Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев Түркістан облысына іссапары барысында Жетісай ауданына барып, жергілікті халықпен кездесіп, базынасын тыңдап қайтты.
Мәселен, Мәдениет үйінің қызметкері Абылай Аманбаев 3 жыл бұрын үй салуға деп алған жерін заң жүзінде өзіне тиесілі екенін дәлелдеумен әуре-сарсаңға түсіп жүр екен.
«Сол жерді тегістеп, топырағын төгіп, үй салуға дайындап қойдық. Биыл бетонын құйып қойған кезде, бір кісі бұл менің жерім деп шықты», — дейді ол.
Екеуарада туындаған жанжалдан кейін Жетісу ауданы Ынтымақ ауылдық округының әкімі Мұхтар Бейсембаев оған сенің жерің бұл емес екен деп басқа аумақтағы жерді көрсетіпті. Абылай Аманбаев оған да көніп, әкім нұсқаған жерге құрылысқа қажетті құмын түсіріп, үйдің іргетасын қалап қойған кезде бұл жер де біреудікі болып шығыпты.
«Сотқа беріп, адвокатқа ақша төлеп шығындалдым. Алайда соттан да дұрыс шешім шықпады. Әкім басқа аумақтан жер телімін тауып береміз, уақыт керек деп күттіріп жүр. Менің де, менімен бір участокқа таласып қалған кісінің де жерге құжаты бар. Екі ортада жерсіз қалып отырмын», — деп мұңын шақты.
Жиналысқа қатысқан Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков бұл мәселе әкімдіктің назарына алынатынын айтты.
Сонымен қатар, аудан халқы мәдениет пен спорт саласының, соның ішінде кітапхана қызметкерлерінің жалақы мөлшері мардымсыз екенін алға тартты. Қолға еліміздегі ең төменгі жалақы болып саналатын 85 мың теңге көлемінде ғана алады.
Аудандық мәдениет үйі басшысының орынбасары Әзберген Әйтенов: «Бұл жағдай қабілетті мамандардың ауданда қалуына мүмкіндік бермей тұр. Олардың аз жалақыға жұмыс істеуге құлқы жоқ. Сонымен қатар, ауданға қарайтын ауылдардың көбінде мәдени ғимараттар жоқ», — деп өңірдегі қордаланған мәселелерден хабардар етті.
Ал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, құрметті спорт қайраткері, Дүниежүзілік төрешілер төралқасы, Түркістан облысының құрметті азаматы Бақыт Жаңбырбаев спорт саласындағы былықтар барын жеткізді.
«Республикамыздағы ресми бокстың немесе күрестің, сол сияқты жеке спорттың жаттықтырушылары Өзбекстандағы жаттықтырушылардан қарағанда жалақыны он есе көп алады, бірақ жұмыс істемейді. Бұл салаға спорттан хабары жоқ адамдар келді. Баланы қалай жаттықтырудың өзін білмейді. Ережені өздеріне ыңғайлы қылып жазып алды. Спорттық мектепті басқару үшін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі немесе спортшы болудың өзі шарт емес деген ереже шығарды. Маман менеджер болуы керек деген терминді алға тартып отыр. Бұл дұрыс емес. «Шымшық сойса да қасапшы» сойсын деген сөз бар, әрбір маман өз жөнін білуі керек. Ал нағыз мамандар қазір жұмыс таппай жүр. Тағы бір атап өтетін жайт, «Арт спорт» деген бағдарламаның пайда болуы — шенеуніктердің пайдасы үшін әзірленген арамтамақтардың тірлігі», — деп қынжылды Бақыт Жаңбырбаев.
Бұған қатысты депутат Нұрлан Әуесбаев қаңтар айының аяғына дейін Астанада спорт мәселесі бойынша үлкен жиын өтетінін және соған Бақыт Жаңбырбайды құрметті қонақ ретінде шақыратынын айтты. «Осы пікіріңізді министрдің алдында айтуыңызды сұраймын», - деді мәжілісмен.