«Шалқия цинк ЛТД» мекемесі салық ставкасының ұлғайғанына алаңдаулы

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев «Шалқия цинк ЛТД» мекемесінің ұжымымен кездесті

Кездесу барысында «Шалқия цинк ЛТД» АҚ бас директоры Өркен Бейсембаев атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, мәселе ретінде салық ставкаларының ұлғайтылғанын тілге тиек етті.

«Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне енгізілген түзетулерден кейін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкалары ұлғайтылды: мырыш бойынша 7%-дан 10,5%-ға дейін, қорғасын бойынша 8%-дан 10,4%-ға дейін. Бұл бізге салмақ салады. Сіз заң шығарушы билік өкілі болғандықтан, осы сұрақты шешуге көмектессеңіз, біз үшін жақсы болады. Өзге мәселелерді біртіндеп өз деңгейімізде шешуге мүмкіндігіміз бар», - деді Өркен Бейсембаев.

Оның айтуынша, «Шалқия цинк ЛТД» кен-байыту комбинатында негізінен жергілікті жердің мамандары еңбек етіп келеді. Олардың біліктілігін арттырып отыруға жағдай жасалып тұрады. Алдағы уақытта да жұмысқа 700-ден аса маман қабылдау жоспарда бар.

«Наурыз айынан бастап шахтаның құрал-жабдықтары әкелінеді. Жоспарымыз бойынша 2025 жылы шілдеде шахтадан кен шығаруымыз керек. Бүгінгі таңда құрал-жабдық 80 пайызға дайын тұр. Осы жылдың ақпан айының басында мамандарымызды Қытай, Еуропа және Америка елдеріне командировкамен жібереміз, сол жақта кәсіби дайындығын тексеріп келеді. Оған дейін біз де тендер сұрақтарын, біздің және мердігердің міндетіне не кіретінін реттеп қоюымыз тиіс. Болашақта кен орнына 700-дей адам керек болады. Жақында ғана ашық есік күні өтті, оған Кентау қаласындағы колледждердің студенттері келіп кетті. Қазір мекемеміздің жұмысшыларының балалары қайда және қай мамандыққа оқып жатқаны жайында тізім дайындап жатырмыз. Себебі маманды сырттан, яғни басқа елден әкелсең, қымбатқа шығады», - дейді ол.

Оның сөзінше, қазір мекеме штатында шамамен 300 адам бар. Оның 90 пайызы жергілікті тұрғындар: Жаңақорған ауданынан, Шалқия ауылынан, Қызылорда, Шымкент, Кентау, Алматы және Жезқазған қалаларынан.

«Сонымен қатар, бізде Тау консорциумы бар, ол жерде 400 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Оған қоса, күзет және асхана қызметі бар, соның барлығын алып қосқанда 1 мыңнан аса адам еңбек етуде», - дейді.

Сондай-ақ, қазіргі таңда «Шалқия цинк» мырышты кен орнын еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Қазцинкке» (Анықтама: мыс, бағалы металдар және қорғасын сияқты ілеспе металл түрлерін көптеп қоса өндіретін интеграцияланған ірі мырыш өндіруші. Компания 1997 жылы құрылды) қосу мәселелері қарастырылып жатыр екен.

«Себебі бұл өнімдерімізді сату/тарату және мамандар тарту мәселесін шешеді. Біздің акционер – «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» акционерлік қоғамы, оның «Қазцинк» ЖШС-нда 29 пайыз акциясы бар. «Шалқия цинктың» активтері «Қазцинкке» өтсе, сәйкесінше «Тау-Кен Самұрық» компаниясының «Қазцинктегі» акциясы көбейеді. Шындығын айтқанда, Қызылорда облысында бұл тау-кен мекемесі жалғыз ғой, сондықтан болашақта жұмыс істеу қиындау болады. «Шалқия цинк» компаниясы бөлек істеуі үшін техника, жөндеу жұмыстарын жүргізетін база керек. Ал қазір бізде бір фабрика мен бір кен орны ғана бар. «Қазцинк» кәсіпорнымен біріксе, мүмкіндігі кеңейеді», - дейді «Шалқия цинк ЛТД» АҚ бас директоры Өркен Бейсембаев.

Жүзеге асырылып жатқан шаруалардан құлағдар болған депутат бірқатар сұрақ қойып, пікір алмасты.

Аталған мекеменің ақпараттық технология және байланыс қызметінің бастығы Бақытжан Айдаров жергілікті жердегі байланыс сапасына қатысты мәселе қозғады.

«Қазіргі таңда біздің рудникте «Кселл» және «Билайн» операторларының базалық станциялары орнатылған. Бірақ оларға ешқандай модернизация жүрмеуіне байланысты қазір 2G желісін ғана қолданып отырмыз. Базалық станцияның қуаттылығы, сапасы сын көтермейді. Тарифты қанша қымбаттатып жатыр, бірақ байланыс жоқтың қасы деуге болады.

Осы мәселеге қатысты қаншама рет call-орталыққа хабарластық, хат та жаздық, бірақ олар осы жерде шоғырланған халықтың санын, нүктелерді есептеп, экономикалық тұрғыдан ғана қарайды да, бұл өзін ақтамайды дейді. Әлеуметтік жағынан осындай аумақтарды жақсы байланыспен қамтуға ықпалдарыңызды тигізсеңіздер қуанышты боламыз. Байланыс сапасы тек орталықтарда ғана емес, барлық жерде бірдей болса екен деген өтініш-тілек бар», - дейді Бақытжан Айдаров.

Ал жетекші есепші Назым Садақбаев медициналық сақтандыру жүйесіндегі кем-кетіктерді айтып, тегін қызмет алу мүмкіндігі жайында сұрады.

«Емханаға бармасақ та, ондағылардың келді деп толтыру жағдайлары жиі болады. Табиғи қазба байлығымыздан мемлекетке табыс түсіп тұрады, үкіметтің бізді тегін медицинамен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ па?», - дейді.

Бұған қатысты депутат Нұрлан Әуесбаев медициналық қызмет тегін болуы керек деген оймен келісетінін және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бағдарламасында медицина да, білім де тегін болуы тиіс екені жазылғанын атап өтті.

Смотрите также: