Сарапшылар Парламентте жеке әйелдер квотасын бөлуді ұсынып отыр

Депутаттық корпустағы нәзік жандылардың өкілдігін 40-50% -ға дейін арттыру керектігін алға тартты. Бұл туралы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының орталық аппаратында партия белсенділерінің қоғам қайраткерлерімен әңгімелесу форматында өткен кездесуде айтылды.

Бүгін ЖСДП орталық аппаратының активі қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген әйелдер қауымын Халықаралық 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әуесбаев пен партияның әйелдер қанатының жетекшісі Ажар Сағандықова, партия аппаратының басшысы Тазабек Сәмбетбай, жастар қанатының жетекшісі Мақсұт Насибулов және партия заңгерлері қатысты.

Іс-шара барысында заңнаманы жетілдіру және әйелдердің елдегі саяси өмірдегі рөлін күшейту бойынша бастамалар айтылды.

Мәселен, «Градиент» халықаралық зерттеу орталығы» коммерциялық емес ұйымының басшысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Зәру Өтекова «ҚР сайлау туралы» заңдағы 30% квотаны қайта қарауды ұсынды, себебі ондағы бір қатарға әйелдер де, жастар да және мүгедектігі бар адамдар да кіреді.

«Біріншіден, біздің ойымызша, әйелдерге арналған квотаны бөлек жасап, оны 40-50%-ға дейін ұлғайтқан жөн. Екіншіден, грант беруші ұлттық ұйым – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы бар.

Олардан әйелдердің бастамаларына, жобалары мен бағдарламаларына көбірек көңіл бөлуді сұрау қажет, содан соң осы жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуды, сондай-ақ, талаптарды жеңілдетуді қарастырса құба-құп, өйткені оған барлық ұйымдар қатыса алмай отыр», ‒ дейді Зәру Өтекова. Үшіншіден, сарапшының пікірінше, әйелдердің бастамаларын БАҚ пен әлеуметтік желілерде күнделікті жариялау үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлу керек.

«Төртіншіден, соңғы кездері Астанада ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйым) үйін ашу мәселесі көтеріліп жүр, бұл жер әйелдердің өз идеяларымен бөлісетін алаңына айнала алады. Әр партияда жастар мен әйелдер қанаты болғаны абзал», – деп түйіндеді үкіметтік емес ұйым басшысы.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также: