Семей цемент зауыты айналасына зиян келдіріп тұр

Адамзаттың сау-саламатта, ұзақ та қалыпты өмір сүруіне ең әуелі таза ауа мен ауыз су аса қажет. Ал ауаны ластайтын: түтін, қалың тұман, шаң-тозаң, газ бен зиянды қалдықтар адамның денсаулығына кері әсер ете отыра, түрлі ауруларды тудырады. Бұл құбылыс әдетте желсіз, тынық ауа райында байқалады. Семей қаласының маңындағы қарағайлы орман да жыл сайын азайып, қалада шаң-тозаң көбейіп отыр.

Нақтырақ айтқанда, Абай облысы Семей қаласында орналасқан «Семей Цемент зауыты» өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, яғни Цементшілер кентіндегі экологиялық ахуал қазіргі кезде өзекті мәселе болып тұр. Кәсіпорын негізінен клинкерлерді қоса алғанда, цемент өндіреді. Өндіріс орны 1420 адамды жұмыспен қамтып отырғанымен, цемент өндірісі ауаға шаң-тозаңның көп таралуына себепші. Бұл шаң атмосфераға таралып, тұрғындардың тыныс алу жүйесіне енеді. Оның сілтілі құрамы жоғары болғандықтан, өсімдіктер мен жануарлардың қалыпты тіршілігіне тіптен қолайсыз жағдайлар туғызуда.

Сол аймақта тұратын кент тұрғындары зауыттың экологиялық заңнаманы бұзғаны, ауадағы шаң-тозаң мөлшері рұқсат етілген шекті мөлшерден әлдеқайда артық екенін айтып, дабыл қағып, облыстық табиғатты қорғау орталығына талай мәрте ресми түрде де, жекелей барып та, телефон соғу арқылы да шағым түсіргенімен, оны еститін құлақ жоқ. Зауыт басшылары ауаға бөлінетін қалдықтарды, шаң-тозаңды сүзгіден өткізетін құрылғы орнатылған деп жалған жауаппен жалтаруда. Шындығында сөз бен іс қабысып тұрған жоқ. Шаң-тозаң мен қақ жазда да, қыста да қатты байқалады. Жаз мезгілінде өсімдіктер жапырағына қақ тұрса, қыста жаңа жауған қар сұр түске боялып шыға келеді. Ал цемент ұнтағынан көтерілетін шаң-тозаң адамның көзі мен терісіне және өкпесіне аса зиян екені айдан анық. Осы кәсіпорында ұзақ жылдар еңбек еткен жұмысшы уақыт өте келе, тыныс алу органдарының нашарлағанын айқын сезінеді. Тіптен көздің мүлдем көрмей, зағип болуға әкеп соғуы да ықтимал. Ал шаң-тозаң теріні құрғатқаны өз алдына, жарылып, қанатады. Өкпеге түскен шаң демікпе мен созылмалы бронхитке шалдықтырады.

Цемент өндірісі адам мен жан-жануар түгілі, техниканың өзіне залалын тигізеді. Құрал-саймандардың арасына енуі арқылы өндірістің тоқтап қалуына душар етеді.

Осы ретте ауаға шаң-тозаңның таралуын бақылауда ұстап, зерттеуі тиіс зертхана немен айналысып отырғаны беймәлім.

Жергілікті билік аймақтың экологиялық ахуалына жете көңіл бөлетін кез келді. Жасыл желек санын арттыру, оны уақытылы суару, кәсіпорынға шаң-тозаңды мейлінше азайтатын сүзгі қондырғысын орнату (нақты бейне камерамен көрсету арқылы), онда жұмысшылардың денсаулығына зиян келтірмей, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай туғызу (қорғаныс маскаларын, қолғап кию және т.т.), сол арқылы еңбек қауіпсіздігін сақтау, цемент зауытының аумағына ағаш егу арқылы көгалдандыру, сондай-ақ, тоқсан сайын ел алдында экологиялық ахуал жайында есеп беру кезегін күттірмейтін мәселе.

Кешегі Абай мен Шәкерім, Мұхтар Әуезов туып-өскен ұлылар мекені – Семей өңірінің халқы қаншама уақыт полигоннан зардап шегіп келді. Енді ХХІ ғасырда өңірдің көркіне айналған орманның жыл сайын отқа оранып, Цемент өндірісінің қалыпты тіршілікке айтарлықтай қауіп төндіріп отырғаны қатты алаңдатады. Қазақтың рухани орталығы саналатын Шыңғыстау бөктерінің, суы біршама ортайған ұлы Ертіс өзені жағасының экологиялық ахуалы басты назарда болуы шарт.

Әсіресе, облыс статусын алған кезеңде алдымен өңір экологиясының жақсаруына жергілікті билік мүдделі болуы тиіс! Зауыттың келтіріп отырған залалына үстірт қарау - елдігімізге сын.

Смотрите также: