Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы Орал қалалық №1 емханасы жанындағы «Кезек күттірмейтін» бөлімінің жедел-жәрдем қызметкерлерімен олар қызмет көрсетіп жатқан халықтың жағдайын көру мақсатында кезекшілікке шықты.
Жедел-жәрдем қызметкерлері қала тұрғындарына тәулік бойы шұғыл медициналық көмек көрсетеді және пациенттің өміріне, денсаулығына және жай-күйіне қауіп төнген немесе жазатайым оқиғалар кезінде оқиға орнында және жолда шұғыл көмек көрсетеді. Жедел-жәрдем бригадаларының санитарлық автокөлігі, заманауи медициналық портативті жабдықтармен (монитор дефибриллятор, кардиограф, жасанды желдету аппараты) және медициналық құралдары (босандыру және травматологиялық жиынтық, реанимация үшін жинамалы сөмке және басқалар) жарақтандырылған.
Қазіргі таңда өңірде күніне 40-50 шақырту түседі. Олардың басым көпшілігі дене қызуы, қан қысымының көтеріліп, жүрек аурулары және өзге де себептер. Жедел-жәрдем бригадалары диспетчерден шақыртуды қабылдаған сәттен бастап, пациенттің тұрған жеріне дейін он минутқа дейінгі аралықта жетуі – басты мақсат. Алайда жедел-жәрдем бригадасы діттеген жеріне уақытында жете алмай қалатын кездері болатын көрінеді.
‒ Біздегі шақыртулар кезіндегі ең басты қиындық тудыратын жағдайлардың бірі –жедел-жәрдем көлігіне жол бермеуі. Қазіргі жүргізушілер әдейі жол бермейді. Асығыс жағдайда арнайы сигналдарды, жарық шамдарды қосып, кедергілерге қарамай тура өтуге мәжбүр болатын кездеріміз болады, сол уақытта көбіне жүргізушілер түсінбей қалып жатады. Жүргізушілердің түсіністік танытпауынан шақыртуларға кешігіп жатамыз, ал кешігіп бару науқастың жағдайынының нашарлауына әкеліп соғады, ‒ дейді фельдшер Амандық Талғатұлы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мәселе тек көлік жүргізу мәдениетінде ғана емес, тұрғындардың да жедел-жәрдем қызметкерлеріне кедергі келтіретін жайттар болып тұрады. Жедел-жәрдем қызметкерлерін жалған шақыртулармен жұмысын тежейтіндер немесе агрессивті түрде жағадан алатындар да жиі кездеседі.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы аталған мәселелерді алдағы уақытта партияның іс-шараларында қарау үшін назарға алды.
ЖСДП БҚО филиалы