2025 жылғы 19 тамызда Мәжіліс депутаты, ОСДП фракциясының мүшесі Асхат Рахимжанов Шығыс Қазақстан облысына қарасты Белоусовка ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиын ресми емес жағдайда өтті: халық жүрек жарасын қозғап, айтылмай келе жатқан мәселелерін ашық жеткізді.
Ауыл әкімі Анатолий Ташниченко: «1 қарашаға дейін су қысымы қалыпты болады» деп уәде берді. Бірақ тұрғындар уәде мен мерзімге сенуден қалған. «Бізде мүлдем су жоқ. Қыста қарды ерітіп, ыдыс жуамын. Суды алуға алысқа бару керек, қыста мүлде мүмкін емес — қар, суық, денсаулығым да көтермейді. Тегін есептегіш берді. Не үшін? Су жоқ қой!»— деді ауыл тұрғыны.
Басқалары қосып айтты: «Жаңа үйлердің нәжістері тікелей Глубочанка өзеніне төгіледі. Маған мәдениет үйі неге керек, менің кір жуылмаған шалбарым тұрғанда?»
Асхат Рахимжанов тікелей сұрақ қойды: «XXI ғасырда Қазақстан азаматтары жуыну үшін қар ерітуге тиіс пе? Адамның таза суға құқығы мәдени нысандардан төмен тұруы керек пе? Әрине, бұл — басымдықты қате қою. Әкім қарашаға дейін су болады деп уәде берсе, онда жалғыз дұрыс шешім — сол уәдесін орындау. Әйтпесе бұл тек жоспардың орындалмауы емес, халық сенімінің жоғалуы».
Медицина мәселесі де аз ашу тудырмады. Ауылда қарттарға арналған күндізгі стационар жоқ, барлық балалар мен жаңа туғандар бір кабинетке жүгінуге мәжбүр. Ауруханада бар болғаны бір-екі төсек ғана бар. Жаңа ғимаратты тек 2027 жылы саламыз дейді. Ал екі жыл бойы халық қайда барады? Қарттарды бүгін қалай емдейміз? Рахимжанов атап өтті: «Денсаулықты болашақ жоспарларға қалдыруға болмайды. Шешім — уақытша стационарды дәл қазір ұйымдастыру және қолданыстағы ауруханада медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл — атқарушы биліктің тікелей міндеті».
Ең ауыр тақырып — дәрі-дәрмек!
«Менің әпкем айлап тегін берілуге тиіс дәрілерді ала алмай жүр. Чаттарда тұрғындар бір-бірінен дәрі қарызға алып отыр», — деді ауыл тұрғыны.
Мүгедек баланың әкесі Қуаныш қосты: «Жыл сайын бір жағдай қайталанады. Қаңтардан наурызға дейін халық дәрісіз отырады — тендер өткенше. Сұрақ: егер дәрілер жылға бөлінсе, осы айларда берілмегендері қайда кетеді?»
Асхат Рахимжанов халықтың ашуын бөлісті:
«Адам өміріне қатысты мәселе тендерге тәуелді болуға тиіс пе? Мемлекет жауапкершілікті күнтізбеге, рәсімдерге ысырып қоя ала ма? Жауап анық: мұндай жүйе жұмыс істемейді! Шешім — дәрі-дәрмек сатып алу тәртібін өзгерту. Егер бюджет жылға бекітілсе, онда препараттар қаңтардан бастап қолжетімді болуы тиіс, кідіріссіз, үзіліссіз. Денсаулық сақтау министрлігі сатып алуды жыл бойы дәрі қолжетімді болатындай құруға міндетті», — деді Мәжіліс депутаты.
Тұрғындар жолдардың сапасына да шағымданды: ескі асфальттың үстіне жаңасын төсеп, нәтижесінде су жертөлелерге кетеді, күзде аулалар нағыз «мұз айдынына» айналады. Сондай-ақ жылыту мәселесіне де алаңдаушылық бар: жаңа мектепті ескергенде, қазандық қуаты жете ме? Әкім: «45% қор бар, ешкім қиналмайды» деп сендірді. Бірақ қыс алдында жай уәдемен жұбату жеткілікті ме? Шешім — тұрақты бақылау мен нақты дайындық, бос сөз емес.
Кездесуді қорытындылай келе, Асхат Рахимжанов:
«72 көше, 100 шақырымнан астам жол — бұл әкімнің бас ауруы. Бірақ ең бастысы — адамдар суды ма әлде мәдениетті ме таңдап отырғаны, дәрі-дәрмекті ме әлде бюрократиялық рәсімдерді ме таңдауға мәжбүр екені. Бұл дұрыс емес. ОСДП әрқашан азаматтардың жанында болады және атқарушы биліктің басымдықтарды дұрыс қоюын талап етеді. Сол уақытқа дейін халық әділетті сұрақты қоя бермек: кір жуылмаған шалбар тұрғанда, маған мәдениет үйі неге керек?» — деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.
ОСДП баспасөз қызметі