МӘМС жүйесі халыққа тиімсіз болып тұр

2020 жылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша жұмыс істеп келеді.

Мемлекет есебінен сақтандырылған жеңілдікті санатқа келесі азаматтар кіреді: • 18 жасқа дейінгі балалар; • жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; • бала үш жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар; • жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, сондай-ақ баланы үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты демалыста жүрген адамдар; • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар; • мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар; • бала кезінен мүгедектерге күтім жасаушылар; • мүгедектер; • зейнеткерлер мен ҰОС ардагерлері; • орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар; • жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар; • жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар; • жұмыс істемейтін қандастар; • қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар; • тергеу изоляторларындағы адамдар.

Егер сіз көрсетілген санаттардың біріне кіріп, бірақ сақтандырылмаған болсаңыз, онда растайтын құжаттардың тізімін жинап, оларды ХҚКО-ға ұсыну қажет. Құжаттар ақпаратты растау үшін мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

Алайда медициналық қызметті пайдалану жеңілдеген жоқ – сақтандыру қаржысы есебінен көмек ала алмаған жұрт жеке клиникаларға қаралуға мәжбүр. Адамдар нашар жұмыс істейтін МӘМС-ке бір рет, басқа дәрігерге барғаны үшін тағы да ақша төлеп отыр.

2024 жылы қаңтарда денсаулық сақтау министрлігі талқыға шығарған заң жобасы халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне деген наразылығын күшейте түсті. Қазақстандықтар МӘМС жүйесі пайда болғалы бергі төрт жылда жиналып қалған ашу-ызасын бір демде шығарғандай көрінді.

– Түбегейлі қарсымын. Біздің медицина халықтан мұндай ақша алатындай деңгейге әлі жеткен жоқ. Жақында емханаға барып, баланы ЭКГ-дан өткізгіміз келген. Спортпен айналысу үшін анықтама керек болды. Ол жақтағылар: «Барыңыз, жеке емханадан өтіңіз», – деп ашық айтты. Қай емханаға барсаң да, тозаққа түскендей боласың. Қалтамызды қағып алу үшін тағы не ойлап тапсақ екен деп отыратындай, – дейді өзі тіркелген емханасына ем қабылдау үшін келген Айжан Алпамысқызы. Олардың ішінде зертханалық және диагностикалық қызметтер алуға жолдама беруден бас тарту, салалық дәрігерлерге жолдама алу қиындығы, тегін дәрі-дәрмек алу кезінде Қазақстан азаматтары жиі тап болатын кедергілер, МӘМС бойынша азаматтарды қабылдауға келісетін қажетті мамандардың болмауы сияқты мәселелер бар.

– Басты қатырып жібереді. Мысалы, бірден невропотологқа баруға болмайды, алдымен терапевке жазылады, жолдама алады. Ол жолдаманы алу үшін бір жылдық сақтандыру төлемі төленуі қажет, егер бір айы төленбеген жағдайда, терапевттің базасында сала дәрігеріне жолдама берілмейді. Сосын кезек күтеді, одан кейін қажетті маманға кіру үшін кезекте отырады, осылай шыр айналдырады.

Аяғында ем-домың апталап созылып кетеді, ауырғаныңды ұмытып қаласың, – дейді наразы тұрғын.

40 жастағы ана Гүлжан Әскербекова да: «Емханада УЗД-ның кейбір түрі жоқ. Ол үшін ақылы емханаға барамын. Былай қарағанда, мен ай сайын МӘМС жарнасын төлегеніммен қоса, тексерілу үшін дәрігерлерге тағы ақша төлеп отырмын», – деп МӘМС жүйесіне наразы. Міндетті процедура болғандықтан, сақтандыру қорына ақша төлеп жүр, бірақ тіркелген емханасының қызметіне ешқашан жүгініп көрмегенін айтады.

  • Ақша жасау үшін ойлап тапқан, жүйенің жұмысы қате. Тегін медициналық көмек деп қояды, бірақ шын мәнінде емхананың жабдықтары ескірген, қан талдамаларын алу үшін сағаттап кезек күтесің.
  • Тура сол баяғыдай, тек қазір сол үшін ақша төлейсің, – деп базынасын айтты Гүлжан. Оның МӘМС жүйесімен берілетін медициналық қызметтерге сенбеуінің себебі бар. Осыдан бір жарым жыл бұрын емхана оған ауыр дертке шалдықты деген диагноз қойған, бірақ қайта тексерілу үшін барған жеке емхана алғашқы диагнозды теріске шығарған. Қосымша тексерілу үшін Гүлжан жарты миллион теңге жұмсапты. «Бұл жүйенің қажеті қанша сонда?» – дейді ол түсінбей.

МӘМС жүйесі елге сапалы ақылы медициналық қызмет көрсету үшін немесе мемлекеттің қазынасын толтыру үшін ойлап табылған жүйе ма? Елімізде тегін медициналық қызмет алу енді ешқашан болмай ма?

ЖСДП Шымкент филиалы

Смотрите также: