Біз көшпенділер деп аталғанымызбен әрбір қазақ руларының өздеріне тиесілі тұрақты мекені болған. Малы көптігінен жазда жайлауға, қыста қыстауға қоныс аударған. Онда да тек түйе мен жылқысы мол қазақтар ғана. Яғни, бұл көшпенділіктен гөрі оңтайлылыққа (мобильность) жақын. Ал, қазір елімізде коммуналдық жол-байланыс жүйелері стратегиялық аса маңызды инфрақұрылымға айналып, қарқынды экономикалық дамуға мүмкіндік ашты. Қалааралық, төте теміржолдар алыс аймақтарға жүрдек пойыздармен лезде жеткізіп, экономикалық байланысты дамытуға өзгеше бағыт ашты.
Жаз мезгілінде Қызылордадан Астана бағыты пойыздарына билеттер ерте сатылғандықтан, билет табу проблемаға айналады. Бұның өзі айналма алыс жол, Астанаға дейін бір жарым тәулік жүреміз. Егер Қызылорда-Жезқазған-Астана бағыттарына тура, төте теміржолы құрылса, жол уақыты еселеп қысқарар еді.
19 ғасырда алғашқы Мәскеу-Санкт-Петербург аралық теміржолдарын тура сызық бойымен орман, батпақ, көлдер үстінен құрып салған екен. Менің ұсынысым, сол сияқты Қызылорда-Жезқазған жолында төбелер мен ой-сайлар үстінен тура екі бағыт жол қатарын бірден құруға болады. Қателіктерге жол бермей, сауатты инженерлік қағидамен теміржолдың екі қатарын бірден құру өте ұтымды. Мұндай төте жол Қызылордадан Жезқазғанға барар жүрдек экспресс секілді жолды екі сағатта зымырап еңсерер еді. Егер Қызылорда-Жезқазған теміржолы құрылса, ол Жезқазған-Астана бағыты оралма теміржолына жалғасады. Дегенмен, жол уақытын қысқарту үшін екінші кезек қосалқы Жезқазған-Астана бағытына тура, төте теміржолын құру керек. Бұл жан-жақты теміржолдар торабы Жезқазған қаласын еліміздің үлкен өндріс орталығына айналдыра алады.
Мұндай қалааралық алыс жолдар бойына жаңа ауылдар қоныстанып, кең дала елді-мекендермен жалғасады. Интернет, жол, тағы басқа байланыс жүйелері қала мен ауылдарды жақындатады. Көкжиекте шуақты күн батқан, жұлдызды түнді романтикалық ауылдарға не жетсін! Жолдар бойындағы мұндай жаңа қоныстар айнала егін егіп, мал жайып, азық-түлік өндіріп, заман талабына сай дами бастайды. Әйтпесе тоқыраған ауылдарға адамдардың баруы қиын. Ал ауылдардың дамуы жұмыссыздықты жояды.
Қызылорда-Жезқазған-Астана тура, төте теміржолы құрылса, ыстық пен салқын климатты қамтамасыз ететін трансполюстық экспресстер төрт-бес сағаттай уақытта аққан жұлдыздай сырғып өтеді. Мұндай техникалық жетістік өзге байлықтардан алда тұрады. Яғни ел қуаты артып, ұлттық озық материалдық-техникалық базасы нығаяды. Ал, ел бесігі – ауылдар дамып, қалалар кеңейген кезде, бұл аралықта әр екі-үш сағат сайын жүрдек пойыздар тынымсыз қатынай бастайды. Бүгінде Қызылордадан Астанаға барып-келу жолына үш тәулік уақыт кетеді. Ал, біз айтқан ұсыныс орындалса, Қызылордадан таңертең шығып, Астанадағы жұмысты бітіріп, кешқұрым үйге қайта оралуға әбден болады. Біздің бұл трансполюстық көлікке отырған жолаушылар кең жазық даламыздан ерекше әсер алары анық. Бұл темір және тас жолдармен оңтүстіктен Сыр бойы дихандарының өнімдері солтүстік өңірлерге лезде жетіп, нарық кеңістігі ұлғаяды.
Жол уақытын қысқартып, теңіз үстінен төте жол түсіру мүмкіндігіміз де бар. Бес мемлекетке созылып жатқан Каспий теңізінің иілген солтүстік-шығыс, Атырау облысы жағы тым саяз. Оның оңтүстік жағасы Бозащы түбегіндегі Қаражанбас аулынан солтүстік қарсы бет Құрманғазы ауданы жағына бөгеттеп, теңіз үстінен төте жол түсіру де аса қиындық туғызбайды. Тіпті, бұл жол бойымен теңіз орталығына жасанды аралдар жасап, курорт зонасына айналдыруға да болады. Теңіз үстінен салынған бұл жол тиімділігімен лезде өз құрылыс құнын ақтайды. Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық транзиттік көлік жолына тағы бір қосалқы төте жол тармағы қосылып, жол уақыты да біраз қысқарып қалады. Егерде Каспий мен Қара теңізде кеме жүзетін жаңа төте «Еуразия» каналы құрылса, біз Жерорта теңізіне шыға аламыз. Сонда Батыспен байланысып, бұл көліктік жол торабы Қаражанбасты үлкен өндірістік портты қаласына айналдыра алады. Еліміздің бұл аймағында да өмір қайнап, шетелдермен жақын позициялық экономикалық байланысып, еліміздің қуаты арта түсер еді.
Өзбекстанда Ташкент-Самарқанд-Қарши аралығында жоғары жылдамдықпен пойыздар қатынай бастады. Ауғанстанда алып каналдың құрылысы қарқынды басталды. Олар Әмудария суларын жаңа тыңдарға бұрып, егін шаруашылығын дамытуға кірісті. Ал мұндай құрылыстар бізге қажет болса да, бұл жағынан тапжылмай тоқырап отырмыз.
Бекназар ӘБСАДЫҚОВ
ЖСДП ҚОФ мүшесі, инженер, еңбек ардагері