Тұрмыстық зорлық-зомбылық қазіргі қоғамда күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Үкімет отырысында келтірген ақпараты бойынша, соңғы 4,5 жыл аралығында елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 869 адам қайтыс болса, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюіне ықпал ететін бірнеше фактор бар. Солардың бірі – әйелдер мен балалардың өз құқығын білмеуі мен бостандық туралы түсінігінің төмен болуы. Бұл білімсіздіктің салдарынан зорлық-зомбылық қарым-қатынаста нормаға айналып, қоғамның соған еті үйреніп кетуі мүмкін.
Тағы бір себеп – қоғамдағы жыныстық теңсіздік пен сексизм. Мәдени және дәстүрлі көзқарас салдарынан отбасында бағыну және бақылау қарым-қатынасы орнап, зорлық-зомбылық пен үстемділік қалыпты жағдай ретінде қабылдануы әбден мүмкін. Сондай-ақ, көп жағдайда әйелдердің экономикалық тұрғыдағы тәуелділігі мен әлеуметтік қолдауға ие болмауы тағы бір маңызды фактор. Осы кезекте әйелдердің зорлық-зомбылық жағдайынан шығу әрі көмек сұрау мүмкіндігі шектеулі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілерге жарақат алу, денесінің көгеруі сияқты физикалық тұрғыда зардап тигізетінімен бірге, оның психологиялық салдары да бар. Жарақаттан кейінгі күй күйзеліске, депрессияға, мазасыздыққа және өмірлік ұстанымның өзгеруіне әкеледі. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болған балалардың мінез-құлқы өзгеріп, эмоционалдық проблемалар туындап, болашақта зорлық-зомбылық әрекеттерін қайталай алады.
Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу үшін кешенді тәсіл қабылдау қажет. Әйелдер мен балалардың құқығы жайында, сондай-ақ, зорлық-зомбылықтың салдары туралы хабарларды арттыруға бағытталған ақпараттық науқандар мен білім беру бағдарламаларын жүргізу маңызды. Сонымен қатар заңнаманы нығайту және оның тиімді қолданылуын қамтамасыз ету қажет. Зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау үшін көмек көрсету орталықтары мен баспаналар құру керек. Оңалту және қайта тәрбиелеу бағдарламаларын қоса алғанда, құқық бұзушылармен жұмыс істеу де маңызды аспект.
Зорлық-зомбылық қоғамда қалыпты жағдайға айналмауы үшін бұл мәселе төңірегінде қалыптасып қалған көзқарасты өзгерту қажет. Тек осылайша ғана оң өзгерістерге қол жеткізуге және қоғамның барлық мүшесі үшін қауіпсіз және тең құқылы орта құруға болады.
ЖСДП Қостанай облыстық филиалы