Қыстың көзі қырауда, ал Атырау облысы ауылдарында мал азығы тапшы

ЖСДП бағдарламасында ауыл шаруашылығын қайта дамыту және ауылды көркейтудің маңыздылығы атап көрсетілген, сонымен қатар ауыл еңбеккерлерін қолдау үшін нақты шаралар атқарылып жатыр.

Өңіріміздегі ауыл шаруашылығының жәй-күйін білу үшін сараптама жұмыстарын жүргіздік.

Табиғаты шөлейтті саналатын Атырау облысының ауыл шаруашылығы жерлері 9 миллион 800 мың гектар болса, соның 9 миллион 700 мыңы жайылымдық, 132 500-і шабындық және 1 800-і егістікке жатқызылған.

Қазір ауыл шаруашылығы өндіріс көлемінің 95%-ы жеке меншік иелігінде (1750 жеке шаруа қожалығы, 28 кәсіпорын). Бұлардың сыртында, дәл есебі белгісіз елді-мекендер тұрғындарының қыс маусымында ауласында тұрып қоректенетін төрт түлік малы бар.

Атырау облысының статистикалық есебі бойынша 2023-ші жылдың 1-ші қазанындағы мал басының саны: қой – 518 417; ешкі – 132 071; сиыр – 221 305; жылқы – 118 590; түйе – 38 387; барлығы – 1 028 770. Осы мерзім ішінде облыста 38 510 тонна мал еті өндірілді. Бұл -республикалық көрсеткіштің 2,5%-ы ғана. Ет өндіруден 20 аймақ арасында 15-ші орындамыз (одан кейін Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау облыстары).

Сол 9 айда облыстың барлық шаруашылықтары мен жеке меншіктерінде сауылып, тапсырылған сиыр сүті – 59 215,8 тонна. Бір сауын сиырдан сауылғаны – 1 153 тонна ғана (1 айда – 128 литр, 1 күнде – 4,3 литр, республика бойынша орташа – 6,6 литрден көп төмен).

Енді мал азығына келер болсақ, ол екі бөліктен тұрады: 8 айлық жайылыс пен 4 айлық қорада тұрып жеу.

Облыстағы 9 миллион 700 мың гектар ресми түрдегі жайылымдық ақиқатқа келмейді. Қызылқоға мен Құрманғазы аудандарынан өзге 5 аудан мен облыс орталығына тікелей бағынышты ауылдық округтарға тиесілі қағаз жүзіндегі жайылымдардың 60-70 пайызы қысқы, көктемгі, жазғы жауындардың мардымсыздығынан, 4 ай аптап ыстықтан мал жейтін шөп түрлері жер бетіне шығып жарымайды, шыққандары тез қурап кетеді. Секундына 15-20 метр жылдамдықпен ұдайы шығыстан соғатын жел онсызда азғантай ылғалды, топырақты, шөп тамырын тез кептіреді, соның салдарынан соңғы жылдары әлсін-әлі топырақ борандар соғып тұрады.

Мал жайылымдарының табиғаттан бөлек тағы бір проблемасы – оны қолдан жоққа айналдырудың көбейіп бара жатқаны. Яғни, жеке адамдардың ауылдан 10-20 шақырым радиустағы мал жайылатын жерлерді жекеменшіктеріне айналдырып, малдың одан арғы өрістерге өте алмауына, суаттарға жіберілмеуіне соқтыруы. Бұның салдары малы бар ауыл тұрғындарының үнемі дерлік наразылығына, ұрыс-керіс пен дау-жанжалына, әлеуметтік теңсіздігіне итермелейді.

Малдың қысқы азығын дайындайтын әр жердегі аз ғана шабындықтарда шөп дайындау – маусымдық түрде үлкен ұйымшылдықпен өтуі жылдан жылға азайып барады. Оған талас кездерінде қаскөйлер шабындықтарға түнделетіп өрт қояды, шөп шабатын техникаларды зақымдайды.

Индер, Қызылқоға, Махамбет, Исатай аудандарындағы шабындықтар мен шаруа қожалықтарына көктем мен жазда каналдар арқылы су айдайтын Төменгі Жайық суландыру басқармасы арасында Жайық өзенінен су беру міндетін толық орындамай жатады. Оны басқарма басшылығы тұтынушылардың су ақысын уақытылы төлемеуінен көріп, кінәлайды. Ол да ақиқат, бір мезгілде нәр берушілермен бірдей есептесуде қайшылықтар мен өзгенің есебінен пайда көріп қалушылық кездесіп жатады. Осындайдың салдарынан шабындықтардың бастапқы, не кейінгі суарылымдары уақытылы орындалмай, шөптің бой көтеруі кешеуілдеп, өнім алу жоспарларында кідірістер орын алып, зиян шегу көбейеді.

Атырау облысындағы 1 миллион 28 мың төрт түлік малдың 2023/2024 жылдардың 4 айында тұрып жейтін қыстық азығы кем дегенде 618 мың тонна сабақтық шөп. Өкініштісі – оның тең жартысы облыс ішіндегі Қызылқоға, Құрманғазы аудандары мен көрші Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында дайындалып, қалған 5 аудан мен Атырау қаласының ауылдық округтарына тасылады. Сырттан әкеліп жекеменшік мал иелеріне өздері сататындар да бар.

Жыл сайын өз шешімін таппай жүрген ауыл ішінде мал ұстаушылар шабындықтарға жіберілмейді. Яғни, қысқы мал азығын сатып алады.

Түйіндейтін болсақ, жұмыссыздық қамытынан жуық арада құтылатындары сезілмейтін қазақ ауылдарындағы малға қарап қалғандардың жайылыс пен қысқы мал азығы проблемасының аудан, ауылдық округ басшылары тарапынан шешілмей келе жатқаны ойландырады.

Уақыт оздырмай, таяу аралықта облыс басшылары нақты шаралар қабылдауы тиіс.

ЖСДП Атырау облыстық филиалы

Смотрите также: