Атырау тұрғындары «Сергек» камераларын алып тастауды талап етуде
Атырау қаласында төрт мыңға жуық «Сергек» бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Алайда осы бейнебақылау құрылғыларының бірқатары қаладағы тұрғын үйлердің шатырларына орнатылып жатқанына жұртшылық наразылық білдіруде.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының белсенділері шатырларға орнатылған бейнебақылау құрылғыларының бірқатарын көзбен көріп қайтты. Расында да, кейбір тұрғын үйлердің шатырларында камералардың орнатылғаны анықталды.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры ортақ мүлік болып саналады. Сондықтан оны пайдалануға кондоминиум объектісі иелерінің келісімі қажет. Соңғы уақытта көпқабатты үйлердің шатырларына орнатылған «Сергек» бейнебақылау камераларына қатысты тұрғындардың шағымдары көбейген. Мәселен, қаладағы «Береке» ықшамауданында орналасқан көппәтерлі үй тұрғындары шатырға орнатылған бейнебақылау камерасын алып тастауды талап еткен. Тұрғындардың айтуынша, кейін камера алынып, көрші үйдің шатырына орнатылған.

ЖСДП Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келген Лесхоз ықшамауданындағы №9 және №10 үйлердің тұрғындары да «Сергек» камераларын орнатуға келісім бермегендерін жеткізді. Алайда қазіргі уақытта аталған үйлердің шатырында камера тұр. Тұрғындар оны кімнің рұқсатымен қойғанын білмейтіндерін айтады.

Шағымданушылардың айтуынша, үйлер ескі болғандықтан шатырлары да әбден тозған. Сондықтан шатырға шығып, камераларға қызмет көрсетудің өзі өмірге қауіпті. Сонымен қатар тұрғындар камераларға қызмет көрсететін мамандардың шатырға шығатын қақпақты ашық қалдырып, айналаны ластап кететініне де наразылық білдіруде.

Аталған үйдің тұрғыны А. Шеркешбаеваның айтуынша, «Сергек» камералары орнатылғаннан кейін дәлізде тұрғындарды тоқ соғу жағдайлары орын алған. Тиісті құзырлы органдарға хабарланғаннан кейін ғана барып мәселе шешімін тапқан.

ЖСДП Атырау облыстық филиалының қызметкерлері тұрғындардың шағымы негізінде Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жауапты қызметкері Жадыра Абылайқызы Сәндібековамен кездесті. Жадыра Сәндібекованың айтуынша, Атырау қаласындағы «Сергек» бейнебақылау жүйесіне мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Көркем Телеком» ЖШС жауап береді. Ал жобаны үйлестіруші – Атырау облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Сонымен қатар «Сергек» камералары жазбаларының деректеріне қол жеткізу құқығы тек полиция органдарының құзыретіне жатады.

Жадыра Сәндібекова «Сергек» құрылғыларының адам денсаулығына зиян келтірмейтінін айтты. Сондай-ақ әкімдік теңгеріміндегі бейнебақылау жүйесіне қатысты тұрғындарының шағымдары жан-жақты қарастырылып, мәселені шешу жолдары іздестірілетінін жеткізді. Егер тұрғындар бақылау жүргізуге қарсы болса, камераларды басқа ғимаратқа көшіру немесе тиісті келісімшарт негізінде төлем жасау мүмкіндіктері де қарастырылуы мүмкін. Осы мәселелер бойынша халықпен кездесулер ұйымдастыруға дайын екендерін де атап өтті жауапты қызметкер.

ЖСДП Атырау облыстық филиалы тұрғын үй қатынастары саласындағы заң талаптарының сақталуы мен көппәтерлі үйлер тұрғындарының жайлы тұрмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.

ЖСДП Атырау