Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұрлан Әуесбаев Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жер учаскелері мен рұқсат беру құжаттарысыз салынған құрылыстарға азаматтардың құқығын біржолғы заңдастыру, яғни легализациялауға жәрдемдесу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету кез келген мемлекеттің басты әлеуметтік міндеті. Ал еліміздің түкпір-түкпірінде, яғни әрбір елді-мекенде, жергілікті атқарушы органдардың тек ауызша рұқсатымен, «өз еркімен» салынған ауылдар, шағын аудандар, тұрғын алаптары бар. Соның бірі Астана қаласының шетінде орналасқан «Өндіріс» тұрғын алабы деуге болады.
«2004 жылдан бастап бұл ауылда 400-ден астам үй салынған, онда 1500-ден астам адам тұрады, алайда осы жердің жұрты 19 жыл бойы өзінің баспанасына заңдық құқық беретін құжаттарды рәсімдей алмай жүр. Бұл тұрғындар ешбір статистикалық есепте көрсетілмеген, жалпақ тілмен айтқанда «ауада» өмір сүріп отыр. Өркениеттің қарапайым артықшылықтарына да қол жеткізе алмай жатыр. Осы уақытқа дейін Өмірзақ Шөкеевтен бастап Астана қаласының әкімдері аталған тұрғын алабының адамдарына үйлері еліміздің заңнамасына сәйкес заңдастырылып, ресми түрде электр және сумен жабдықталатыны туралы бірнеше рет уәде беріп келген. Егер бұрын елорда әкімдері, ең болмаса, тұрғындарға құжаттарын рәсімдеуге уәде берсе, қазір әкімдік бұл мәселеден тіпті басын алып қашып жатыр. Уәкілетті орган мен әкімдіктің позициясы әлеуметтік жанжалдың алдында тұрған тұрғындардың ашуы мен наразылығын тудырып отыр», - дейді Нұрлан Әуесбаев.
Бұл тұрғыда, депутат Алматы қаласындағы Шаңырақ шағын ауданымен байланысты 2006 жылғы қайғылы оқиғаларды еске салды. Егер Үкімет осы мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдамаса, мұндай қайғылы сценарий елордада қайталануы әбден мүмкін деп отыр.
«Мұндай мысалдар елімізде өте көп, сондай-ақ барлық жерде адамдар өзінің тұрғын үйге деген құқығын қорғау үшін соңына дейін баруға дайын. Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы өз сөзінде жаңа Қазақстанда азаматтарымыздың заңды құқығын мүлтіксіз сақтау қажеттігі туралы бірнеше рет айтты. Осыған байланысты Үкімет мынаны жасауы қажет деп санаймыз: Біріншіден, бүкіл республика бойынша жер учаскелеріне мониторинг жүргізуі тиіс, өйткені елімізде қаншама азамат құжаттарын заңдық тұрғыда тиісінше рәсімдей алмай жүр. Екіншіден, осы жер учаскелері мен құрылыстарды бір реттік заңдастыруды қарастырғаны жөн. Үшіншіден, өз еркімен заңсыз құрылыс бастаудың жаңа фактілерінің туындауына жол бермеу шараларын қабылдауы қажет», - деп атап өткен мәжілісмен Үкімет басшысынан депутаттық сауалды қараудың нәтижесі мен оны іске асыру бойынша қабылданған шаралар жөнінде заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.
ЖСДП баспасөз қызметі