Абай жолы - әділет пен өрлеу жолы

Қазақтың ұлы ақыны, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы туған өлкесінде кең көлемде аталып өтті. Жидебай мен Қарауылтөбеде өткен дүбірлі тойға Жалпыұлттық социал-демократиялық партия да қатысты.

Шараға еліміздің барлық өңірінен және шетелден келген меймандармен бірге (ЖСДП) Абай облыстық филиал белсенділері де болып, мерекенің әр кезеңін қалт жібермеді. Таңертең мерекелік күн Жидебайда басталып, ұлы ақын рухына Құран бағышталып, түйе малы құрбандыққа шалынды.

Рухани рәсімнен кейін қатысушылар Абай мен Шәкәрім мемориалдық кешенінде болып, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл – ұлы Абайға деген тағзымның, ұрпақ сабақтастығының белгісі. Жидебай‑Бөрілі мемлекеттік мұражай‑қорығында қонақтар Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған экспозициялармен танысып, ұлы мұраның қоғамдық‑парасат кеңістігіндегі орны туралы мазмұнды деректер алды. Рухани салтанаттан соң мерекенің негізгі бөлімі Қарауылтөбеге бет бұрды. Мұнда кең ауқымды этноауылда 180‑нен астам киіз үй тігіліп, қонақтарды әр киіз үйде дастарқан жайып, қазақтың ұлттық тағамдарымен қарсы алды.

Күндізгі бағдарлама ұлттық спорт түрлеріне ұласып, қазақ күресі бойынша «Өгіз палуан» және «Түйе палуан» белдесулері, ат жарыстары, алаңда ұлттық өнер көрсетілімдері, театрландырылған көріністер, мерейтой гала‑концертпен қорытындыланды.

ЖСДП Абай облыстық филиал белсенділері мерекелік күн бойы жергілікті жұртшылықпен бірге болды. Партия төрағасы Рүстем Сарманов қонақтарға Абай мұрасына терең құрметпен қарайтындығымызды, оның қазіргі замандағы өзектілігін, Абай үйреткен адамгершілік, әділеттілік, тәрбиелік, тұлғалық жауапкершілік идеялары қоғамымыздың дамуында маңызды бағдар болып қала беретінін айтып, қонақтармен терең пікір алмасты.

Абайдың 180 жылдығына арналған мереке тарих пен руханияттың, дәстүр мен заманауи өнердің тоғысқан ұлы тойы болды. Қарауылда гүл қоюдан басталып, этноауыл мен гала‑концертке ұласқан бұл күн елдің бірлігі мен мәдени қуатын айқын көрсетті.

Партия белсенділері ұлы тұлғаның мұрасын дәріптеуге, қоғамдағы рухани‑адамгершілік құндылықтарды нығайтуға әрдайым үлес қоса беретінін көпшілік алдында баяндады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облыстық филиалы