ЖСДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы саяжай тұрғындарының мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесуін ұйымдастырды. Онда тұрғындардың су астында қалған үйлері туралы талқыланып, шешу жолдары ұсынылды.
Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының 1, 2 және Нұрлы жол саяжай тұрғындары жиналып, мемлекеттен суға кеткен баспанасының орнына жаңа баспана беруді талап етті. Олардың арнайы комиссия жұмысына, мемлекеттің тұрғын үймен қамту талаптарына көңілдері толмайды, баспана барлығына теңдей берілсін дейді.
«Автодорожник саяжайында 10 жылдан бері тұрамын. Ол жерде 227 үй бар. Бізде өте үлкен, жақсы үйлер салынған. Қазір барлығы судың астында қалды. 21 cәуір күні таңертең сағат 9-дан 38 минут кеткенде, дамбы жарылды. Біз 28 наурыздан бастап 23 күн бойы, түн демей, күн демей қаражат жинап, сол дамбыны көтердік. Алайда дамбымыз жарылып, 20 минуттың ішінде 2 метрден асатын су үйімізді басты. 19-шы күн болды, судың мөлшері тек бел ортаға келіп түсті. Үйіміз құлаған жоқ, соған қарап әкімшілік бізге сол үйде тұрасыңдар деп айтты. Бірақ СЭС-тің ол жерде тұруға болмайды деп отыр, себебі ол жерде ауру жұқтыруымыз мүмкін. Үйді кептіріп, тазалау жұмысы аяқталғанша, біз 1 жыл көлемінде қалада жалдамалы пәтерде тұруымыз керек болып тұр. Ал қазір су тасқынына байланысты пәтерлердің бағасы 150 мың теңгеден кем емес. Сонда біз бір жылда 1 млн 800 мың теңге ақша кетіреді екенбіз. Бізде мұндай қаражат жоқ. Ай сайын банкке төлейтін несие бар, өйткені үйімізді несие алып салғанбыз. Суды кептіргеннен кейін саяжайға құдық, газ, мотор, жарық трансформаторын қосу үшін кем дегенде 557 млн тг қаражат қажет. Оны үкімет бермесе, кім береді?
Небәрі 100-150 мың табатын қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Екі ай су астына қалған үйде тұра да алаймыз. Ешқайсымызды бөліп жармай бізге үй берілсін», ⎼ деді Автодорожник саяжайының тұрғыны Гүлфарида Догорова.
Қала іргесіндегі саяжайда еріккеннен тұрып жатқан жоқпыз дейді ашынған халық. Бұл жер көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған, ауыл-аймақтан қоныс тепкен зейнеткерлерге пана болып отыр. Дені жергілікті атқарушы органның баспанаға мұқтаждар тізіміне алынғандар.
«Су тасыған кезде мемлекеттік органдар, жер басқару бөлімдері құжат жүзінде құрылыс жоспарларын құрдыңыздар. Газ, су, жарық жүргіздіңіздер. Енді сол бойынша үй табуларыңыз міндетті. Су тасығаннан кейін үйімізге жылан, бақа кіріп, сасыған жерде тұру мүмкін емес. Бізге арнайы құрылған комиссия да керек емес, бізге үй керек! Басқа талабымыз жоқ», ⎼ деді саяжай тұрғыны. Мемлекеттік қызметкерлер қойылған сұрақтарға тек комиссияның шешімімен ғана үй берілетінін айтып, қысқа жауап қайырды.
Кездесу соңында жиналған саяжай тұрғындары мәселелеріне қатысты Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, мемлекеттік органдар ешқандай шара қолданбағандықтан, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейне хабарлама және ұжымдық үндеу жолдады.
ЖСДП БҚОФ