Маңғыстаулық жұрт қымбатшылыққа наразы

ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы әр айдың басында дүкендердегі азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізеді. Бұл жолы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің қымбаттағанын байқадық. Орталықтағы дүкендерге барып, 5-6 адамды әңгімеге тартып көрдік, көбінің қазіргі уақыттағы бағаға көңілі толмайды. Тұтынушылар соңғы ай ішінде сүт, нан, жұмыртқа бағасының едәуір өскенін айтты.

Ал саудамен айналысатын жеке саудагерлердің сөзіне сенсек, өнімдердің бағасына тек 15 пайыз ғана қосатынын мәлімдейді. 21 жыл бойы саудамен айналысып келе жатқан Марал есімді саудагер азық-түлік бағасының шарықтауына жеке кәсіпкерлерге кінә тағу қате екенін жеткізіп отыр.

‒ Тауарды жеткізушілер әр ай сайын өнімді қымбат алып келеді. Соған байланысты өнімнің құнына тек 10-15 пайыз қоса аламыз. Одан артық қосатын болсақ, тұтынушыларымыздан айырыламыз. Оның үстіне, тұтынушылардың негізі өзіміздің көршілеріміз, ‒ дейді саудагер Марал.

Тұтынушылардың айтуынша, келетін өнімнен ең бірінші нан, одан соң қант қымбаттайды. Саудагерлер тұтынушылардың шағымына: «Қымбатшылық біздің кәсібімізге де кедергі болып тұр. Бір айлыққа қарап отырған халықты біз де ойлаймыз. Өнім құнына 10 пайыз қосқанның өзінде де, оның 4 пайызы салық пен комиссия төлеуге кетеді. Сонда біздің қолымызда қалатыны небары 5 пайыз ғана. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауар да күнделікті тексеріледі», ‒ деп жауап қайтарды.

Аты-жөнін атаудан бас тартқан дүкенші соңғы ай ішінде сүттің бағасы шарықтап кеткенін айтты. – Өткен айда ең арзан 1 литрлік сүтті 333 теңгеге алып, дүкенімізде 370 теңгеге сатсақ, енді бізге сүт 383 теңгеден келіп тұр. Оны 405 теңгеге сатуға мәжбүрміз. Кондитерлік өнімдер де сәл қымбаттады. Нан бағасы 5 теңгеге көтерілді. Ал балалар жейтін тәтті тоқаштарды кіші түрін өнім шығарушылардан 100 теңгеге алып жүрген болсақ, қазір олар дүкенге 200 теңгеден келіп тұр.

Тауарды жеткізушілерге өнімнің 2 есе қымбаттағаны жайында өзіміз де шағымданғанбыз, – дейді ол. Кәсіпкер Марал Нұрлыбекқызы бағаның шарықтауына өздерінің емес, оларға келетін тауарлардың қымбат болатынына байланысты екенін алға тартты. Ал үлкен тасымалдаушы серіктестіктер қазіргі таңда өнімдерге бағаны барынша аз қоятынын мәлімдеп отыр.

‒ Егер баға қымбат десеңіз, алдымен көлікке салынатын салықтың мөлшерін төмендетіңіз. Одан бөлек, жолға кететін жағар-жанармай бағасы да күн санап артуда. Көлік бұзылмай тұрмайды, оған кететін жабдықтар бізде қымбат. Көліктің жүйелі түрде жиі ауыстыратын майы, дөңгелектер де арзан емес. Тиісті органдар осының барлығын қадағалайтын болса немесе осы өнімдер өз елімізде шығарылатын болса, арнайы зауыттар ашылса, бізге тиімді бағамен бізге сатылса, тауар бағасы шарықтамайтын еді, ‒ деп мән-жайды түсіндірді тасымалдаушы серіктестік өкілі Бекен Мақсатұлы.

ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы Мадина Төрешова

Смотрите также: