Қазақстан жеңіл өнеркәсібі тығырықтан қалай шығады? Еліміз 15 посткеңестік мемлекет арасында жеңіл өнеркәсіп бойынша 1-ші орынмен (25% үлеспен) жаңа дәуірді бастасақ, тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жыл ішінде 0,4 пайыз бюджеттік үлеспен, 94 пайыз жұмыс орнын жоғалтумен ең соңғы орыннан бір-ақ шыққанымыз жанымызға қатты батуы тиіс.
Көршілерімізге қарасақ, түңіліп кете жаздаймыз. Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп: Өзбекстан бюджетінің 38 пайызын (осыдан 12 жыл бұрын 18 пайыз болатын) жасақтап, 1 миллионға тарта халықты жұмысқа жұмылдырса, Қырғызстанда да бюджеттегі үлес 24 пайызды құрап, бүкіл өнеркәсіп салалары арасында 30 пайызбен бірінші орынды бермей келеді. Тәжікстан мен Түркіменстан да 15 пайыз шамасымен қатар келеді, бізге 10 жылсыз жеткізбейтін тәрізді. Айтпақшы, бұлардың төртеуі де кәсіпорындарын осы заманғы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз еткен.
Әлемдегі 195 мемлекеттің өндірістеріндегі жалпы ішкіөнім айналымы бойынша 140-тан астамы жеңіл өнеркәсіп саласының 5-12 пайыз үлесін құрап отыр. Себебі бұл елдердің үкіметтері мен парламенттері, кәсіпорындары жеңіл өнеркәсіптің жақсы дамуы мен қарқынының бәсеңдемеуіне мемлекеттік тұрғыда ерекше маңыз беріп келеді. Бұл сала жергілікті атқарушы биліктегілерге еңбекке жарамды тұрғындарды (мұнда 85-90 пайызға дейін әйелдер, мүгедектер) жұмыспен қамтуға, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Саланың тағы бір ерекшелігі – өмірде халықтың күнделікті тұтынуын (киім атаулы, төсек-төсеніш, ыдыс, ойыншық, жиһаз-тұрмыстық дүниелер, т.б.) қамтамасыз етуде тек қана тамақ өнеркәсібінен кейін тұратыны.
1950 жылы республикамызда 9 мың ғана адамымен осы саланың 87 шағын кәсіпорны болса, 1990 жылы 222 мың еңбеккерімен 1071 кәсіпорын (ішінде бір өзінде 9 мың адам 2 ауысыммен жұмыс істеген, жарты әлемге танылған АХБК бар) – 16 бағытта 900-ден астам тауар түрін шығарып, тұрақты жұмыс жасап тұрды. Мына көрсеткіштерді де еліміздің тарихи рекордтары қатарына қосар едім: 1990 жылы бұл сала бүкіл өнеркәсіп кәсіпорындары арасындағы өз салмағын 15,8%-ға жеткізіп, республика бюджетінің 25 пайызын құрады! Бұл уақыттағы Совет Одағының бюджетінде жергілікті өнеркәсіптің үлесі – 4% ғана болатын.
Маңызы бар саланың тарихынан сабақ алу үшін, кейінгі ұрпаққа түсінікті болу үшін Қазақ ССР-індегі жеңіл өнеркәсіптің 1950-1990-жылдары арасында қалай шарықтағаны жөнінде қысқаша түсінік берейін.
Жоғарыда көрсетілген деңгейге жеткізген Қазақ ССР-інің басшылығында 31 жыл (Министрлер Советінің Председателі – 1955-1960, 1962-1964 және ҚКП Орталық Комитететінің бірінші секретары – 1960-1962, 1964-1986) болған Д.А.Қонаевтың жергілікті өнеркәсіпке ерекше көңіл бөлді. 1987-1990-жылдары сол 1986-ның көрсеткіштері сол қалпында тұрақтанып қалған-ды. Сол тұрақтандыруға еңбек сіңірген бір адамды айтпай кете алмаймын. Ол – Қырғыз ССР-інде дүниеге келген татар ұлтты Л.Е.Давлетова. Еңбек жолын сол республикадағы тігін фабрикасында тігіншінің шәкіртінен бастаған, Ташкент Жеңіл өнеркәсіп институтын бітіріп, жолдамамен Алматыдағы «Бірінші мамыр» тігін фабрикасына технолог қызметіне келгенінен дирек лауазымына дейін жетіп, одан осы сала министрінің орынбасарына, ҚКП Орталық Комитетінің жеңіл өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісіне, секретарына, тіпті 1989-жылы СССР Жеңіл өнеркәсіп министріне мансап бойынша көтерілді. 60 жасқа келгенінде (2000-2020) өзінің туған елі Қырғызстан басшылығының ұсынысымен әлсін-әлсін ауысып жатқан Премьер-Министрлердің осы сала бойынша тұрақты кеңесшісі қызметін Мәскеу-Бішкекте отырып атқарды.
Қазақ ССР-інің жеңіл өнеркәсібі 1961-1986-жылдары ширек ғасыр ішінде адам танымастай дамығанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осы мерзімде оның өнімдерінің 88 сапалы түрі Совет Одағының сыртына сатылымға шығарылды. Тек солардан түскен бір жылдық валюта 800-900 миллион доллар шамасын құрап тұрған.
Сол кездегі 1071 кәсіпорынның 200-ге жуығына бүкілодақтық, 23-іне халықаралық дәреже берілген. Әрқайсысы, кем дегенде, 10 сырт мемлекетке тауарларын тұрақты түрде шығарып тұрған. Халықаралық көрмелерде бәйге алған Қазақ ССР-і жеңіл өнеркәсібінің ең үздік 10 кәсіпорынын атап кетейін, олар: 1.Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Алматы мақта-мата комбинаты (9 мың адам); 2.«Жетісу» аяқ киім фабрикасы (Алматы, Талдықорған, 4 мың адам, 265 түрін шығарған, 1982-жылдан италиялық жабдықтар); 3.Алматы тоқыма комбинаты (3 мың); 4.Қостанай шұға комбинаты (3 мың); 5.Семей қатқыл шұға комбинаты (3 мың); 6.Жамбыл тері-аяқ киім фабрикасы (2,8 мың); 7.Алматы «1 Май» атындағы тігін фабрикасы (2,7 мың); 8.Шымкент тігін фабрикасы (2,6 мың); 9.Қарағанды сыртқы киімдер фабрикасы (2,6 мың); 10.Алматы тон фабрикасы (2,5 мың).
Бұлардың барлығы Совет Одағы ыдырағасын, алдымен, акционерлік қоғамға айналдырылды, одан кейін жеке тұлғаларға ғимарат, құрал-жабдықтарымен сатылуына байланысты жабылып, тек 10 кәсіпорыннан 35 мың еңбеккер далада қалды. Кезінде осы әйгілі кәсіпорындарда СССР Президенті М.С.Горбачев, СССР Министрлер Советінің Председателі Н.И.Рыжков, сырт елдердің ресми делегациялары, 10-нан астам ғарышкер болған екен.
1992-жылы Қытай Халық Республикасындағы Іле-Қазақ автономиялық округінің орталығы Құлжа қаласына (тұрғындары 600 мың шамасында) барғанымда, сондағы 9 тігін фабрикасының екеуінде болып, қазақ ұлтты директорларымен сөйлескенде естігенім осы күнге дейін есімнен кетпейді. Екі бөлек жерде айтқандары бірдей еді: «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің басшылығы өздеріндегі жеңіл өнеркәсіпті 80 пайыз жауып, Қытай және Түркия тауарларымен сол ашық кеңістікті жаппақ екен. Биыл-ақ, Үрімші мен Пекин үкіметтері біздің фабрикаларымыздың қуатын 4 есеге арттыруға кіріспекші, құрал-жабдықтарды молынан әрі тегін бермекші, адам күші де соншалықты өсетін сияқты» деген еді. Мына сөздер төбемнен найзағай түскендей етті. Мына естігенім ақиқатқа айналды.
Бұрынғы Совет өкіметі кенеттен тарап, оның құрамындағы 15 одақтас республика есеңгіреп қалған тәуелсіздіктің бастапқы 5-6 жылдық кезеңі Қазақстанның тәуір дамып қалған жеңіл өнеркәсібін тіптен (біржола деуге ауызым бармайды) күйретіп кетті.
1994-жылдың маусымында 13-ші шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесінің бір топ депутаты республикалық салалық кәсіподақ орталық комитеті жетекшісінің өтініші бойынша сол кездегі Премьер-Министр С.Терещенкомен кездесіп, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының құрдымға кеткелі тұрғанын, 220 мың еңбек етушінің жартысы «жұмыссыздар армиясын» толықтыра түсетінін айтып, дереу шара қолдануды талап еткенде, Үкімет басшысы мәселені еш талқыламастан: «Мемлекет бюджеті бұл саланы ұстап тұра алмайды, тұтынушы халық дамып кеткен сырт елдердің жақсы тауарларын алады. Біз алдағы уақытта импортпен ғана жұмыс жасаймыз» деп қош айтысады.
Ақиқаты солай болып шықты. Бүгінде жеңіл өнеркәсібіміз ішкі қажеттіліктің 10 пайызын әрең қамтамасыз етуде, 90 пайыз импортқа тәуелдіміз. Қазір елімізде жеңіл өнеркәсіппен айналыстын 1044 кәсіпорын барын, оларда 13 мыңдай адам еңбек ететінін ресми органдар жариялаған. Өз басым алдыңғы санға күмәнмен қараймын.
Жұмабай ДОСПАНОВ, Атырау қаласы