2025 жылдың 19 қыркүйегінде Абай облысы, Семей қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Білім, мәдениет және денсаулық – өңірдің басты басымдықтары» атты дөңгелек үстел өтті.
Кездесуге білім, денсаулық сақтау және мәдениет басқармасының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Отырыс барысында өңірдегі бірқатар жүйелі мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдарын талқылады. Атап айтқанда, мектептердің жетіспеушілігі, пәндер бойынша педагог мамандар тапшылығы, колледждерді біріктіру – арнайы бағыттардың жойылу қаупі сынды мәселелер білім саласы бойынша көтерілді. Одан кейін, тар бейінді дәрігерлер мен жалпы медициналық кадрлардың жетіспеушілігі, босану үйлерінің қысқаруы мен жабылуы және перзентханаларда ақылы қызметтердің негізсіз өсуі, қаланың шеткері аймақтарында алғашқы медициналық көмектің болмауы мәселелері сөз болды. Ал мәдени өмір бағыты бойыгша, балалар мен жастардың шығармашылық ұйымдарында жеткілікті қолдаудың болмауы, халық өнері мен жергілікті дәстүрлерді дамыту, мәдениет мекемелерін қаржыландырудың өте төмен деңгейі, Абай мұражайының жұмыс істеуіне және мұраны сақтауға қажетті ресурстардың жетіспеушілігі туралы айтылды. ЖСДП Абай облыстық филиал белсенділері мен Семей қаласының коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығының вице-президенті Николай Исаев осы мәселелер бойынша ой-ұсыныстарын баса айтты.
*«Өңірдегі білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы ахуалды сыни және шұғыл шараларды талап ететін деңгейде деп тану, кадр тапшылығы мен инфрақұрылымды жақсарту бойынша нақты жол картасын әзірлеу және бекіту қажет. Бұрын денсаулық сақтау жүйесіне тиесілі болған нысандарды мемлекеттік меншікке қайтару, ұлттық маңызы бар мұражайлар мен мәдениет мекемелерін қаржыландыруды арттыру, жаңа мектептер мен балабақшалар салу, мәдениет мекемелеріне қолдау көрсету ешқашан кейінге қалдырылмауы керек»*,-деді.
Қорыта келгенде, ЖСДП партиясы тұрғындарды билік пен ашық диалогқа қатысуға және өз құқықтарын бірге қорғауға шақырады. Тек қоғам мен биліктің бірлескен күш-жігері арқылы өңірдің тұрақты дамуы мен азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейіне қол жеткізуге болады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облыстық филиалы