Алматылық тұрғындар баспаналарынан айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр

**Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновке жолданады.**

Алматы қаласында мыңнан астам тұрғын өздеріне тиесілі баспаналарының құжаттарын рәсімдей алмай бастары дауға қалғанын айтып, ұлардай шулап жүр.

ЖСДП депутаттарының қаңтар айының басындағы өңірлерге жасаған сапары барсысында пәтерлерін кепілден шығарып, құжатын рәсімдей алмай жүрген бір топ тұрғын бізді іздеп келіп, арыз-шағымдарын айтты. Даудың басы 2016 жылы басталған.
2012 жылы Алматы қаласының орталығында «Алтын бұлақ-1», «Алтын бұлақ-2», «Жағалау» және «Каусар» деп аталатын тұрғын үй кешендері бой көтерген. Құрылысты жүргізген «KUAT корпорациясы» АҚ банкрот деп танылған соң 2016 жылы аталмыш үй «Global Building Contract» ЖШС-нің құзырына өткен. Осылайша мұндағы пәтерлер болашақта сатып алу құқығымен жалға алу бағдарламасы негізінде үлескерлерге берілген. Бірақ көп ұзамай бұл компания да банктер алдында қыруар қарызы бар деп танылып, тұрғынүй кешендері «ONDIRIS BUILDING» деген ЖШС-нің иелігіне өткен екен. Екі компания арасындағы алыс-беріс кезіндегі 70 млрд теңгеге жуық қаражатқа байланысты арада дау туындайды. Салдарынан бүгінгі таңда қарапайым тұрғындар жапа шегіп отыр. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» демекші, компаниялар арасындағы бітпейтін алыс беріс пен кергілестің кесірінен бүгінгі күні ұзын саны 1200-ден астам тұрғын әуіре-сарсаңға түсіп, әбден шаршаған. Бір қызығы жоғарыда айтылған алыс-беріске қарамастан барлық жағдайлар барысында пәтерлерді «Сатып алу құқығымен жалға беру» жұмыстары жүргізіле брген. Енді міне 2023–2025 жылдары компаниялар алдындағы берешектерін толық орындап, пәтерлерін жекеге өткізіп алмақшы болған 100 отбасыға құжат берілмейтіндігі туралы мәлім етілген. Себебін сұрап сотқа шағымданған азаматтар даудың сиыр құймышақтанып кеткенінен қорқып отыр. Тіпті 15 жылдан артық салымшы ретінде төлеп, пәтерлеріне күрделі жөндеу де жүргізіп шығындалған азаматтар айдың-күннің аманында қаражаттары желге ұшып, ақыр соңында пәтерсіз далада қаламызба деп қорқып отыр. Бұл бір ғана жағдай. Мұндай мысалдардың еліміздің әр өңірінде бар екенін біз білеміз. Тіпті жекеменшік түгілі мемлекеттік тапсырыспен салынған үйлердің сапасына байланысты да даудың үнемі көтеріліп жататынын көріп жүрміз. Сондақтан тұрғынүй құрылысын жүргізетін кез келген компаниялардың да жұмысын майшаммен қарайтын уақыт жетті деп білеміз.
Осыған байланысты төмендегі мәселелерді шешуді талап етемін:

  1. Аматыда жоғарыда аталған төрт бірдей тұрғынүй бойынша алдын ала сатып алу-сату шарттары негізінде пәтер құнын 100% төлеген жалға алушылардың (1-қосымшадағы тізімге сәйкес) пәтерлерін бір мезгілде кепілден босатудың миханизім құруды;
  2. Қазіргі уақытта «Сатып алу құқығымен жалға беру» бағдарламасы бойынша төлем жүргізіп отырған жалға алушылар үшін: – пәтерді сатып алу міндеттемелері толық орындалғаннан кейін меншік құқығын алуға кепілдік беретін мәміле тетіктерін енгізуді;
  3. Кепіл сақталған күйде мүлікті ішінара иелену, иеліктен шығаруды (сату, сыйға тарту және т.б.) қамтамасыз етілуін талап етеміз.

Құрметпен, ЖСДП фракциясының депутаттары: Сайлаубай Н.С. Рахимжанов А.Н. Ауесбаев Н.С. Сағындықова А.Б.