Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша толық статистиканы табу қиын, себебі бұл мәселені жиі жасырып қалып, құқық қорғау органдарында тіркете бермейді. Ерлі-зайыптылардың тұрмыстық зорлық-зомбылығымен қатар еліміздегі негізгі проблемалардың бірі – балаларды қорғау. Отбасылық зорлық-зомбылыққа куә болған немесе зардап шеккен балалардың саны туралы мәліметтер егжей-тегжейлі берілмеген. Алайда ЮНИСЕФ-тің Қазақстан туралы 2019 жылғы есебі бойынша, 18 жасқа дейінгі балалардың шамамен 68 %-ы физикалық жазаға немесе отбасындағы басқа ересектер тарапынан зорлық-зомбылықтың басқа түрлеріне ұшырайды.
2023 жылдың қыркүйегінде ЖСДП Ақмола облыстық филиалы Көкшетау қаласындағы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ана үйі» республикалық қоғамдық қорына барды. Қор қиын өмір жағдайына түскен аналарға психологиялық және материалдық тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсету, балалар үйінің көбейіп кетпеуінің алдын-алу және отбасылардың ажырасуына жол бермеуге бағытталған іс-шаралар өткізеді.
Орталық үйлестірушісі Құралай Жұмабекова Ақмола облысында ғана емес, одан тыс жерлерде де ана мен баланы қорғаушы ретінде танымал. Оның айтуынша, Қор аналарды тұрғылықты жермен, тамақпен, медициналық көмекпен қамтамасыз етеді және жұмысқа орналасу құжаттарын ресімдеуге көмектеседі. Қор балалардың тастанды болмауына және олардың анасымен бірге тұруына қолайлы жағдай жасауға әрі мұндағы аналардың отбасын сақтап қалуына қолғабыс етеді. Кейбір әйелдер тұрмыстық жай-күйіне үйренеді, олардың көпшілігі «Ана үйінің» қолдауының арқасында қоғамнан өз орнын табуып жатыр. Құралай Жұмабекова әр ананың тағдырын бақылап, олардың жетістіктерімен мақтанады.
Көптеген аналар жұмысқа орналасып, табыс тауып жүр. Сонымен қатар Қор әйелдерге тәуелсіз болуға және болашағын қамтамасыз етуге көмектесетін ақысыз курстар ұйымдастырып тұрады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және балалардың құқығын қорғау қажеттілігін ескере отырып, ЖСДП Ақмола облыстық филиалы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатымен алдағы уақытта да тиісті іс-шаралар өткізетін болады. Мәселе өзекті болғанымен, ол қосымша зерттеуді, бақылауды қажет етеді.
Ілияс Жанғали, ЖСДП Ақмола облыстық филиалы