Ақмола облысы Егіндікөл ауданы Егіндікөл ауылының халқы ауыз суды тасып ішуге мәжбүр болып отыр.
Жергілікті тұрғын, «Тіршілік-2030» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерік Серікбаевтың айтуынша, ауылды сумен қамтамасыз ету мәселесі бірнеше жылдан бері түбегейлі шешілмей келеді. Былтыр мамыр айында Егіндікөл ауданының әкімдігі ауданда төтенше жағдай (ТЖ) жариялаған, содан бері жергілікті жұрт төтенше жағдайда өмір сүріп жатыр.
‒ Соңғы 2023 жылдан бері тұрғындар сусыз отыр. Өткен жылы ТЖ аясында Сабынды ауылы мен Егіндікөл ауылының арасындағы 68 шақырымдық апатты учаскенің құрылысы басталған, қазір жаңа құбыр тартылып жатыр. Бұл жолдың тозығы жетті, үнемі бұзылып қалып жатады. Сондықтан Егіндікөл тұрғындары су ала алмай жүреді. Қазір олар суды қысым мұнарасынан алуға мәжбүр, оны көрші ауданнан әкеледі.
Көріп отырғанымыздай, жағдай өте аянышты хәлде. Мердігер өткен жылы траншеялар қазып, жұмысты бастаған, бірақ құбырлар жердің бетіне қалқып кетті. Олар дер кезінде көмілмеді. Енді жақын жерден жаңа траншея қазу жоспарланып отыр. Қайтадан уақытты босқа өткізейін деп тұрмыз. Биыл тұрғындарға су келе ме, жоқ па деген сұрақ туындайды», ‒ дейді Ерік Серікбаев.
Егіндікөл ауданы суды өзінен 90 шақырым арақашықтықта орналасқан Қорғалжын ауданы Сабынды ауылына қарасты Нұра топтық су құбырынан алады. Су көзі сол жерде. Алайда бұл құбырлардың өзі 1970-жылдары салынған, қазіргі уақытта әбден шіріп кеткен екен. Енді соны жаңартып жатыр.
‒ Бұл магистраль республиканың балансында. Егіндікөл ауданына су жеткізуді жолға қою үшін жаңа құбыр салу қажет, ескі құбырларды жамаудың мәні жоқ. Нұра топтық су құбырын қайта-қайта жөндеп әлек, алайда қызмет көрсетуші ұйым үлгермейді. Тиісінше бізге су жетпей жатыр. Біздің білуімізше, жоспар бойынша 2024-2026 жылдарға ұзындығы 330 шақырым болатын Нұра су құбырын түгелдей қайта жаңғыртудың жалпы жобасы бар. Халық сусыз қалғандықтан, әкімнен төтенше жағдай жариялауды және бұл құбырды тез арада тартуды талап етті. Нұра су құбырының жалпы ұзындығы – 330 км. Бізге Егіндікөлге дейін су жеткені қажет. Өткен жылы ТЖ аясында осындай жағдайларға Үкіметтің резервінен 3 млрд ақша бөлді және ТЖ аясында бір көзден мердігер «BERTYS CONSTRUCTION» (Бертус Контсракшэн) ЖШС таңдалды», ‒ дейді «Тіршілік-2030» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Аталған мәселеге қатысты елді-мекенде тиісті ведомстволардың өкілдері, мердігер мен тұрғындардың қатысуымен жиналыс өтті. Күн тәртібінде «Нұра топтық су құбыры» республикалық мемлекеттік кәсіпорны магистральдық желілерін қайта жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы, магистральдық желілерді қайта құру жұмыстарының стандарттарға сәйкестігі және қолданылатын материалдың сапасы жөнінде мәселе қаралды. Атап өту керек, Нұра топтық су құбырын қайта құруға тапсырыс беруші – Су шаруашылығы комитеті.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Әубәкіров жаңа құбырлардың жердің бетіне қалқып шығуына қатысты кем-кетіктерді мердігер реттейтінін айтты.
‒ Нұра топтық су құбырының өзі 1960-70 жылдары салынған, Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарының 20-дан астам ауылын қамтамасыз етеді. Ақмола облысының коммуналдық меншігінен Су шаруашылығы комитетіне 2019 жылы берілді. Осы сәттен бастап біз оны пайдалануға кірістік. Су құбырының әбден тозығы жеткен, мұны бәріңіз білесіздер. Сондықтан өткен жылы осы топтық су құбырын қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Былтыр республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге қаражат бөлінді, мердігер болып «BERTYS CONSTRUCTION» (Бертус Контсракшэн) ЖШС анықталды.
Магистральдық су құбырының жалпы ұзындығы 192,8 шақырымын таңдады. 2023 жылы 68,7 шақырымдық участок қолға алынды. 3 миллиард теңгенің 1,2 миллиарды игерілді. 5,5 шақырым қабылданып, іс жүзінде жұмыс істей бастады. Былтыр мердігер жұмысты ақшасыз бастағаны анық. Ол тамыз-қыркүйек айларында іске кірісті, желтоқсан айында аяқтады. Алайда авторлық және техникалық қадағалауға қатысты ескертулер болғандықтан, біраз объем қабылданбады. Ал ескертусіз қабылданған жұмыстың ақысы төленді. Биыл 17 сәуірде Премьер-Министр үкімет қаулысына қол қойып, қалған 1,8 миллиард теңгені дәл осы 68 шақырымның жұмысын аяқтау үшін бөлгенін хабарлап отырмын. Жақын арада қазынашылық есепшотқа ақша түскен бойда біз авторлық, техникалық қадағалау бойынша мердігермен келісім-шарттар жасасатын боламыз, тиісінше, мердігер толықтай жұмысқа кіріседі. Мынаны атап өткім келеді, қазір анықталған кем-кетіктерге қаражат төленбеді және мердігер оны міндетті түрде қайта жасайды», ‒ деп атап өтті Әділбек Әубәкіров.
Болған олқылықтарға кешірім сұраған «BERTYS CONSTRUCTION» ЖШС-ның бас директоры Асқар Баймырзаұлы былтыр жұмысты уақытылы бітірмеулерінің субъективті, объективті себептері бар екенін жеткізді.
‒ 2023 жылы қыркүйекте біз өз қаражатымызға 68,7 шақырымдық құбырдың құрылысын бастадық. Былтыр қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында 68 шақырым траншея қазылып, 51,4 шақырым құбыр тартылды.
Желтоқсан айында ауа райының қолайсыздығына байланысты және техникалық және авторлық қадағалаудың нұсқауы бойынша жұмыс тоқтатылды. 7 наурыздан бастап біз жұмысты қайта бастадық, арнайы техника мен жұмыс күшін жұмылдырдық. Бүгінгі таңда нысанда шамамен 15 адам бар. Өздеріңіз білесіздер, бас станцияда біз 5,4 шақырымдық жұмысты аяқтадық, оны барлық бақылаушы орган қабылдады. Бүгінде Қараегін мен Қарғалы осы жаңа су құбырына қосылған. Су тұрақты түрде жеткізіліп жатыр және құбыр осы бағытта өзінің жақсы жұмыс істеп тұрғанын көрсетті. Барлық технологиялар қолданылды. Авторлық техникалық қадағалау тарапынан ескертулер болды. Біз оны қайта жасап, әлі де олқылықтарды жойып жатырмыз. Ал әлеуметтік желілерде, басқа да ақпарат көздерінде құбырдың траншеялардан қалқып шыққаны көрсетілген бейне, фотоматериалдар таратылғанына келетін болсақ, ол құбырдың уақытында көмілмегенінен болды. Енді бұл жағдайдан шығудың жолы қандай? Барлық түзету жұмыстарын жасаймыз, жақын жерден жаңа траншея қазып, жаңа құбыр тартамыз. Бұл тұрғыда, авторлық қадағалау және техникалық қадағалау бізді қатты бақылап жатыр. Біз су құбырының бүкіл көлемін үш айдың ішінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін барлық қажетті ресурстар мен материалдар бар», ‒ деп сендірді «BERTYS CONSTRUCTION» ЖШС-ның бас директоры Асқар Баймырзаұлы.
ЖСДП баспасөз қызметі