Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаттары мен партия белсенділері елордада Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаевпен кездесті.
Дөңгелек үстел басындағы әңгіме Маңғыстау облысындағы халықты толғандырып отырған мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын іздеу төңірегінде өрбіді. Оның ішінде Каспий теңізінің тартылуы, зауыттар салу, кадр тапшылығы талқыланды.
«Өңірдегі бірінші кезектегі мәселе – жұмыссыздық. Оны шешу үшін өңірде үлкен зауыттар салу керек. Бұл кезекте, жаңа технология, цифрландыру дамып жатқанын да ескеру керек. Яғни, бұрын 4 адам істейтін жұмысты қазіргі таңда 1 адам ғана атқарады. Осыған орай, біз қазір жастарды дуалды оқыту жүйесіне мән беріп отырмыз. Жастар теориялық білім алып жүріп, кәсіпорындарды кәсіптік тәжірибе жинай беруі тиіс. Соның арқасында тар ауқымды мамандар даярланып шығады. Сондай-ақ, Каспий теңізі тартылып, су өз деңгейінен төмен түсіп жатқанына байланысты теңіз кемелері порттарға жете алмай қалып жатыр. Сондықтан тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр», - дейді Жаңбырбай Матаев.
Өз кезегінде ЖСДП төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Рақымжанов партия қоғамдағы халыққа ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге даяр екенін жеткізді.
«Партия оппозициялық болғанына қарамастан, біз бірінші рет Парламентке өттік. Бұл – біз үшін тарихи жетістік. Диалог табу, әртүрлі сұрақтар бойынша өзара қарым-қатынас орнату біз үшін маңызды. Қоғамдағы өзекті мәселелерді бірге көтеріп, Парламент қабырғасында қозғауға, өзіміздің қолымыздан келер көмегімізді тигізуге қашан да әзірміз», - деп атап өтті депутат.
ЖСДП БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ