Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы сақталып жүр ме?

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік қамсыздандырылуы мәселесі талқыланды.

Іс-шара барысында қоғамда жүріп-тұру үшін ерекше қажеттілігі бар жандарға жағдай жасау, әлеуметтік қолдау көрсету бойынша ұсыныс-пікірлер болды. Мәселен, қазіргі таңда ауылды жерлерде тұрып жатқан мүгедек азаматтарға инватаксидің қызметі қолжетімсіз болып отыр, сондай-ақ, кейбірі заманауи протезге мұқтаж және өмір сүруді қиындататын басқа да кедергілер баршылық. Заңгер Төлеген Қасеновтың айтуынша, елімізде жасалатын аяққа арналған протездік-ортопедиялық бұйым қимыл-қозғалыс жасау үшін қиындық туғызады әрі салмағы ауыр, ал шетелдік протез ыңғайлы болғанымен, оны сатып алуға бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Сонымен қатар, қазір көзге арналған протезге де сұраныс жоқ емес. Алматыдағы Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына ем алу үшін кезекке тұрудың өзі мұң екенін айтып шағымданды. Басқа өңірлерде мұндай институт жоқ, ал көзіне ем жасатқысы келген жандарға Алматыға барып тұру қиын дейді ол.

Ал депутат Нұрлан Сатыбалдыұлы: «Біздің елде мүгедектігі бар адамдар үшін қалалық жерлерде жағдай жасалып жатқанымен, ауылды елді-мекендердегі азаматтар кейбір мүмкіндіктерден құр қалып жатады. Түкпір-түкпірдегі ауылдарда хабар-ошарсыз қалып жатқан көмекке мұқтаж жандар қаншама?! Мысалы, инватакси қызметінің игілігін көре алмай қалып жүргендер аз емес. Бұл мәселеге терең үңіліп, ғылыми тұрғыдан талдау жасағанымыз жөн», − деді.

Бұл мәселе қашанда ЖСДП-ның назарында екенін және депутат ретінде де осы бағыттағы жұмысын ары қарай жалғастыра беретінін айтты.

Осыған орай, жақында Қазақстан Республикасы Парламентінің «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы құрылған болатын. Депутаттық топ қызметінің мақсаты – елімізде инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу, сондай-ақ мүгедектердің құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы заңнамалық қамтамасыз етуді үйлестіру. Сенаторлар мен мәжілісмендерден құралған бұл топта 19 азамат бар, соның қатарында Мәжілістегі ЖСДП-дан депутаттар – Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова және Наурыз Сайлаубай. «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобынан отырысқа қатысқан Ерлан Әбдиев: «Біз мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қорғау мен инклюзивті қамтамасыз ететін заңнамалық базаны жақсартуға байланысты мәселелерді қарауға міндеттіміз. Біз олардың қоғамдық өмірге толыққанды қатысуына келтіретін кедергілерді жою үшін жұмыс істеуіміз керек. Біздің міндетіміз − қолдау шараларын нығайту мен барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктер жасау. Біз оңалту және оқыту бағдарламасын жетілдіруге, сондай-ақ, оларға өз әлеуетін іске асыруға көмектесетін технологиялар мен қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуіміз керек», - дейді.

Ал депутат Ислам Сұңқар мүгедектігі бар азаматтар қажетті қызметтер мен техникалық заттарды өздері таңдай алуы үшін оларға мемлекеттен бөлінетін қаражатты ваучер түрінде беру керек деген ойын жеткізді.

«Мысалы, біздегі бар ақпаратқа сәйкес, елімізде бірінші топтағы әрбір мүгедек азаматқа жылына 4 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бірақ ол қаражат қайда жұмсалып жатыр? Мүмкіндігі шектеулі жандар өзіне қажетті заттарды алу үшін арнайы порталдарға өтініш қалдырады. Бірақ кейінгі кездегі қызметтердің немесе техникалық құрылғылардың сапасы нашар және таңдау да жоқ. Портал арқылы жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер мүмкіндігінше арзан заттарды қоюға тырысады. Егер мүгедектігі бар азаматтарға портал арқылы емес, керісінше қолдарына мемлекеттен бөлінетін қаражат көлемінде арнайы ваучер беретін болсақ, бұл әрбір адамның өз өмірін қалпына келтіруге септігін тигізеді деп білемін. Сондай-ақ, монетизациялау мәселесін реттесек, мүгедектігі бар азаматтардың алып жатқан қызметінің сапасы артады әрі таңдауға мол мүмкіндік туады. Бұдан сыбайлас жемқорлық азаяды және нақты нарықтық жүйе қалыптасады. Тауар ұсынған әрбір кәсіпкер «мені таңдаса екен» деп, сапалы жұмыс жасайды деп санаймын. Себебі қаражаттың бәрі мүгедектігі бар азаматтың қолында болмақ», - деді Ислам Сұңқар.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы
02.05.2024
Наурыз Сайлаубайдың Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ауыл шаруашылығы техникасы бағасының өсуіне қатысты жолдаған депутаттық сау
22.04.2024
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Премьер-Министру РК Олжасу Бектенову по вопросам водного канала имени К. Сатпаева
22.04.2024
Наурыз Сайлаубайдың Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ипотекалық бағдарламалар жөнінде жолдаған депутаттық сауалы
13.03.2024
Біздің депутаттық сауал Премьер-Министр О.А.Бектеновке
13.03.2024
Депутатский запрос А.Сагандыковой Премьер-министру О.А.Бектенову
31.01.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевқа депутаттық сауал
31.01.2024
Депутатский запрос члена фракции ОСДП Ажар Сагандыковой Министру просвещения РК Гани Бейсембаеву
24.01.2024
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Р. СКЛЯРҒА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
17.01.2024
Депутатский запрос А.Рахимжанова Министру труда и социальной защиты населения РК Жакуповой С. К.