Жуырда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалында медиация саласындағы түйткілдерді, бітімгершілік мәртебесін арттыру бағытындағы әдіс-тәсілдерді жетілдіруге бағытталған «Медиация: практикалық шешімдерді іздеу, құқықтық аспектілер, отандық және жаһандық тәжірибе» атты идеологиялық блог отырысы өтті. Оған медиация саласының мамандары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, адвокаттар, әкімдік өкілдерімен қатар қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты.
Медиация қазаққа жат емес, ежелден ата-бабалардың ізімен, билердің көзімен келе жатқан ұғым.
Дегенмен бүгінгі қоғамда медиация саласын кеңінен ақпараттандыру, медиаторлардың білім-біліктілігін көтеру және медиаторлардың салық төлеп жатқаны жиынның басты тақырыптарына айналды. Пікір қайшылықтарына толы ұсыныстарды бағамдап отырып, қоғамда медиацияға сұраныстың барын аңғардық. Дегенмен, мемлекеттік тапсырыстар аясында атқарылған жұмыстар көзге көрінбейтіндей. Медиация саласын ақпараттандыруға қатысты облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы Шакизат Абдрахманова кәсіби мамандардың шақыртуымен оқыту-семинарлары, конкурстар жүргізілгенін, әлеуметтік желілерде салаға қатысты жұмыстар белсенді түрде жарияланатынын тілге тиек етсе де, жалғыз мекеменің өзіне жүктелген міндеттерден жаппай нәтиже беруге шамасы жетпейтіні белгілі. Осыған орай, салаға қатысты мемтапсырысты ұлғайту қолға алынса, ақпараттық жұмыстардың нәтижесін көрер едік.
«Ақиқат нұры» ҚБ төрағасы Маратбек Нұржанов аймақта білікті, білімді мамандардың аздығын, бірақ қолында сертификаты бар, яғни саны бар сапасы жоқ мамандардың көбейгеніне алаңдайтынын айтады.
«Кәсіби медиатор болу үшін арнайы оқудан бөлек, сертификат алу үшін Әділет департаментінен тексерістен өтіп барып, маман болуы керек. Сонда ғана сапа болады», ‒ дейді М.Нұржанов.
Келесі көтерілген мәселе медиаторлардың салық төлеуі жайында болды. Жалпы бұл салада түсініспейтін біраз жайтқа кезіктік. «Медиация туралы» ҚР Заңының 9-бабы 5-ші тармағында «Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды» делінеді. Бірақ салықшылар салық төлеуді міндеттеп отыр дейді медиаторлар. Яғни, салықшылар медиаторды адвокаттар секілді мол табыс табады деп тұжырымдауы мүмкін. Бірақ өз қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын медиаторлар медиацияны ақылы немесе тегін жүзеге асырса, кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлар медиацияны тегін атқарады. Сондықтан бұл сауалдарды алдағы уақытта салықшыларға жолдайтын боламыз.
Иә, медиация саласының рөлі өте маңызды, сотқа дейінгі дауларды реттеп, бітімгершілікке апаратын таптырмайтын тәсіл. Бірақ, бұл салада да өзіндік шикіліктер мен олқылықтары бар. Уақыт өте келе бұл мәселелер ұлғая түспесіне кепіл жоқ. Осыған орай, ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы жиынның қорытындысында тиісті шешім шығарды.
Медиаторлар құқығын айқындап, нығайту мақсатында Парламенттегі ЖСДП фракциясының депутаттарының назарына ЖСДП ҚОФ шығарған шешім негізінде Әділет министрлігі жанынан «Мемлекеттік медиаторлар коллегиясын» құрып, жеке-жеке ұйым боп кеткен медиаторларды біріктіріп, орталықтандыруды және медиация саласына мемлекеттік тапсырыстар аясын кеңейтуді ұсынамыз!
Партияның облыстық филиалы кез-келген мәселенің өзекті шешімін сала мамандарымен, сарапшылармен идеологиялық блок құрамында шешуге әрқашан ашық. Халықтық түйткілдерді Біз бен Сіз болып шеше білсек, қоғамда бәрі айқын болады.
ЖСДП ҚОФ төрағасы Нұрбек Дәуренбеков