ЖСДП Атырау облыстық филиалы мектеп мұғалімдерімен, ата-аналармен үнемі байланыста болып, орта білім беретін мектептердегі мәселелерге жан-жақты талдау жасады.
Қазіргі жағдай бойынша Атырау облысында 224 мектеп бар. Оның 204-і мемлекеттік, 20-сы жеке мектептер. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша бүгінгі күні облыс бойынша 132 педагог жетіспейді екен. Оның ішінде орыс сыныптарына – 120 мұғалім, қазақ сыныптарына 12 орыс тілі пәні мұғалімі қажет болып тұрған көрінеді.
ЖСДП филиалы білім беру мекемелеріндігі жағдайды саралай келе мектептердегі күрделі және ағымдағы жөндеулер үшін тапсырысты кеш жасақтау, мемлекеттік сатып алулардың кеш жариялануы, қаржы бөлімдерінде құжаттардың бөгелуі, мәслихат сессияларында қараудың уақыт алуы, мердігердің жауапсыздығы сынды біршама келеңсіздіктер барын жергілікті атқару орындарымен бірлесе отырып анықтады.Тіпті осы жылдың өзінде облыс орталығында 10 мектеп үш ауысымда оқып жатқаны белгілі болды.
Партия өкілдері мектептерді аралау кезінде жөндеуден өткен деп тізімге алынған білім ошақтарының дені тек сырмен бояп қана қоя салудан ары аспағанын байқаған.
Анықталған тағы бір мәселе мектептерде жоғары жылдамдықты интернет жоқ болып шықты. Сонымен қатар, ұстаздардың қажетті кеңсе құралдарымен қамтамасыз етілуі де мардымсыз жағдайда болып отыр.
Тағы бір айтатыны химия, физика кабинеттерінде зертханалық жұмыстарды жүргізу үшін жағдай жасалмаған, реактивтер де жеткіліксіз болғандықтан, мектеп бағдарламасы бойынша толықтай сабақ өткізілмейді,- дейді мұндағы ұстаздар.
Мектеп жанындағы көлік жолдарының жаяу жүргіншіге қауіпсіз болуы үшін арнайы белгілердің де болмағанын назарға алған ЖСДП Атырау филиалы дереу облыстық полиция департаментіне хат жолдап, 20 мектептің маңына жол белгілерін орнатуды талап етті. Табанды талаптың арқасында бүгінгі таңда белгілер қойылып отыр.
Сонымен бірге партия өкілдері облыстағы бірнеше мектептердің бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасының балаларына мектепте тегін ыстық тамақ берілудің реттілігін назарға алып, білім басқармасымен бірлесе Атырау қаласында бірнеше мектепке тасымалданатын ас-ауқаттың мәселесін шешу жолдарын қарастыру үстінде.
Мектеп мұғалімдері қандай құрмет-марапатқа да лайықты. Бірақ ата-аналардан сыйлық алу білім сапасына тікелей әсер етеді. Мұғалімдер күні, 8 наурыз, мұғалімнің туған күні және оқу жылының аяқталуы құрметіне ата-аналардан ақшалай сыйлық алу әсіресе бастауыш сыныптарда дәстүрге айналған. Көпбалалы және тұрмысы нашар отбасыларға бұл өте қиын соғары сөзсіз. Сондықтан ендігі кезекте партия мен жергілікті атқарушы орындар бірлесіп түрлі жағдайды сылтау ететін мұндай ақша жинау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жолға қоюды жоспарлап отыр.
Одан бөлек, Атырау қаласындағы орта мектептерге мониторинг кезінде білгеніміздей, қаладағы №24-ші мектептің спортзалын «Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 17 жыл бойы (2007 жылдан бері) жеке келісім бойынша пайдаланып келген. Соңғы екі жылда мектеп әкімшілігінің спортзалды босату туралы талабы орындалмай отырған көрінеді. Бұл тек бір жағдай ғана емес Атырау қаласы бойынша 27 орта мектептің спорт алаңдарының құрылысы 2019 жылы басталып, мердігердің жауапсыздығынан бүгінгі күнге дейін жұмыс тоқтап қалған. Болашақ ұрпақтың біліміне қатысты мәселелерге келгенде талап та мықты болуы керек. Бес жылдан бері 30-ға жуық мектептің спорт алаңдарының құрылысын аяқтай алмау, шенділерге үлкен сын.
ЖСДП Атырау облыстық филиалы мектептерге жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесінде жергілікті атқарушы органдарға 23 бірдей хат жолдап, білім саласына қатысты мәселелерді үнемі назарда ұстайтынын мәлімдеді.
ЖСДП Атырау облыстық филиалы