Жастарды жұмыспен қамту мәселесі қаралды

ЖСДП-ның Жетісу облыстық филиалы еліміздегі жұмыссыздық мәселесіне байланысты Жетісу облысы Сарқан ауданының аудандық мәдениет үйінде жұмыссыз жүрген жастармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында «Мансап» орталығының маманы Дамира Серікқызы аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, бос жұмыс орындары туралы айтып өтті. Көбінесе ұсынылып отырған бос жұмыс орындарына жастарды орналастыру үшін олардың мамандықтары сәйкес келмейтіні, жұмыс өтілімі жоқтығы кедергі болып жатады екен. Ал жастардың сөзінше, көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар туралы білмейді.

Жастар арасындағы жұмыссыздық ел экономикасына әсер етуші өткір мәселе. Жұмыссыз адамның күнкөріске қаражаты жетпегендіктен, оның соңы әртүрлі физикалық және психологиялық залалдардың пайда болуына алып келеді. Жұмыссыздық қылмыс жасауға итермелеуі мүмкін. Сондықтан жұмыссыздық мәселесін шешу арқылы еліміздегі кедейшілікті азайып, халық тұрмысын түзей аламыз.

Сарапшылардың айтуынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыздар саны – 453,5 мың адам. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға артық. Қалалардағы жұмыссыздар саны бір жылда 0,9%-ға, яғни 278,7 мың адамға дейін өсті. Ал ауылдық жерлерде керісінше, 1,2%-ға, 174,8 мың адамға дейін қысқарды.

Осылайша, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8% деп белгіленді (бұрын 4,9% болған). Ауылдарда ол 4,9% (бұрын – 4,8%), ал қалаларда – 4,7% (бұрын – 5%) құрады.

Жаңа заманның жастары жұмысты жиі ауыстыратыны да белгілі. Олар тұрақсыз келеді ме, көбінесе бір жерде ұзақ уақыт жұмыс істей бермейді. Қазіргі уақытта жиі болмаса да, белгілі бір мерзімнен соң жұмыс орнын ауыстыруды ешкім теріс санамайды. Сонымен қатар, әсіресе, үлкен қалаларда бір жұмыспен, аз жалақымен күн көру де қиын. Біздің облыстағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші көңілге қонымды емес.

Атап өту керек, Қазақстан өңірлерінің жартысында ресми жұмыссыздық деңгейі орташа статистикалық көрсеткіштен едәуір жоғары, тек алтауында ол төмен. Ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркелді – әрқайсысында 5%. Ал ең төменгісі Қарағанды және Ұлытау облыстарында байқалды – 4,2%. Қалалардағы ең жоғары жұмыссыздық Жетісу (5,3%), Абай және Жамбыл облыстарында (5,1%). Ал Ұлытау облысы тағы да қала тұрғындары арасында жұмыссыздардың ең төмен үлесімен ерекшеленді – 4%. Ауылдық жерлерде жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (5,5%), Ақмола және Шығыс Қазақстан (5,2% бойынша) облыстарында тіркелді.

Ауылдардағы ең аз жұмыссыздық Қарағанды облысында тіркелді 3,7%. Алматы мен Шымкентте жұмыссыздық деңгейі 4,9%, ал Астанада – 4,5%-ды құрады.

Жоғары оқу орнын бітірген жастардың көп бөлігі жұмысқа орналасып кетуі қиын. Қолында жоғары білімін растайтын дипломы болғанымен, тәжірибенің жоқтығы оларға үлкен кедергі келтіруде. Сондай-ақ, түрлі кәсіпорындардың жұмыс орнының қысқаруына байланысты да жұмыссыз жастар саны көбеюде.

Іс-шара барысында мынадай мәселер анықталды: • жұмысыздардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар туралы білмеуі; • адамдардың мемлекеттің қолдауына сенбеушілігі; • мемлекеттік бағдарламалар бойынша ұсынып отырған жұмысқа барғылары келмейді, себеп – жалақы мөлшерінің аздығы; • жұмыс іздеп жүрген азаматтардың біліктілік деңгейінің талапқа сай болмауы және жұмыс өтілінің болмауы;

Сондықтан мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін жоғары және кәсіптік орта оқу орындарында теорияға қарағанда, тәжірибелер көбірек болса екен; жұмыссыздық мәселесін біртіндеп шешу үшін мемлекет тарапынан ашылатын өндірістік кәсіпорындар аудандарда да ашылса екен; жас кәсіпкерлерді, ғалым¬дарды, өнертап¬қыштарды қолдаса екен; еңбекақы мөлшері көбейсе екен деген ұсыныстар болды.

Іс-шара соңында Сарқан ауданының «Мансап» орталығымен, жеке кәсіпкерлермен және шаруа қожалықтары басшыларымен келісімшарт жасау арқылы тігінші, дәнекерлеуші, аспаз, т.б. мамандық иелеріне іс-тәжірибеден өтуге және алдағы уақытта жұмыс беруді қамтамасыз етуді қарастыру үшін дөңгелек үстел өткізу бойынша қарар қабылданды.

ЖСДП-ның Жетісу облыстық филиалы

Смотрите также: