Қазіргі таңда су әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Кейбір өңірлерде де су тапшылығы сезілуде. Кешегі Жамбыл облысындағы құрғақшылықтың қайталанбауына кім кепіл? КСРО кезінде жайылымдық жер бәріне жетті, сол жер қазір неге жетпейді? Қай әкім жерді пайдаланудың ғылыми негіздемесіне жүгініп отыр? Солтүстік облыстардағы құнарлы жерді қалай құртып жатырмыз? Көрші елдермен су бойынша келісім шарт қаншалықты деңгейде орындалып жатыр? Маңғыстаудағы су проблемасын қалай шешуге болады? Күні кеше ЖСДП-ның Алматы қалалық филиалында осы сынды сұрақтар төңірегінде әрі мегаполистегі су мәселесі талқыланған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға гидротехник, қоғам қайраткері Нариман Қыпшақпаев, техника ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Байбатша, ауыл шаруашылығы маманы, қоғам қайраткері Сайлыбай Бекболатов, мәдениеттанушы Бердалы Оспан, қоғам қайраткері Қанат Динасилов, құрылыс маманы, қоғам қайраткері Салауат Дембай, мәдениеттанушы Балнұр Қыдырбекова, саясаттанушы Жандос Уәлихан және ЖСДП белсенділері қатысты.
Гидротехник Нариман Қыпшақбаев: «Кез келген аймақ сусыз гүлдене алмайды. Сондықтан суды үнемдеудің, су ресурстарын басқарудың, есепке алудың, қорғаудың ең озық технологияларын енгізуге ерекше назар аудару қажет. Оның үстіне, бүкіл әлемде тұщы судың көлемі тұрақты мөлшерде және жыл сайын оған деген сұраныс халық саны мен ел экономикасының өсуімен бірге өсіп келеді. Сондықтан кез келген мемлекет бұл мәселемен белсенді түрде айналысып, болашақта даму үшін су жеткілікті болуы керек. Ал ол үшін заманауи технологияларды меңгерген, экономикалық және экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, су мәселесінің шешімін қазіргі жағдайда көре алатын жан-жақты дайындалған мамандар қажет. Өйткені мұндай қызметкерлер өнеркәсіпті, энергетиканы, кеме қатынасын, ауыл шаруашылығын, экологиялық қажеттіліктерді, халықты сумен қамтамасыз етеді», – дейді.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстандағы өзендердің жартысына жуығы трансшекаралық. КСРО ыдырағаннан кейін республикамыз барлық көршілес елмен, соның ішінде Қытаймен, Ресей Федерациясымен, Қырғыз Республикасымен және Орталық Азияның басқа да елдерімен су ресурстарын бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімге келді. Әр елдің су бойынша үлесін де бірлесіп анықтадық. Су мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешілуі керек. Бұл тұрғыда, жақында Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғаны құба құп.
Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, су алабы КСРО территорияларын бөлу кезінде жасалып, қажетті келісімдерге қол қойылған. Бізге келісім-шарттар бойынша барлық тараптың міндеттемелерінің орындауын бақылау қажет.
«Алматы қаласы туралы айтатын болсам, ең алдымен, қаланың айналасындағы өзендерге назар аудару керек. Өкінішке қарай, олардың көбісі маусымға дейін құрғап қалады. Сондықтан олардың қала үшін айтарлықтай пайдасы жоқ. Сондықтан жерасты суларына мән беруіміз керек», – дейді профессор Әділхан Байбатша.
Қорыта айтар болсақ, бұл тақырыпта республикалық деңгейде комиссия құрылуы керек деп санаймыз. Ғалымдардың айтуынша, халық арасында суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру, ысырапты азайту, суды ластамау керектігін насихаттауымыз керек. Тұщы судың құны арта беретіні сөзсіз, ендігі кезекте су көздерін қалай сақтаймыз деген ой бәрімізді мазалауы тиіс. Сондай-ақ, кез келген мәселенің шешімі бар, ол үшін тізгінді іске кірісетін мамандарға ұстатқан жөн.
ЖСДП Алматы қалалық филиалы