Маңғыстау облысында қызылша ауруы азаймай тұр

Маңғыстау облысында қызылша ауруы әлі де өршіп тұр. Өңір бойынша қызылшамен ауырған 384 науқас тіркелді, оның 281 амбулаториялық жағдайда ем алып жатыр, ал қалған 103 науқас стационарлық көмекке жүгінген. Соның ішінде, Маңғыстау көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде қазіргі таңда 47 бала ем алып жатса, 2 бала жан сақтау бөлімінде жатыр. Яғни, бұл көрсеткіш аурудың эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз екенін көрсетеді.

«Нейрон» емханасының бөлім меңгерушісі, Маңғыстау облысы көпбейінді балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Күнсұлу Жанзаққызы ауру әлі де өршу сатысында екенін айтады.

«Қазақстан Республикасында қызылша ауруымен 1700-ге жуық науқас тіркеліп отыр, бұл көрсеткіш эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз болып тұрғанын айқындайды. Қызылша қоздырғышының адам ағзасына тигізетін кері әсері өте көп, сондықтан тұрғындар арасында қызылша қоздырғышы туралы түсінік жұмыстары жүргізілуі маңызды. Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының көтерілуі, дененің әлсіздігі. Яғни, бұл ауру «ОРВИ», «ЖРВИ» аурулары секілді, ал 7-8-ші күндері денеге қызылшаға тән бөртпелердің пайда болуымен сипатталады», ‒ деді инфекционист дәрігер.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды қалпына келтіру үшін аурудан сақтану жолдарын білу қажет. Кез-келген дерт жеке бас гигиенасынан басталады. Қазір ҚР бас санитар дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы 7 қаулысына сәйкес, жаппай иммундау жүйесі жүргізіліп жатыр.

«Баласына қызылшаға қарсы 1-6 жас арасындағы екпені алмаған адамдар иммундау жүйесі арқылы екпе ала алады. Қызылшаның алдын-алу жолы – дер кезінде екпе алу», ‒ деді Күнсұлу Жанзаққызы.

Мадина Төрешова

ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы

Смотрите также: