Пай жерлерін қайтару бойынша Бас прокуратура не дейді?!

Жер мәселесі қоғамда біраздан бері қызу талқыланып келе жатқан өзекті тақырыптардың бірі. Осыған байланысты он бір жыл ішінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бүкіл елді нанмен қамтамасыз ететін Қазақстанның солтүстік өңіріндегі ауылдардың мәселесін көтеріп келді. Ал соңғы бес жылда еліміздің картасынан жойылып кету қаупі бар елді-мекендерді белсенді аралап, сондағы проблемаларға құлақ түріп, шешілу жолдарын анықтады. Белгілі болғандай, ауылдық пайшылар өзінің шартты жер телімдерінен айырылып қалған. Ал жергілікті билік органдары алаяқтардың халықты қалай тонағанын жай ғана үнсіз бақылап отыра берген.

Осыны Парламент Мәжілісінде қаузаған ЖСДП депутаты Асхат Рақымжанов өлкедегі ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) басшылары пайшылардың үлесін бөліп беру бойынша әділ баға бермей отырғанын жайып салды: «Пайшы-ауылдықтар мүліктік салым ретінде өз жерімен ЖШС құрамына кірген және Серіктестіктен олардың барлығына 5%, көп дегенде 10%-дан үлес бөлінген. Яғни, 12-20 гектар жері бар пайшы бір бөлке нанның құнына тең дивидендке ғана ие болды. Ал «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңдағы 23-баптың 4-тармағында ЖШС қатысушыларының үлесін бөлуге қатысты бағалау жұмысын кәсіби бағалаушылар жүргізуі керек екендігі жазылған», - деді депутат.

Оның айтуынша, Серіктестіктің үлесінде 100 теңгеге бағаланған жер телімі несие алу үшін қаржы институттарына кепілге қойылған кезде миллиондаған, тіпті кейде миллиардтаған теңгеге бағаланыпты. Жер телімдері пайшылардың келісімінсіз кепілге жиі қойылған. Яғни, ЖШС-ның Жалпы жиналысы өткізілменген немесе оған серітестіктің қатысушылары (пайшылар) шақырылмаған. Ауыл тұрғындары Серіктестіктер басшылығының заңсыз әрекеттеріне қатысты прокуратураға шағымданғанымен, ондағылар: «субъектінің шаруашылық істеріне араласуға құқығымыз жоқ» деген жауаппен шығарып салған. Нәтижесінде, жерлерді заңсыз кепілге қою себебін ауылдықтар сол күйі түсіне алмай дал.

Тіпті, қайтыс болған және іске қабілетсіз адамдардан шартты жер үлесін заңды түрде иеленуге, пайдалануға және соған билік етуге сенімхат алған жағдайлар да кездесіпті. Сондай-ақ, кейбір ауыл тұрғындары жер пайдалану құқығымен ЖШС құрамынан шыққысы келгенімен, басшылық ауылдастарының басым көпшілігінің заңдық сауаты жоқтығын пайдаланып, құрамнан шығарылмай отырған көрінеді.

Депутат сауалына жазбаша жауап берген ҚР Бас прокуратурасы мұндай түйткілдер бар екенін мойындап отыр. Былтыр шартты жер үлестерін пайдалану жəне пайшылардың құқығын қорғау мəселесін реттеу саласында заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізген. Республика бойынша 81 мың пайшы жəне 4,1 млн га ауыл шаруашылық алқабы бар 169 проблемалық кəсіпорын анықтағанын, оның ішінде 868 мың га заңсыз кепілге қойылғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта 15 мыңнан астам пайшы дивиденд ала алмай келеді жəне кəсіпорындар құрамынан шыға алмай отыр. Қиын жағдай Ақмола жəне Солтүстік Қазақстан облыстарында орын алды. Прокурорлардың қабылданған шараларымен жарнашыларға 546 мың га жер қайтарылды, заңсыз кепілге қою жəне жерді қайта рәсімдеу фактілері бойынша 6 қылмыстық іс тергелді. 20 мың пайшының мүддесі үшін прокурорлар сотқа 350 мың га жерді иелеріне қайтару туралы 30 талап арыз берді (олардың барлығы қарауда). Сонымен бірге депутаттық сауалды орындау бойынша жұмыс жалғасуда, нəтижесі қосымша хабарланатын болады», – делінген ҚР Бас Прокурорының орынбасары Ж. Өмірәлиевтің жауап хатында.

Ауылшаруашылық министрлігі шартты жер үлестерін қайтару тетіктеріне байланысты барлық шаралар Жер кодексі негізінде жүзеге асатынын жеткізді. Ауыл тұрғындары, оның ішінде шартты жер үлестері құқығы иелерінің жерлерін қайтарту мәселесі бойынша Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Мәжілістегі фракция депутатары мен бірге жұмысын жалғастыратын болады.

ЖСДП Баспасөз қызметі.

Смотрите также: