Бірнеше жылдан бері шешілмей жүрген бір мәселе ол – «Талдықорған-Балпық би» бағытындағы жолаушылар тасымалына орталықтан тиісті автобус аялдамасының жоқтығы. Бұл жергілікті халықтың наразылығын тудырып отыр. Себебі осы бағыт бойынша қатынайтын көпшілік жұмыс орындарының жетіспеушілігінен қала орталығына келіп жұмыс жасайды. Енді бірі керісінше Балпық би ауылына барып жұмыс істейді, сондай-ақ, студенттер барып-келіп қатынайды. Бүгінгі күнге Талдықорған-Балпық би бағытында 19 шақырым аралықта таңғы 07.00-ден кешкі 19.00-ге дейін 18 орынды 25 шағын автобус орташа есеппен күніне 1300-1400 адам тасымалдайды.
Осы орайда партиямыздың қоғамдық қабылдауына келіп түскен қала тұрғындарының өтініштерін қарастыру, атқарушы органдардың назарын жолаушыларды тасымалдау мәселесіне аударту шаруаларын талдап, бір жүйеге келтіру мақсатында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жолаушылар тасымалы: Талдықорған қаласының қоғамдық көлігі» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Талдықорған қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрбақыт Алтынбеков, Талдықорған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Әмір Қалиев, Талдықорған қалалық полиция бөлімінің майоры Данияр Сәрсенов, «Ақ-нар» ЖШК өкілдері Күнсұлу Бекешова және Болат Калпебаев, Қазақстан Халық партиясының Жетісу облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олжас Ыбрайымов және кеңсе менеджері Ирина Шишина қатысты.
Жиын барысында «Талдықорған-Балпық би» бағытындағы жолаушылар тасымалы мәселесіндегі автобус аялдамаларын белгілеудің қиындығы талқыланды. Автобус парктерінің өкілдері қала орталығынан бір аялдама үшін орын бөлуді сұрайды. Алайда жергілікті билік өкілдері аялдама беруге жер учаскесі болмай тұрғанын, тұрақ тек автобекетте ғана қарастырылғанын айтып отыр. Сондай-ақ, жер учаскесін бөлу Талдықорған қаласының қала құрылысы бас жоспарына сәйкес келмейтіндігін атап өтті.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, жиын соңында Талдықорған қаласы әкімінің атына «Талдықорған-Балпық би» бағытындағы жолаушылар тасымалына арналған автобус аялдамасына орталықтағы Н.Назарбаев-Біржан сал көшесінің қиылысындағы автотұрақ орнынан шамамен 30 метр орын беруді қарастыру үшін ұсыныс әзірленіп жатыр.
ЖСДП Жетісу облыстық филиалы