Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев өңірлерге іссапарын Шымкент қаласынан бастады

Бүгін қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Сәрсен Құранбекпен кездесті.

Кездесу барысында елімізде әділ қоғам қалыптастыру, Оңтүстік өңірдегі екі қолға бір жұмыс таппай жүрген тұрғындарды Солтүстік өңірге қоныстандырып, баспанамен қамтамасыз етіп, табыс табуға мүмкіндік жасау жолдары талқыланды.

Мәселен, бұған дейін де партиямыздың іс-шарасына қатысқан Бақытжан Анасқызы Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Балуан ауылынан инвесторлар 20 үйді тегін салып бергелі отырғанын және осында көшіп келемін деушілерге жұмыс та табылатынын айтты.

“Ауыл жүдеп, халқы тарап кетіп жатыр. Жергілікті адамдардың кетуіне себеп болған жағдай - жерінен айырылуы. Жан-жақтан келген инвесторлар жерді бөліп алған. Көктем кезінде егін егіп, күзде дымын қалдырмай жинап алады, ал ауылға мүлдем көмек жасаған жоқ. Жақында облыс әкімінің қабылдауында болып, өлкедегі мән-жайды жеткіздім. Содан кейін әкім мен инвесторлар ауылымызға келді. Сол кезде мұнда тапшы болып отырған мамандар келуі үшін қазіргі заманға лайықтап 20 үй салуға уәде берді.

Сондықтан ауылымызда Оңтүстік өңірден көшіп келем деуші мамандарға тиісті жағдай жасалмақ”, - деді Ел анасы Бақытжан Анасқызы.

Халық қалаулысы Нұрлан Әуесбаев пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбекпен алдағы күндері де көші-қон мәселесін реттеуді ерекше назарда ұстап, халық игілігіне пайдалы болатындай әрекет жасауға келісті.

Смотрите также: