Қоңырау соғылып, мектеп есігінің оқушыларға айқара ашылар күні - 1 қыркүйек те келіп жетті. Қалың жұрт базар мен дүкендерді аралап, балаларын мектепке дайындады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл мектепке 3,9 млн бала барады. ЖСДП Абай облыстық филиал белсенділері Семейдегі дүкендер мен базарларды аралап, бағаны бағамдап, оқушылардың мектеп формасы мен құрал-жабдықтарына бақылау жүргізді. Қымбатшылықтың қалтаны қысып тұрғанына көз жеткізді. Азық-түлікпен қатар, мәселен, былтырғымен салыстырғанда биыл кеңсе тауарлары мен мектеп формасының бағасы едәуір қымбаттаған. Тұрғындардың айтуынша, дәл оқу мезгілі жақындағанда алып-сатарлар бағаны көтеріп қойған. Онсыз да қалтаға оңай тимейтін құрал-жабдықтарды алу қиынға соғуда.
Жалпы зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 488 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ай сайын 4 балаға – 16,03 АЕК (59 183 теңге); 5 балаға – 20,04 АЕК (73 988 теңге); 6 балаға – 24,05 АЕК (88 793 теңге); 7 балаға– 28,06 АЕК (103 598 теңге); егер отбасында 8 және одан да көп бала болса, әр балаға 4 АЕК, яғни 8 балаға 32 АЕК (118 144 теңге) төленеді. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК мөлшерін отбасының әрбір мүшесі есебінен орташа жан басына шаққандағы табыс бойынша есептеледі) алатын көпбалалы отбасылардағы балаларға мектеп формасына 43 407 теңге мөлшерінде бір реттік көмек беріледі. Бұл сома бір баланың киімі мен керек-жарағына жете ме?
Қазір оқу құралдарының қымбаттауы ең өзекті мәселе. Бұл көпбалалы отбасы үшін әжептеуір салмақ. Қымбатшылық қысып тұрғанда бағасы мен сапасы үйлесетін киім-кешек пен құрал-жабдықтарды түгендеу оңай емес. Белгілісі, базар бағасы қымбат. Бір баланы мектепке киіндіру мен қажетті заттарын алу үшін қанша теңге керек?
Барлық мектепке бірдей форма енгізілмегендіктен ата-ананың қалтасына қарай формаға сай киіндіруіне болады. Базарда қыздарға арналған ақ жейде 4500 теңгеден басталып, 10 000 теңгеге дейін барады. Қымбатын алам дейтіндерге одан да жоғары баға да бар. Ұлдардың ақ жейдесі де осы бағада сатылуда. Белдемше 3800 – 8000 теңге аралығында болса, сапасы жақсысы жеке дүкендерде 10000 – 15000 теңгеге дейін барады. Қыздардың спорттық киімінің арзаны 15 мың, сапасы жақсысы 25-30 мың теңге, ал ер балалардың костюм-шалбары 15 мыңнан жоғары. Қымбатшылықты сатушылар да мойындайды. Тауарды көбіне Қырғызстан, Қытай, Түркиядан әкеледі. Бүгінде орташа бағадағы Қырғыз елінің киімдеріне сұраныс көп. Ал Түркия киімдерін тек қалтасы көтеретіндер алады.
Ата-аналар ең болмаса баласының сапалы аяқ киім кигенін қалайды. Күнделікті киетін туфли, спорттық аяқ киімдер сапалы болғаны жөн. Дегенмен, олардың да ең арзаны 8-10 мыңнан басталады. Ал сапалысы қалтаға әжептеуір салмақ.
Сонымен баланы мектепке дайындау үшін қанша тұратынын орташа есептеп көрдік, нәтижесінде мектеп формасына 25 мың теңге, екі аяқ киім – 25 мың, спорттық киім – 15 мың, кеңселік тауар мен сөмке орта бағамен 25 теңгеге барады.
Қорыта келгенде, бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 90-100 мың теңге қаражат болуы қажет. Көптеген отбасылар үшін 100 мың теңге аз ақша емес. Ал, көпбалалы отбасындағы шығынды есептегенде көпке түсері анық. Себебі үш-төрт баласы мектепке баратын отбасылардың ақшасы есепсіз кететіні белгілі.
Айта кетейік, 100 мың теңге – бұл негізгі шығындарға кететін ақша. Өйткені, есептеу кезінде жұмыс және пәндік дәптерлер, іш киім, шашқа арналған түйреуіштер, қыздарға арналған гольфтар немесе колготкалар, шұлықтар, күзгі сыртқы киім, маусымдық аяқ киім сынды шығындар есепке алынбады. Баланың білім алуына жағдай жасап, киіндіру әрбір ата-ананың міндеті десек, баласын ерткен ата-ананың бір ғана ниеті – оларды қатарынан қалдырмау. Қалтасындағы соңғы қаржысына бала алдындағы парызын орындаймын деп жүр. Кейбірі несиеге алып жатыр. Әрине, басқа амал жоқ.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалы