АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ КӨРСЕТКІШІ

Ауылдың ажары – абаттанған көшесі мен көркейген келбетінен, ал берекесі тұрғындарының тұрмыс сапасынан көрінеді. Таза ауыз су, сапалы жол, жарық әрі жайлы орта, балаларға арналған ойын алаңдары – ауыл халқы үшін күнделікті қажеттілік қана емес, елді мекеннің даму деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштер. Алайда бұл мәселелердің түбегейлі шешілуі жүйелі жұмысты, нақты жоспарды және жауапты мекемелердің өзара үйлесімді іс-қимылын талап етеді. Сондықтан ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындарды толғандырған түйткілдерді шешу әрдайым қоғамдық назарда болуы тиіс.

Осы мақсатта 3 қараша күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ауылдағы ауыз су және инженерлік инфрақұрылым мәселелері» тақырыбында ашық кездесу өтті. Кездесу аясында партия өкілдері «Сыр су» мекемесінің жұмысымен танысып, сала мамандарымен ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін жан-жақты талқылады. Әңгіме барысында тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамту, су жүйелерінің жай-күйі, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар сөз болды. Партия өкілдері саладағы өзекті мәселелерге назар аударып, оларды шешу жолдары жөнінде мамандармен пікір алмасты. Жиын барысында сала мамандары да өз ұсыныстарын ортаға салып, ауданның инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірқатар бастамаларды көтерді. Атап айтқанда, елді мекендерді көгалдандыру, балалар ойын алаңдарын салу және жаңарту, көшелердің жол сапасын жақсарту, қоғамдық орындарды абаттандыру мәселелеріне басымдық берілді. Бұл ұсыныстар ауылдардың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Талқылау барысында инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешудің маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар жоспарланған жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі және атқарылған жұмыстардың нәтижесіне қоғамдық бақылау жүргізу қажеттігі айтылды. Расында, ауылдың дамуы тек жоспарлар мен есептерден тұрмауы керек. Оның нақты нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Әрбір көшенің жөнделуі, әрбір үйге таза ауыз судың жетуі, балаларға арналған ойын алаңдарының салынуы мен айналаның көгалдандырылуы – ауыл өміріне серпін беретін маңызды қадамдар. Мұның барлығы халықтың әл-ауқатын арттырып, туған жердің көркеюіне жол ашады. ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы өңір тұрғындарын толғандырған әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал ету, сала мамандарымен өзара байланысты нығайту және жоспарланған жұмыстардың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу бағытындағы жұмыстарын жалғастырады. Өйткені ауылдың өркендеуі – тек бір саланың емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ал халықтың талап-тілегі ескеріліп, нақты іске ұласқанда ғана елді мекендердің еңсесі биіктеп, болашаққа деген сенім нығая түседі.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Қызылорда облыстық филиалының баспасөз бөлімі