Қымбатшылық қысып тұр

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, елімізде 2023 жылы 8000-ға жуық жалпы білім беретін мектеп бар, онда білім алушылардың саны 3,5 миллион шамасында. Көптеген мектеп әкімшілігі оқушылардан классикалық киім киюді талап етеді. Қыркүйек келді дегенше, ата-аналар үшін мектептің әлегі басталады, бұл қаржылай да, санаға да салмақ салады.

Мектеп оқушыларының кем-кетігін түгендеп, керек-жарағын аламын деп несие алатын ата-аналар бар. Керек-жарақты «каспий ред» қосымшасына алатындар да кездеседі. Себебі айлық жалақы жетпейді. Сонымен бір оқушыны мектепке дайындау үшін қанша қаржы кетеді? Жазғы демалыстың қызығы бітіп, оқу жылына аз күн қалған осынау уақытта ата-аналарды толғандырар мәселенің бірі де осы. Науқан кезін пайдаланған саудагерлердің саудасы қызып та жатыр. Ал, нарықтағы бүгінгі бағаны қалтасы көтере бермейтіндердің амалы бар ма? Көп балалы немесе аз қамтылған отбасылардың балалары көк жейдесі мен қалам, дәптерін қаншалықты түгендей алды? Жаңа оқу жылына оқушылар қаншалықты дайын?

Осы орайда Шымкент қалалық ЖСДП филиалының қызметкері Шынбергенова Бағила қыркүйектің «салмағы» қаншалықты екенін білу мақсатта көп балалы ана Айгерім Ержанованың үйіне барып қайтты. Айгерім Ержанова 8 баланың анасы, отағасы мүгедек. Мектепке баратын 5 баласы бар. «Барлық балаға мектеп формасын алуға үкімет тарапынан беретін бір мезгілдік 205 мыңдай ақша алдым», - дейді.

Оған тек бір киетін мектеп формасы мен азын аулақ мектеп жабдықтарын түгендепті. Бір баласына костюм-шалбарды 20000 теңгеге, кейбір құралдарын 5000 теңгеге, майка, шұлық, іш киім секілді ұсақ-түйектерді 5000 теңгеге, аяқ киімін 10000 теңгеге алыпты. Былтырғы сөмкесін ұстайды деді. Дене шынықтыру сабағына киетін киімдері мен күзге, қысқа арналған жылы киімдерді кейін алатынын айтты. Бір балаға шамамен жүз мың теңге кететіні сөзсіз. Тіпті одан да көп болуы әбден мүмкін. Себебі баға барлық жерде бірдей емес.

Ер балаларға қарағанда қыздардың киімі қымбатырақ. Бантик, гольфи деген сияқты қосымша дүниелері бар. Ал Айгерім ханымның 4 қызы бар екенін ескерсек, төртеуі де мектепке баратын оқушылар.

Сонымен, блузка немесе ақ жейделердің нарықтағы бағасы – 6 мыңнан 10 мыңға дейін. Қыздардың белдемшесі – 7-8 мың арасы. Ал ауыстырып киюге белдемшемен қатар, қызыңызға сарафан кигіземін десеңіз, оның бағасы – 12 мың теңге. Бірыңғай форманың жакеті – 12 мың, шалбардың бағасы – 7-9 мың теңге. Жилеттің бағасы 6 мың теңге болса, былғары туфлидің бағасы – 15-20 мың теңге.

Алайда мемлекеттен берілетін әр балаға арналған 40 мың теңгеге (бұл ақшаны алмайтын отбасылар да жеткілікті) жуық қаражат нарықтағы бағамен мүлде сәйкес келмейді. Бір баланы мектепке дайындау 100 мың теңгенің ар жақ-бер жағы болса, мемлекет беретін 40 мың теңге ештеңеге жеткіліксіз екені түсінікті.

Қолы ашық, жаны жомарт бай-бағландар кей отбасыларды бір демеп жібермесе, жағдай қиындау. Әйтпесе, кей оқушылардың мектепке бара алмай қалуы да ғажап емес. Себебі біздің елдегі қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Ол жоғары таптағы адамдарға әсер етпес, алайда кей отбасылардың, әсіресе жалғыз басты аналардың қалтасын қағатыны сөзсіз.

ЖСДП Шымкент филиалы Б.Шынбергенова

Смотрите также: