Жуырда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалында зерттеуші ғалымдар мен этнографтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері «Ұлттық құндылықтарды қалай дәріптейміз?» тақырыбында кездесу өткізді.
Іс-шараны филиал басшысы Нұрбек Дәуренбеков ашып, ұлттық құндылықтарға қатысты ойларымен бөлісті.
‒ Ата-баба тәлімін, ұлттық тәрбиені қаншалықты үзбей жүргеніміз әр заман бойы өзінің уақыт кеңістігінде толғандыратын өзекті мәселе. Рас, қазіргі қоғамда ұлтынан, дінінен, тілінен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан безінгендерді көптеп кездестіруге болады. Ұлттық құндылық, ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық рух – халықтың бет пердесі, тірегі. Әрбір ұлттың өміршеңдігі ұлттық құндылықтарының сақталуына тікелей байланысты. Ұлттық рухты үнемі ұлықтап жүретін қазақтың тәлім-тәрбиесінің қайнар көзі тым тереңнен басталады. Қазіргі тәрбие болашақ ұрпақты салт-санаға, дәстүрге бірегей бағытталмауынан, ұлт жанашырларын елеңдетеді, ‒ деп атап өтті. Іс-шарада сөз алған дәстүртанушы, жазушы Сәкен Алдашбаев: «Ұлттық құндылық деген не? Біз әуелі осыған тоқталып алайықшы», ‒ деп, құндылықтың қыр-сырын ашып берді.
Зерттеушінің айтуынша, ұлттық құндылық деген – ата-бабаң жүріп өткен жолдардағы құнды деп білген ұстаным. Яғни, ұлттық құндылыққа жеті атаға бөліну, руға жіктелу, діннен туындайтын қағидаттар секілді болмыс жатады. Бабаларың нені құнды деді, қадірледі, қасиет тұтты, соның барлығы ұлттық құндылығымыз дегенге сайды.
– Ұлттық құндылықтың ең ұлысының бірі – қазақ тілінің шұрайы. Алайда, тіл тірі құрылым, ол заман ағымына қарай өзгеріп отырып отырады. Айталық, қазір Сақ дәуірінің не Ғұн дәуірінің екі адамы келіп осы жерде сөйлесіп отырса, біз оларды дұрыс түсіне алмауымыз бек мүмкін. Сол секілді бірнеше ғасырдан соң біздің ұрпағымыз біздің тілімізді ұқпай қалады. Бірақ тілде өзгермейтін бір ғана нәрсе бар. Бұл не десеңіздер, ол – оның тілдік ерекшелігі, – деді Сәкен Алдашбаев.
Дін мен тілдің, тіл мен ділдің, діл мен діннің ұштасар жері мен бүгінгі керек немесе керек емес амалдар жайында айтқан зерттеуші: «Қазақтай ғұлама, алып, терең ел жоқ. Біз тек соны жан дүниемізбен ұғынуымыз керек. Сонда біздің ұлық қазақтың ұлы ұрпағы бола аламыз. Ол үшін қазақтың барлық ғылымының басы біріккен Қазақалогия институты керек», – деп түйді.
Ал қоғам белсендісі, журналист Дәулет Қырдан қазақтың сөздік қорына зер салу, қолданысқа жаңа терминдер енгізуге қатысты сұрақтарға назар аудару керектігін айтты.
‒ Біздің ішкі «меніміз» болуы керек. Қашанғы біздің мына сөз пәленше ұлттың сөзінен енген деп жүреміз? Өзімізден шыққан сөздерді дәлелдейік. Мәселен, қазақтың сөзі түп-тамырымыздағы сақтан, ғұннан шығып, әлемге тарап, одан бері қарай түрленіп жеткен болуы мүмкін ғой, ‒ деді Д.Қырдан.
Ұлттық құндылықтар көбіне ауылды жерде жақсы сақталған. Қалада құндылықты ойлап бас ауыртып жатқан ешкімді көрмейсің. Біз осы жолда ұлттық бітім-болмысымыз үшін бар ар-намысымызды жиып, жұмыс атқаруымыз керек. Ол үшін ұлттық құндылықтарды құрайтын негізгі нақты бағыттарды айқындау қажет. Мәселен, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, оны ұлтымыздың айнасына айналдыруда біріншіден – туған ана тілі – қазақ тілін ұрпақ бойына дарыту; екіншіден – тәлім-тәрбиеден қазақи иіс аңқитындай болу; үшіншіден – сапалы білім нәрімен сусындату; төртіншіден – жат ағымдардан сақтау, дін мәселесін біржақты ету; бесіншіден – салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды атадан балаға мирас болып қалатындай ұстанып жеткізу, «қолды болып, патенттеп алған» деген ұлттық құндылықтарымызды қайтару.
Халықтың рухани құндылығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі өмір сүруі тиіс. Ұлттық сана-сезімді қалыптастыру қажет. Ол туа біткен биологиялық қасиет емес, ол әлеуметтік, яғни тарихи қалыптаса отыратын қасиет. Жастарға ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты тәрбие беру – сол өркениетке жету жолындағы мұратымыздың кепілі. Біз жаңадан аяғына тұрып келе жатқан дамушы мемлекетпіз.
Терезесі теңескен, төрт құбыласы тең мемлекет ретінде қалыптасу үшін пен жастарды рухы биік, отаншыл етіп тәрбиелер өнегелі тәрбие, білім-білік қажет. Келешек ұрпақтың қамын бүгін ойлау – аға ұрпақ борышы.
Кездесу соңында түрлі сұрақтар қойылып, қанағаттанарлық жауаптар берілді. Ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Партияның мақсат-мүдделеріне қанықпыз деген қатысушылар ұлттық құндылықтарды бірлесіп көтеруге ниеттес екендіктерін білдірді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы