Сарапшылар: «Алматының құрылысына қатаң бақылау қажет»

Алматының құрылыс қарқыны соңғы жылдары өте тез әрі тығыз салынып жатыр. ЖСДП-ның Алматы қалалық филиалы қаланың құрылысына қатысты «Алматының құрылысы мен тынысы» атты сарапшылар отырысын өткізді.

Жиынға архитектор Х. Ғабжәлел, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-дың профессоры Ә. Байбатша, қоғам қайраткері Ғ. Жакей, сейсмолог, геология-минералдық ғылымының докторы Ә. Нұрмағамбетов, Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының Ғимараттар мен құрылыстардың жер сілкісіне төзімділік зертханасының аға ғылыми қызметкері В. Пустогачев, Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының Ғимараттар мен құрылыстардың жер сілкісіне төзімділік зертханасының жоғары категориядағы инженері А. Жылқыбаев және т.б қатысты.

Қазіргі таңда көптеген құрылыс компаниясы жеке бизнес екені белгілі. Соңғы уақытта жергілікті атқарушы органдардың құрылыс нысандарына және құрылыс материалдарының сапасына бақылауы көңіл көншітпейді. Алматы жер сілкінісі қаупі бар аймаққа жататынын және қаланың 27 тектоникалық плитаның жарық жерінде орналасқаны белгілі. Қауіпті аймақ екеніне қарамастан, қазір көптеген тұрғын үй салынып жатыр. Бұл адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Бұл жауапкершілікті кім арқалайды немесе қателіктерге кім жауапты? Осы сұрақтар қоғамды алаңдатады.

Құрылысқа қатысты белгілі маман иелерінің дәйектемелері мен ұсыныстарына назар аудару керек.

Біріншіден, ескі кеңестік инфрақұрылымға жүктеме артады (кәріз, теплотрасса т.б.). Тығыз үй құрлысы бар жерде әлеуметтік инфрақұрылым нашар әрі қажетті мөлшерде болмайды.

Екіншіден, тым тығыз құрылыс адамдардың мінез-құлқына әсер етпей қоймайды (нашақорлық, қылмыстың өршуі, агрессивті мінез-құлық, ішімдіктер мен психологиялық ауытқуларға ұшырау қеңінең таралуына жол ашпақ). Адамдардың сапалы өмір сүруіне емхана, кітапхана, мектеп, саябақтар, спорттық алаңдар маңызды. Осы қажеттіліктер қазіргі тұрғын үй кешендерінде қарастырылмаған.

Сонымен қатар, сейсмикалық ауданда жер сілкінісінің қаупін ескеру қажет әрі сапасын бақылау өте маңызды.

20-шы ғасырдың екінші кезеңіндегі құрылыс стандартын және дамуын қарасаңыз, әлеуметтік инфрақұрылымнан бөлек, жер сілкінісі кезінде эвакуациялау үшін бос жерлер жасаған, құрылыстың сапасына жіті мән берген. Сейсмология институнының қызметкерлерінің айтуынша, ол кезеңдегі ғимараттар бұлай биік болмаған. Қазіргі салынып жатқан үйлер өте биік, ол жердегі аулалар мен машина тұрағына орын жоқ. Жертөлелер мен іргетастары өте нашар жағдайда. Сондай-ақ, көшелер тар, төтенше жағдай кезінде құтқарушылар көмекке жету мүмкіндігі қарастырылмаған.

Үшіншіден, тығыз құрылыс Алматының тауларынан келетін самал жел өтетін жолды жауып тастайды, қаладағы тұмшаның көбеюіне жол ашады. Архитектор Х. Ғабжалел тұрғын үйлер салу жоспарында коммуналдық, көліктік, энергетикалық, әлеуметтік инфрақұрылым есепке алынбай отыр дейді.

Сарапшылардың жауаптарына сүйене отырып, біз ЖСДП-ның Алматы қалалық филиалы атынан осы мәселені шешудің келесі жолдарын ұсынғымыз келеді:

  1. Алдағы уақытта көпқабатты үйлердің құрылысын тоқтату, қала тек 3-5 қабатты үйлер салуға арналған.
  2. Алматы қаласының әкімі мен бас архитекторы құрылысқа жауапты болғандықтан, арнайы ғалымдар мен мамандардан жасақталған кеңес құру.
  3. Құрылыс компанияларының құрылыс нормаларын сақтауын үнемі қадағалап, орындамаған жағдайда лицензияларын қайтарып алу.
  4. Тектоникалық бұзылыстарда салынған барлық ғимараттарды тексеру.
  5. Сейсмикалық қорытынды жүргізу және құрылысқа рұқсат беру бойынша барлық құқықтарды мемлекеттік органдарға жүктеу. (Қазіргі уақытта жеке компаниялар (ЖК, ЖШС) сейсмикалық қорытынды шығаруға құқылы).
  6. Төтенше жағдайлар министірлігін тарату. Қорғаныс және ішкі істер министірлігіне бөліп беру.
  7. Пәтерді қайта жоспарлауға рұқсат беретін мекемелерге бақылауды күшейту. Соңғы уақытта қалада салынып жатқан тығыз құрылыс, қала мен оның тұрғындары үшін қауіпсіз деп айту қиын. Сондықтан уақытында қабылданған шаралар болашақта көптеген мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.

ЖСДП Алматы қалалық филиалы

Смотрите также: