 1 пайызға азайту мәселесін қарастыру қажет», ‒ деді Нұрлан Әуесбаев.
ЖСДП баспасөз қызметі