Жақында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Абай облыстық филиалының ұйымдастыруымен медицина-фармацевтикалық саласының мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға Астана қаласынан арнайы келген партиямыздың Саяси кеңес президиумының мүшесі, Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Талғат Омаров және Семей қаласындағы дәріхана бизнесінің кәсіпкерлері қатысты.
Талқыланған мәселенің бірі – дәріхана ұйымдары үшін GPP стандартына сәйкестікті енгізу.
Дәріхана практикасы стандарты (GPP) Қазақстан халқына көрсететін фармацевтикалық қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз етуі үшін әзірленген. Соған сәйкес, дәріхана тәжірибесіне және сапаны басқару жүйесін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгілейді.
Алайда бұл талаптарды енгізу кәсіпкерлерді, әсіресе шағын бизнесті қосымша қаржылық шығындарға ұшыратып, онымен қоймай банкроттыққа әкеліп соғуы мүмкін екен. Осыған байланысты халық пен билікке жағдай жасайтын ірі ойыншылардың нарықты монополиялау қаупі бар деп алаңдауды дәріхана бизнесінің кәсіпкерлері.
Іс-шара барысында Талғат Омаров 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, дәріханалар үшін GPP стандартына сәйкестік талабы міндетті болғаны жөнінде айтып өтті.
«Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум бар. Партияның негізгі үш қағидасы: бостандық, әділеттілік, ынтымақтастық. Осы қағидаға байланысты қауымдастық үш жылдан астам уақыт партиямен бірлесіп жұмыс істеп келе жатыр. Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының мақсаты – Қазақстан Республикасының фармацевтикалық бизнес өкілдерінің мүддесін білдіру. Қазіргі кезде шешілмей келе жатқан күрделі жағдаяттар баршылық екені жасырын емес. Осы салада Денсаулық сақтау министрлігінің барлық талабы мен бұйрығына байланысты шешімдерді реттеуді және инспекциялық бақылауды (GPP) Қазақстан Республикасының фармацевтикалық тәуелсіз қауымдастықтарына беру керек», – деді Талғат Омаров.
Қаржылық шығындарды болдырмауына және алдын алу керектігі жайында дөңгелек үстелдің қатысушылары ұсыныстарын айтты: Кәсіпкер Лариса Слободян «Инспекциялау талаптарын – тиісті дәріхана практикасы стандартын (GPP)» қайта қарастыруды ұсынды және де басқа қатысушылар қолдады.
ЖСДП Абай ауданы бойынша филиалының төрағасы Рүстем Сарманов дәріханалық практика стандарты (GPP) мәселесіне қатысты өзінің ой-пікірін ортаға ұсынды. Нақтырақ айтсақ, инспекцияның басталуын 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартуды және тиісті дәріхана практикасы стандартын ( GPP) қайта қарастырса деген ойымен бөлісті.
Бүгінгі күні Абай облысының фармацевтикалық қызмет субъектілері тиісті дәріхана практикасы стандартының сәйкестігіне инспекциядан өтіп жатыр. Стандарттарға сәйкестікке дайындық, өзін-өзі бағалауды жүргізу кезінде дәрілік заттарды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын ұйымдар фармацевтикалық қызметтердің тиісті сапасын белгілі бір стандартқа жеткізуге ұмтылады деген сенім білдіреміз.
ЖСДП Абай облыстық филиалы Рүстем САРМАНОВ