Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың екінші тоқсанындағы дерегі осындай. Соған қарап-ақ, елімізде азық-түлік, дәрі-дәрмек пен бірінші кезектегі тауарлар үшін банктен жиі қарыз алатын халықтың несиеге батқан үлесі неге көп екені айқын бола бастайды. Бүгін ЖСДП-ның елордалық кеңсесінде сарапшылар қазақстандықтардың несиелік ауыртпалығын қалай жеңілдету керектігін талқылады.
Қазақстанда несие алушылар санының неліктен өсіп жатқанының себебін талдаған ЖСДП-ның сарапшы-талдаушысы Қанат Есжановтың айтуынша, статистиканың ресми деректері бойынша 2023 жылдың екінші тоқсанында халық ақшасының 91,8%-ын тұтыну шығындарына жаратқан, оның ішінде 51,9%-ы азық-түлік өнімдеріне, 22,2%-ы – азық-түлік емес тауарларға, 17,7%-ы – ақылы қызметтерге жұмсалған.
«Адамдар несиені қаржылық сауатсыз немесе ысырапшылдыққа құмар болғандықтан алмайды, халықтың шамамен 60 пайызы табысының 65-ке жуық пайызын тамақ сатып алуға жұмсайтындықтан несиеге жүгінуге мәжбүр болып отыр», - деп атап өтті ол. Сондай-ақ, оның сөзінше, бүкіл әлемде несие берудің өсуі экономика өсімінің көрсеткішіне сай келеді. Ал біздегі жағдай мүлдем басқа.
«Шын мәнінде, бөлшек (розничные) несие адамдарға да, бизнеске де қажет тұтынушылық сұранысты қолдау. Ал Үкімет халықтың несиеге батуын қаржылық сауаттылығының төмен екендігіне сілтей салғысы келеді, бірақ іс жүзінде бұл мемлекеттік басқарудың тиімсіздігінің көрсеткіші. Дамыған елдерде банктің пайыздары нөлге жақын, сондықтан қарызды қайтару аса маңызды проблема емес және іс жүзінде қанша қарыз алсаң сонша сомманы ғана қайтарасың, бұл дегеніміз адамды қолдау», – деп нақтылады Қанат Есжанов.
Ол жылдық 56% шекті мөлшерлеме тым көп екенін атап өтті. Дамыған елдерде несиелеудің жалпы нарығының 70%-ын ипотека құрайды, ал Қазақстанда ипотекалық несие деңгейі 7-8%. «Шын мәнінде, халықтың несие алуға мәжбүр болуының себебі – еліміз толығымен импортқа тәуелді, біз отандық өндірушіні қолдай алмай, ақшамызды өзіміздің тауар өндірушілерге бермей жатырмыз, барлық ақша шетелге кетіп, экономикамыз үшін жұмыс істемей отыр. Сонымен қатар, несиелеудің ұлғаюына әкеліп тұрған тағы екі мәселе – тым аз жалақы мен сұмдық инфляция. 30 жылдан бері өз өндірісімізді дамыту туралы айтып келеміз, тіпті зауыттарды іске қосқандай болғанбыз, бірақ бұл көзбояушылық болып шықты. Экономикамыздағы көрініс осындай болып тұр: несиенің мөлшері бағаның өсуіне байланысты ұлғайып жатыр, ал бұл, өз кезегінде, несие алушылардың қатарын көбейтіп келеді», - деді талдаушы Қанат Есжанов.
ЖСДП партиясының елордалық филиалы халықты несиелендіру мәселесін шешудің жолдарын ұсынды: біріншіден, қаржылық сауаттылықты арттыру, екіншіден, мемлекеттік саясат инфляцияны төмендетуге және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Несие бойынша жылдық ең жоғары шекті ставканы әлемдік деңгейге дейін төмендету қажет, бұл 5-7%, мысалы АҚШ-та бұл көрсеткіш – 5,5%. Несие нарығын реттеу маңызды.
Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктер Ұлттық банктің ақша-несие саясатына тікелей тәуелді екенін мойындау керек. Олар белгілеген 16% базалық ставка тым үлкен, сондықтан оң және теріс жақтарын талдап, толық есептеу жүргізіп, осы шараның қаншалықты ойға қонымды әрі дұрыстығы туралы мәселені қарастыру қажет.
ЖСДП баспасөз қызметі