Аграрлық сектордағы өзекті мәселелер ЖСДП алаңында талқыланды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) елордада жаңартылған Ата Заң нормаларын аграрлық экономика секторына тиімді етуге арналған сараптамалық кездесу өткізді. Талқылаудың негізгі тақырыбы - қабылданған конституциялық өзгерістер аясында жер үлесі иелерінің құқықтарын қорғау мен жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) құқықтық мәртебесі төңірегінде болды.

Іс-шараны ЖСДП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Рахымжанов ашып, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты партияның бағдарламалық мәлімдемесін жасады. Республикалық референдумның ресми қорытындыларын (қатысу — 73,12%, қолдау — 87,15%) бағалай отырып, ел азаматтарының сенімі мен саяси күштерге бұрын-соңды болмаған ерекше жағдайдағы тарихи жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

«Референдум нәтижесі мәреге жетуі, барлығының бастау нүктесі болып отыр. Біз жаңартылған Конституцияның әрбір әрпі нақты жұмыс істейтін заңға айналуы тиіс болатын кезеңге қадам басып отырмыз. Ерекше атап айтатыны, Конституциядағы 8-бап ендігі кезекте жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі екенін бекітіп, біржола шегендеді. Бұл — біздің басты бағдарымыз. Біз үшін, социал-демократтар үшін, бұл құқықтық қорған әрбір отбасы үшін ерекше маңызды бастама. ЖСДП фракциясы шартты жер үлестері мәселелері бойынша заң жобасы бойынша бастамашылардың бірі болып, Жер кодексінің 79 және 101-баптарында жерді кепілге қою кезінде ЖШС-лардың өктемдігін шектейтін түзетулер енгізді. Бұл халықтың ұлттық байлыққа деген конституциялық құқығын тікелей жүзеге асырады», — деді Асхат Рахымжанов.

Дауыс беру қорытындысының саяси маңызы мен өңірлердің рөлін ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай атап өтті. Оның айтуынша, референдум нәтижелері партияның бүкіл ел бойынша өзгерістерге деген жалпыұлттық сұранысын растады.

«Референдум қорытындысы көрсеткендей, халық саналы түрде өздерінің жаңа құқықтық жағдайларын таңдағанын көрсетті. Бұл Конституцияның 1-бабында нақты көрсетілген. “Әлеуметтік мемлекет” тұжырымдамасының маңыздылығын Алматыдан бастап ең шалғай аудандардағы азаматтардың сезініп, жоғары белсенділік көрсеткенін байқадық. Мұндай қатысу деңгейі - халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі өзгерістерге берілген қуатты мандат», — деп атап өтті Тазабек Сәмбетбай.

Кездесудің практикалық бөлімінде жер үлестерін бөлу мәселесінің көпжылдық проблемасына ерекше назар аударылды. Пай иелерінің құқықтарын қорғау ісін қолға алып, шаруамен ұдайы айналысып жүрген ЖСДП Орталық аппаратының жетекшісі Максұт Насибулов жаңа құқықтық жағдай ескі жер дауларын шешуге жаңаша мүмкіндік беретінін айтты.

«Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы мыңдаған ауыл тұрғындарының құқықтарын қалпына келтірмей жүзеге аспайды. Конституцияның 29-бабының жаңа редакциясы меншік құқығын қарапайым норма ретінде бекітті, біз мұны пай иелерін қорғауда пайдаланамыз. “ЖШС туралы” заңға (46, 48-баптар) үлесті бөліп беру мәселесі бойынша болатын жиналысты 1 ай ішінде шақыруды міндеттейтін түзетулер енгізілді. Бұл Конституция преамбуласында көрсетілген “Заң және тәртіп” қағидатын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының салымдарын инфляциядан қорғау үшін жарғылық капиталды әр 3 жыл сайын міндетті түрде қайта бағалауды ұсынамыз», — деді Максұт Насибулов.

Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл аумақтарының өміршеңдігі мәселелерін ЖСДП-ның Астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаров көтерді. Оның пікірінше, бүгінгі таңда әлеуметтік тұрақтылықтың негізі ретінде жеке қосалқы шаруашылықтар (ЖҚШ) ерекше конституциялық назарды қажет етеді.

«ЖҚШ ауыл шаруашылығы өнімінің 50%-ына дейін өндіреді, бірақ әлі күнге дейін “көлеңкелі аймақта” қалып отыр. Біз бастамашылық етіп отырған жеке қосалқы шаруашылықтар (ЖҚШ) туралы заң жобасы Конституцияның жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты 88 және 91-баптарымен толық үйлеседі. Біз жайылымдар мен шабындықтарды басқару функцияларын тікелей жергілікті қауымдастықтарға (кеңестерге) беруді ұсынамыз. Біздің мақсатымыз — ауыл тұрғындарының ресурстарға тікелей қол жеткізуін қамтамасыз ету. Өйткені әлеуметтік әділеттілік өз жерінде адал еңбек етіп, табыс табу мүмкіндігінен басталады», — деп атап өтті Талғат Омаров.

Ауылдықтардың құқығы басты орында

Талқылау барысында сарапшылар мен аграрлық сектор өкілдері өздерінің тапталған құқықтарын заң жүзінде реттеп, барынша әділ шешім шығаруды қалайтындықтарын айтты. Сараптамалық кездесуге келген ауыл тұрғындары жеке бастарына тиесілі пай үлестерінің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткендігіне наразы екенін жеткізді. Тіпті ауыл тұрғындары өздеріне заң жүзінде тиесілі жер үлестерінен (пай) ешқандай пайда да, табыс та көрмей отырғанын айтты. Белгілі болғандай, кейбір жер телімдері түрлі банктерге кепілге қойылған және ол жерлердің үшінші тұлғаларға сатылып кеткендігінен де бейхабар қалған. Ең сорақысы - әлгі жер телімдеріне иелік етіп отырғандардың арасында шетел азаматтары да бар екені айтылды. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: «Қазақстан Республикасында жер шетелдік тұлғаға сатылмайды» деген қағида қайда қалды? Бұл мәселемен біздің құзырлы органдар неге айналыспайды?

Ауылдағы ағайынымен бірге өздерінің пайларын сеніп тапсырған «Полина АШК» ЖШС-нің акционері Исмагулова Сымбат былай деп айтып отыр.

«Біз жер үлесімізді даулап жүргенімізге 5–6 жылдың жүзі болды. Біздің жер телімдеріміз сыртымыздан түрлі банктерге кепілге қойылып, өте көп көлемде қаражат алынған. Осы мәселені шешу үшін өз басым бармаған жерім қалмады. Жергілікті прокурордан бастап, ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше депутатына дейін кірдім. Нәтиже жоқ. Тек сырғытпа жауаптар ғана беріледі», — деді Сымбат апай.

Ал Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Николаевка ауылының тұрғыны Сүлейменов Марат осыдан бес жыл бұрын сүтті ірі қара мал өсіріп, кәсіп бастағанын айтты. Бірақ кезінде өзіне және отбасына тиесілі жер үлестерін сеніп тапсырған «Ольгинское» ЖШС енді сол жер телімдерін бөліп беруден бас тартқан.

«Осымен бесінші жыл бір мәмілеге келе алмай жүрміз. Мал бағамын деп “Дилназ” деген атпен жеке кәсіп құрдым. Мал өсірген соң сапалы жем-шөп пен жайылым қажет. Бірақ “Ольгинское” ЖШС өзімізге тиесілі жайылым мен шабындық жерлерді бөліп бермей отыр. Ең қызығы - “Ольгинское” ЖШС бізге тиесілі жер телімдерін пайдаға асырып, ол жерден өнім алып отырса қуанар едік. Бірақ олар ештеңе істеп жатқан жоқ. Егістік жерлерге арамшөп қаптап, босқа тозып тұр. Егін екпейтін болса ол жерлер неге бұрынғы иелеріне бөліп берілмейді?», - дейді.

Жағдайдың мұншалықты қиын екеніне біз де таң қалып отырмыз. Неге ол жерлерге егін егіліп, шабындықтарда жұмыс жүргізілмей бос тұр? Мемлекеттің бақылаушы органдары, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мәселені не себепті қозғамайды? Мұның артында кім тұр? Бұл жағы біз үшін де, ауыл тұрғындары үшін де түсініксіз күйде болуда. Сауалды саралап үлгермей жатып, жиынның модераторы Максұт Насибулов сөз алды. Айтуынша, осыдан бір жыл бұрын мәселемен танысып, жағдайды зерделеген.

«Біз Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Николаевка ауылының тұрғындарымен кездесіп, жағдаймен таныстық. Әкімдікпен сөйлесіп, прокуратураға арызданып жүріп, ауыл халқы үшін сәл де болса көңілге медет болар шешім шықты. Қазір аталмыш ЖШС құрамынан ауыл халқы жер телімдерін бөліп алуға құқылы. Бірақ бір ғана шарт бар: аталмыш ЖШС құрамынан өз еркімен шығатын адам өзіне тиесілі жер телімдерінің 1,5%-ын ғана алып шыға алады. Қалған 0,5%-ы ЖШС құрамының меншігіне өтеді. Бірақ бұл да толық жеңіс емес. Күресу керек», — деді.

Осы тұста жеке қосалқы шаруашылық мәселелері жөніндегі сарапшы Асхат Борумбаев қосалқы шаруашылықтардың нақты рөліне негізделген жүйе құрылмайынша, мал шаруашылығындағы жағдай өзгермейтінін айтты.

«Менің пайымдауымша, жеке қосалқы шаруашылықтар - эксперимент немесе өткенге оралу емес. Олар мал шаруашылығының нақты құрылымына, Президенттің тікелей нұсқауларына және Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының ережелеріне негізделген жүйелі шешім. Осыған байланысты біз заңнамалық бастамалардың төмендегідей нақты пакетін ұсынамыз. Оған жеке қосалқы шаруашылықтарға арнайы құқықтық мәртебе беру; мемлекеттік жайылымдарды меншік нысанын өзгертпей кооперативтерге сенімгерлік басқаруға беру; цифрлық есеп және ашықтық; мемлекеттік қолдауды алған кезде міндетті есеп беру және айқын өзара міндеттемелер; жергілікті қауымдастықтың рөлін және ауылдық жиналыстардың шешімдерін күшейту кіреді. Жеке қосалқы шаруашылықтардың нақты рөліне негізделген жүйе құрылмайынша, мал шаруашылығындағы жағдай өзгермейді», - деді.

Эксперт Борумбаев дұрыс айтып отыр. Кез келген шаруа қожалықтары ең алдымен ашықтықты қамтамасыз етуі керек. Қожалық басшылығының әрбір әрекеті үлескерлерге ашық әрі түсінікті болуы тиіс. Құпиялылық жеке мәселелерге байланысты болмаса, өзге жағдайларда ашықтық негізде болуы қажет. Бұл жағдайды заңмен бекітіп, қайта саралау маңызды болмақ.

Сарапшы Асхат Борумбаев шаруалардың көңіліне қонымды тағы бір ұсыныс айтты. Оның сөзінше, елімізде тиімді жұмыс істеп жатқан жеке қосалқы шаруашылықтарға мемлекет өсімсіз, қайтарым негізінде кем дегенде 500 млн теңге көлемінде қаражат ұсынуы керек. Бұл қаражат кәсіп түріне қарай техника алуға, мал тұқымдарын көбейтуге немесе түрлі тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалуы қажет. Әрине, бұл ұсыныс та қолдауға лайық. Өйткені мемлекет субсидия беру арқылы да белгілі бір тәуекелдерге барып отырғаны анық.

Ақмола облысы Астрахан ауданына қарасты Бірлік ауылының тұрғыны Жандос Жүсіпбеков те өзінің және ауылдың жағдайына байланысты бірнеше мәселені жіпке тізді. Оның айтуынша, жер иеленіп отырған шаруалар ауылдың дамуына атсалысуы қажет.

«Біздің Бірлік ауылы қазір тоз-тозы шығып барады. Мектеп те жабылып қалды. Ауыл халқы қалаға үдере көшуде. Басты себеп - жұмыссыздық. Ауылда жұмыс жоқ дейміз, бірақ ауылда жұмыс болар еді, егер шаруашылық қожалықтары сол ауылдың халқын жұмыспен қамтамасыз етсе. Менің түсінбейтінім - әлгі шаруашылықтар тек науқан кезінде ғана сырттан жалдамалы адамдарды әкеліп жұмыс істетеді де, науқан аяқталған соң таратып жібереді. Ал ауыл халқы не пай үлесін ала алмай, не жұмыс таппай, екіұдай күйде қалады. Сондықтан ең бірінші ауыл халқын жұмыспен қамту мәселесіне жергілікті қожалықтарды міндеттеу қажет. Сол кезде ғана ауылды сақтап қалып, халықтың қалаға көшуін тоқтатамыз», — деді.

Жиында көтерілген мәселелер аз болған жоқ. Ауыл халқының мұң-мұқтажы әлі де толық шешімін таппай отырғаны анық. Бұл жағдай Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы көшбасшыларының назарынан тыс қалмайтыны белгілі. Мұны партия төрағасы Асхат Рахымжанов та атап өтті. Қорытынды сөзінде модератор Максұт Насибулов айтылған барлық мәселелер мен ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта Астана маңындағы Аршалы ауданында еліміздің жер үлескерлері мен пай иелерінің басын қосып, ауқымды жиын өткізу қажеттігін айтты. Бұл бастаманы жиналғандар бір ауыздан қолдады.

Бердібек Қабай