Бір ай бұрын Мәжіліс депутаты, ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжановтың Солтүстік Қазақстан облысы сайлаушыларымен кездесуі барысында еліміздің Оңтүстік өңірінен «Еңбек» бағдарламасы арқылы Cолтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданына қарайтын Чистов ауылдық округінің құрамындағы Пролетарка ауылына көшіп келген Ақерке Кемелбекова мұнда не су, не жүретін жол, не жарық жоқ екеніне шағымданған болатын.
«Пролетарка ауылында су да, жарық та жоқ. Жол да жасалмаған, аяқ алып жүру мүмкін емес. Мәселен, су мұнарадан сағат 12 мен 2 аралығында ғана беріледі. Ол уақытта барып алуға үлгермей қаламын. Өйткені оқушы балаларым бұл кезде сабақта болып, өзім кішкентай қыздарыммен қалғандықтан, үйден шыға алмай отырамын», - деген Ақерке Кемелбекова содан бері арада бір ай өткенімен, аталған мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппағанын айтты.
Алты бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Шымкенттен көшіп келген. Оңтүстіктен Солтүстікке көшіру бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгендер өңірдегі жағдайдың мақтауын асырғанымен, іс жүзінде олай болмай шыққанына ренжіді.
«Бұл жердің табиғатының тамаша екеніне сөзім жоқ. Мұндағы кемшілік, әкімдік жергілікті халықтың игілігі үшін жұмыс істемей жатқаны қынжылтады. Мемлекет жаңа Қазақстан құрып жатырмыз дегенімен, оның дәл қазіргі сәтте көлеңкесі де көрінбей тұр. Бір ай бұрын депутат Асхат Рахымжановпен кездесу кезінде ауыл әкімі берген уәделердің ары кетсе 15 пайызы ғана орындалды. Су жергілікті халықтың шамамен 50 пайызына ғана тартылды», - дейді Ақерке Кемелбекова.
Айтып кету керек, өткен айда Чистов ауылдық округының әрі Пролетарка ауылының әкімі Рашид Хасенов халыққа су тартуға биыл бюджеттен 10 млн теңге бөлінгенін, тендерді ұтқан «Су-Инжинириг» компаниясы ауыл бойынша су құбырларын жүргізе бастағанын, сол кездің өзінде мың шақырымға созылып жатқан құбыр салынғанын хабарлаған. Дегенмен, Ақерке Кемелбекова жеке компания су тартып берудің тарифын қымбат бағалағанына қапалы.
«Жергілікті жұртқа су тарту үшін жеке компанияға үкіметтен 10 млн теңге бөлінді, оған қоса осындағы бір фермер 3 млн қосты, сонда барлығы 13 млн теңге. Ал суды әр адамның үйіне кіргізіп бергеніне тұрғындар өз қалтасынан ақша төлейді. Оқу жылы таяп келе жатқандықтан, 4 баламды мектепке және екеуін балабақшаға дайындау керек болғандықтан, ең болмаса, су жеткізу құбырының ақшасын бөліп төлейін деп өтініш айтқан едім, компанияның өкілдері теріс бұрылып кетіп отырды. Мұнда көп балалы, мүгедек бала асырап отырған отбасылар бар. Біз құбырды тегін жасап берсін деп жатқан жоқпыз, бірақ оның құнын бөліп төлеуді сұрағанымызға да келіспеуде. Оған кем дегенде 150 мың теңге кетеді. Ертең қыс болғанда, кім бізге су жеткізеді? О баста әкім Рашид Хасенов үйге дейін жүргізілетін құбырдың метрін 3 жарым мың теңгеден асырмаңыздар деген еді. Ал компания келді де өз тарифын қойып алды. Мысалы, 40 метрге де жетпейтін құбыр үшін көршімнен 150 мың теңге алды. Бір метр 3500 теңге болғанның өзінде төлем 50-60 мың теңгеге шығуы тиіс еді ғой. Сонда бұл халықты қанау әрекеті емес пе? Жеке компанияға шара қолдануға ешкімнің құзыры жетпей ме?», - деп сауал тастады ол.
Сондай-ақ, ауылдың кешке тас қараңғы болып тұратын үш көшесіне сол күйі жарық орнатылмағанын, жол мәселесі де шешілмегенін атап өтті. Бұған дейін әкім көшелерді жарықтандыру үшін 1 млн 200 мың теңге қаражат қарастырылғанын, бүгінде 28 электр шамы орнатылғанын және бұл жұмысты жақын арада жүз пайыз орындауды қолға алғанын жеткізген еді. Алайда кейіпкеріміздің сөзіне сенсек, бұл әзірше уәде күйінде қалып тұр. Осы ауылға балалар алаңқайы жасалса екен деген өтініші назарға алынбапты.
«Әкімнің орынбасары Дәурен Маратұлы балалар ойнайтын алаң салудың еш қиындығы жоқтығын айтқан, бірақ кейін әкім Рашид Хасенов ол үшін ешқандай қаражат бөлінбейді деп айнып шықты, - деп мұңын шақты Пролетака тұрғыны.
ЖСДП Баспасөз қызметі