Күріш институты мемлекеттен қолдау күтеді

Қызылорда қаласындағы «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институты ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосып отырған республикадағы іргелі мекеме. Дегенмен, ғылым жолындағы ғалымдар бүгінде мемлекеттің қолдауына зәру. Биыл базалық қаржыландырудан алынып тасталған «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы» ҒЗИ ұжымы жыл басынан бергі 10 айлық жалақыларын енді алып жатыр. Қаржыландырудың тоқтағанына қарамастан, жанкешті ғалымдар ғылым үшін жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы институттың бүгінгі ахуалына орай ғалымдармен кеңесіп, мәселені пайымдады.

Институт ғылыми жұмыстармен қатар шаруашылық жұмыстарымен де айналысады, яғни егін егіп, жаңа сорттарды өндіріске енгізеді. Мекеменің берешек қарызы да шаш-етектен болғанын, оны оңтайлы жүргізу оңайға айналмағанын айтты институт директоры Самалбек Қосанов.

– Институтқа келген мақсатым, қордаланған проблемаларды шешіп, отандық ғылымның дамуына өз үлесімді қосу болатын. Ең қиыны, бірнеше жылдар (2018-2022ж.ж) бойы жинақталған мердігерлер мен жеткізушілерге, несие серіктестеріне берешек қарыздар (барлығы 177 000 000 теңге) мен сот орындаушыларынан күнделікті келетін хабарлама хаттар және сол кезде ҚР бойынша 13 ғылыми зерттеу мекемесінің базалық қаржыландырудан алынып тасталуы денсаулық пен жүйке жүйесіне қатты әсер етті. Тығырықтан шығу үшін облыстық деңгейдегі көпшілік мекемелердің есігін қағып, ақыл-кеңес, қаржылық көмек сұрап алдарынан өттім. Ішінде Сарсенбаев Марат пен Мақашов Бағдәулетке ерекше алғыс айтқым келеді.

Нәтижесінде, 2023 жылдың 15 наурызында «Ы.Жақаев атындағы Күріш шаруашылығы» ҒЗИ ЖШС мен «Жан-Арай» ШҚ бірлескен қызмет жасау бойынша шарт жасап, қоймадағы 258,520 тонна (тоннасы 300 000 теңгеден) күріш тұқымы сатылып, «Сырдария - 1» несие серіктестігіне институт ғимараты қойылып, алынған 77 556 000 теңге (өсім ақысын қоса есептегенде) төленіп, ғимарат институт меншігіне қайтарылды. 2023 жылы «Ы.Жақаев атындағы Күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС бойынша 820 гектар жерге күріш егіліп, 3698,400 тонна өнім алынды, тазаланғаннан кейінгі өнім көлемі 3328,560 тоннаны құрады (оның ішінде бірлескен қызмет бойынша алынған өнім көлемі – 3240 тонна).

Келісім-шарт бойынша бірлескен кәсіпорыннан 90 000 000 теңге, тәжірибелік стационарға егілген тауарлы күріштен 10 000 000 теңге қаржы түсіп, институт бойынша барлық қарыз (100%) бен он ай бойы айлық алмаған әкімшілік қызмет көрсету персоналының еңбек ақысы толықтай жабылды. Әрине, аталған жұмыстар тек жазу немесе айту үшін ғана оңай. Өндірістік тәжірибемнің жоқтығы, жіберілген қателіктер мен кемшіліктер, кәсіпкерлермен жұмыс жасау, кейбір азаматтардың жолдан тайдырғысы келуі және тағы басқа көптеген қиыншылықтардан өтіп, бір жылдағы жетістік ұлтқа қызмет етудің бір көрінісі деп ойлаймын. Қызмет барысында қолдау көрсетіп, ақыл-кеңестерін аямаған ардагер ағаларым Бакиров Қ, Шермағанбетов К, Таутенов И, институттың «жүрегі» атанып кеткен ғалым хатшы Баймбетова Г, әмбебаб бөлім меңгерушісі Жалбыров А, есепшілер Мәуленова М, Сембаева А. (институттың шынайы патриоттары), ғылым және өндірістік бөлімнің барлық қыз-жігіттеріне үлкен алғысымды білдіремін, – деді институт басшысы.

Селекциялық жұмыстарға қатысты ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, «Маржан» және «Ару» сұрыптарының негізгі авторы Құрманбек Бәкірұлы бүгінде жоғары өнімді шетелдік сорттарды жергілікті жағдайларға бейімдеп, өндіріске енгізу мәселесі көтеріліп жүргенін айтты. Әрине, осы арқылы біздің жерде жоғары өнім бере алатын сұрыптардың мүмкіндігін пайдалануға әбден болады деді.

– Ең әуелі болашақ сұрыптар жергілікті жердің қолайсыз стрестік жағдайларында түрлі сынақтан өтуі қажет. Одан да дұрысы, селекциялық жұмыстарды қамтитын түрлі әдіс жүргізілуі керек.

Жеті-сегіз жылғы ізденістен кейін селекциялық тұқымбақтарда зерттелген жүздеген үлгінің ішінен оншақтысы таңдап алынып, тағы 2-3 жыл бойы конкурстық сынақтан өтуі керек. Осы үлгілердің ішінен болашақ сұрып болуға лайықты 1-2 үлгі мемлекеттік сынаққа беріліп, сонымен қатар өндірістік сынақтан өткені жөн. Селекцияның классикалық, мутагенез, полиплоидия, гаплоидті деген түрлері бар. Қай-қайсысы да – ұзақ жылғы ізденістен тұратын әдістер. Ал біздің топырақта экологиялық сынақтан өтпеген шетелдік сорттардың ауа райы қолайсыз жылдары жетілмей қалуы кездесіп тұрады.

Тіпті осы жағдайлардың әсерінен өнім бермей қалу қаупі бар. Мысалы, қайбір жылы көктемгі қолайсыз ауа райы мен су тапшылығының салдарынан облыста көп көлемде егіліп жүрген Ресейдің «Лидер» сұрпы жекелеген шаруашылықтарда толық піспей қалды, - дейді ғалым.

Ғылыми орталықта маман тапшылығы да сезіледі. Мекемеге жас мамандар келгенімен, ұзақ тұрақтамайды. Мұны қаржы тапшылығына байланысты еңбекақының уақытылы берілмеуімен байланыстырады.
Қаржы тапшылығының қолбайлау болғанына қарамастан, институт ғалымдары алдағы уақытта да жаңа сұрыптар шығаруға иек артып отыр. Қазірдің өзінде күріштен бөлек, арпа дақылының жаңа сорттарын дайындап жатыр. Ғалымдар жаңа технологияларды да қолданысқа енгізуге ынталы. Алайда үлкен нарыққа шығуға мемлекеттен қолдау күтеді.

Жалпы, 90 жылдық тарихы бар ғылыми орталық Вьетнам мемлекетімен, Корей, Филиппин, Ресей елдерімен ішінара болса да, тығыз әріптестік байланыста жұмыс жүргізуде. Осылайша, алыс-жақын шетелдермен байланысты үзбей, мүмкіндігінше тәжірибе алмасып келеді. Сондықтан институт тарапынан еліміздің ғылым саласын өркендетуге бетбұрыс жасалып, мекемені базалық қаржыландыру мәселесі оңтайлы шешімін тапса деген талабын жеткізді. Қазіргі ахуал түзелсе, шетелдермен әріптестік байланысты бұдан әрі нығайтып, өміршең жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалы

Смотрите также:
Депутатские запросы
22.04.2024
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Премьер-Министру РК Олжасу Бектенову по вопросам водного канала имени К. Сатпаева
22.04.2024
Наурыз Сайлаубайдың Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ипотекалық бағдарламалар жөнінде жолдаған депутаттық сауалы
13.03.2024
Біздің депутаттық сауал Премьер-Министр О.А.Бектеновке
13.03.2024
Депутатский запрос А.Сагандыковой Премьер-министру О.А.Бектенову
31.01.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевқа депутаттық сауал
31.01.2024
Депутатский запрос члена фракции ОСДП Ажар Сагандыковой Министру просвещения РК Гани Бейсембаеву
24.01.2024
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Р. СКЛЯРҒА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
17.01.2024
Депутатский запрос А.Рахимжанова Министру труда и социальной защиты населения РК Жакуповой С. К.
27.12.2023
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Министру здравоохранения. Министру труда и социальной защиты