Бүгін Парламент Мәжілісінің ЖСДП фракциясынан депутат Нұрлан Әуесбаев Түркістан облысы Сарыағаш ауданының халқымен кездесті.
Жиналған жұрт кезек-кезек өңірдегі жанына батқан мәселелерді ашық айтты. Аудан тұрғыны Бахтияр Түзелов Есенберлин мен Әубәкіров көшелеріндегі электр желілері дұрыс тартылмаған, ашық жатыр, оның салдары адам шығынына алып келмей тұрғанда, жағдайды реттеу қажет деген уәжін жеткізді.
Ал Нұрдәулет Абдоллаев: «Сарыағаш ауданы халық тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Мұнда баспана мәселесі өзекті болып тұр. Жастарымыздың тұрғын үйге қол жеткізуі өте қиын. Осы сұрақты алдағы уақытта өзіңіз мүшелік ететін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында қойсаңыз екен деген өтініш бар. Себебі қажетті мамандардың ауданымызда қалуы үшін оларға үймен қамтамасыз ету, мардымды еңбекақы төлеу деген сияқты жағдай жасалуы тиіс», - дейді.
Жергілікті тұрғын Шолпан Серғазиева үйінде қолданған суды есептейтін есептеуіш құралға қатысты шағымын айтты.
«Сарыағашта шамамен екі жыл бұрын су құбыры тартылды. Бірақ судың қанша кеткенін есептеуішті (счетчик) жердің астына қойған. Өзім Шымкентте тұрған уақытта, мұндай есептеуіш су құбырының үстіңгі бетінде тұратын. Ал қазір жаңбыр немесе қар жауған сайын есептеуішке су толады да, оны ауыстыру керек болады. Себебі ол су толып қалған сайын бұзылады. Оны жаңасына ауыстыруға бәрінің бірдей қаржылық жағдайы жете бермейді», - деді ол.
Сарыағаш аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Гүлболат Төреханова еңбекақыға қосымша ретінде үстемақы төленсе екен дейді.
«Біздің кітапханадағы қызмет көрсету бөлімінде, балалар бөлімін қоспағанда, 47 мың кітап қоры бар. Кітаптар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Соларды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу парыз. Олардың уақыт өткен сайын шаң болатыны белгілі, бұл әрбір кітаппен жұмыс істейтін біздің денсаулығымызға зиянын тигізуі ғажап емес. Сондықтан жұмыс барысында денсаулыққа зиян тиюіне байланысты біздің айлыққа қосымша ретінде үстемақы қарастырылса екен деген өтініш жасап отырмын. Мәселен, мұрағатта еңбек ететін қызметкеткерлерге жалақысынан 15е-20 пайыз көлемінде ақы төленеді. Республика бойынша бірнеше кітапхананың мамандары осындай үстемақы алып тұрады. Неге бізге де басқа кітапханалар сияқты осындай мүмкіндікті пайдаланбасқа?», - деп ой тастады.
Барлық мәселені мұқият тыңдап, оны шешу жолдары бойынша бағыт-бағдар беріп, кері байланыс жасаған депутат Нұрлан Әуесбаев аталған жайттарды жауапты мекемелердің назарына жеткізуге ықпалдасатынын айтты.