ЖСДП Үкіметтің бюджет орындалғаны туралы есебін қабылдауға қарсы шықты

**Мәжілістегі ЖСДП фракциясы еліміздің басты қаржы құжатының орындалғаны туралы есепті құптамады. Бүгін Парламенттің бірлескен отырысы кезінде партия төрағасы, депутат Асхат Рахымжанов мемлекеттік бюджетті пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін жұртшылықты көбірек жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

«ЖСДП фракциясы Жоғары аудиторлық палатасының қорытындысы мен Үкімет ұсынған материалдарды назарға ала отырып, есепті қабылдауға қарсы», - деп атап өтті ол.

Ол Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің атауы жақында Жоғары аудиторлық палата (бұдан әрі – ЖАП) болып өзгертілгенін және бұл дегеніміз атаудың өзгеруін ғана емес, жалпы халықаралық аудит стандарттарына көшуді де көздейтінін еске салды. Егер Есеп комитеті бұрын тек бақылау жүргізу және жазалау функциясын атқарып, тексеру қызметімен айналысқан болса, енді оның жаңа мәртебесі заң бұзушылықтарды анықтаумен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы бизнес-процестерді жақсарту үшін қолдау көрсетуді де көздейді.
«Қазіргі заманғы жүйеге көшу жайында айтар болсақ, процестерді ашық жүргізу және соған халық пен тәуелсіз сарапшыларды барынша жұмылдыру бойынша халықаралық тәжірибеге сүйенуіміз қажет. Мәселен, ЖАП сайтында қазақстандықтар таныса алатындай толық есеп жоқ», - деп атап өтті халық қалаулысы.

Мәселен, 2018 жылы Transparency Kazakhstan сарапшылары 2005 жылдан бастап Есеп комитетінің сайтына талдау жасап, онда жарияланған есеп толық ашық емес және ақпарат аз деген қорытындыға келді. 2005 жылдан бастап жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуын тексеру бюллетені 21 есеге қысқарған. «Бес жыл бұрын бұл құжаттарда ақпарат жоққа тең болды, бұл еліміздің транспарентті мемлекеттік аппарат құрудағы күш-жігеріне қайшы келеді. Бүгінгі таңда ЖАП сайтында жарияланған ақпарат одан да аз. Қазақстандықтар қай министрліктерде, қай әкімдіктерде ең көп заң бұзушылық анықталатынын білуі тиіс – тек облыс деңгейінде ғана емес, тіпті ең кішкентай елді мекендегі заң бұзушылықтардан хабардар болуы керек», - деді мәжілісмен.

Мысалы, Үкімет орталық деңгейде, қанша шақырым жол салынғаны туралы баяндаған кезде – әрбір қазақстандық құрал-саймандарымен оны өлшей отырып, келтірілген фактілермен келісетіндей немесе жоққа шығара алатындай болуы керек.

«Жоғары аудиторлық палатаның есебінде шенеуніктер өзіне Ұлттық жобаларда орындауға ыңғайлы индикаторларды анықтап алғаны айтылған. Егер бұл индикаторларды халық талқылап, бақыланатын болса, қазақстандықтардың мемлекеттік органдарға деген сенімі мен бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға болар еді», - деп атап өтті Асхат Рахымжанов.

Аудиторлық палата өз қорытындысында мемлекеттік органдардың есеп беру кезінде оң нәтиже көрсету үшін кезең басында белгіленген нысаналы индикаторларды түпкілікті нәтижелерге сәйкестендіретін зиян әдеті барын бірнеше рет атап өтті. Болашақта бұл бюджетті игеру бойынша деректердің бұрмалануына әкеледі, яғни жоспарды 100% орындаған кезде қаражаттың игерілмеуі байқалады, сондықтан бюджетке өзгерістер енгізу кезеңін қайта қарауды және оны бірінші жартыжылдықта жылына бір рет қана жасауға рұқсат беруді ұсынамыз.

Сонымен қатар, отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде қай мемлекеттік органдар бұл нормаларды жиі бұзады және қай елдердің өндірушілеріне басымдық береді деген мәселе ашық күйінде қалып отыр. Иә, біз ЕАЭО-ның Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттары туралы көп айтамыз, оған сәйкес мемлекет тарапынан протекционизмге жол берілмейді, бірақ әрбір елде бұл мәселеге басымдық беріледі, бізде бұл мәселеде де ашықтық жетіспейді.

«Шенеуніктерге қаражатты тиімсіз пайдалану үшін заңнаманың олқылықтарын пайдалануға мүмкіндік беретін факторларды талдау нашар берілген. Біз бүкіл ел болып сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша шенеуніктерге қатысты қозғалған істердің көбеюін қадағалап отырмыз. Бюджет қаражаты қалай жұмсалып жатқанын бақылау әлсіз болып тұрғаны, «жалған» индикаторлар – бар болғаны, Үкімет ұсынып отырған есепті «безендіру», - деп сөзін түйіндеді депутат.

ЖСДП-ның баспасөз қызметі**

Смотрите также: