Сауда және интеграция министрлігі қазіргі кезде Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауында жатқан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасына жаңа өзгертулер ұсынды. Бұл туралы бүгін партияның орталық аппаратының кеңсесінде өткен ЖСДП фракциясының депутаттарымен кездесуде Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Болат Танабергенов айтты.
Себебі, ведомствоның мәліметінше, электрондық сауда сегментінде қазақстандық тұтынушылардың шағымы көбейген. Қаңтар-қыркүйек аралығында тұтынушылардың құқығын қорғау органдарына 6 жарым мың шағым түсіпті, ал 2022 жылдың тоғыз айында 1,7 мың шағым болған: бұдан төрт есеге көбейгенін көріп отырмыз.
«Біз электронды сауда алаңында онда сауда жасайтын әрбір сатушымен шарт жасасуды ұсынып отырмыз. Онда тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнаманың нормаларын сақтау қажет деп жазылады. Қажет болған жағдайда, маркетплейстер сатушыларға шара қолдана алады», – деп түсіндірді Болат Танабергенов.
Оның сөзінше, егер шарт жасалған бизнес субъектісі тұтынушылардың құқығын бұзатын болса, онда уәкілетті орган электрондық сауда алаңы арқылы сол кәсіпкерге шығып, оны әкімшілік жауапкершілікке тарта алады.
«Wildberries және Kaspi дүкені бойынша біз бірнеше рет кездесу өткіздік. Қазіргі таңда шағым саны азайды. Бізде WhatsApp-чаты бар, әрбір мәселені ресейліктер арқылы шағым бойынша шеше аламыз. Енді біз электрондық сауда алаңының деректерін кәдімгі сауда объектілеріне теңестіруді сұрап отырмыз, бұл болашақта оларды жауапкершілікке тарта алуымыз үшін және тұтынушыларымыздың құқығы бұзылмауы үшін керек», – деп атап өтті төрағаның орынбасары.
Жыл басынан бері Wildberries маркетплейсімен бірлесіп 645 шағым қаралды және жалпы сомасы 31 млн теңгеге адамдардың құқығы қалпына келтірілді.
Оның айтуынша, жақында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында жиын өтіп, онда электрондық сауда алаңдарының өкілдері Мәжіліс депутаттарының қарауына қосымша ұсыныстар енгізіп жатқанын хабарлады. «Бүгінгі таңда біз қандай да бір өзгерістер енгізе алмаймыз, тек біздің құрметті депутаттарымыз ғана электрондық саудаға қатысты қандай да бір түзетулер енгізе алады», – деп атап өтті ол.
Фракция депутаттары Асхат Рақымжанов, Нұрлан Әуесбаев және Ажар Сағандықова ведомство заң жобасына ұсынған өзгерістерге қатысты сұрақтар қойды. Олар заң жобасының салыстырмалы кестесіне бірқатар түзету енгізуге ниет білдірді.
ЖСДП баспасөз қызметі