Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі — баспана тапшылығы. Әсіресе жас отбасылар, студенттер мен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін қолжетімді тұрғын үй табу қиынға соғып отыр. Бір жағынан мыңдаған адам пәтер жалдап, баспана кезегінде жүрсе, екінші жағынан еліміздің көптеген өңірлерінде бос тұрған үйлер мен қараусыз қалған ғимараттар аз емес. Осындай жағдайда бос үйлерді тиімді пайдалану — уақыт талабынан туған маңызды шешімдердің бірі.
Бүгінде ел ішінде ескі жатақханалар, пайдаланылмай тұрған әкімшілік ғимараттар, бос қалған көпқабатты үйлер мен иесіз қалған тұрғын үйлер жетерлік. Көпшілігі жылдар бойы қараусыз қалып, тозып барады. Осындай нысандарды қайта жөндеп, тұрғын үй ретінде пайдалануға болады. Бұл тұрғын үй тапшылығын азайтып қана қоймай, бос тұрған ғимараттарды қайта халық игілігіне жаратуға мүмкіндік береді.
Бұл мәселе ауыл тұрғындарын да алаңдатып отыр. Мәселен, Жетісу облысына қарасты Қабанбай ауылының тұрғыны Мариям ауылдағы бос тұрған үйлердің қараусыз қалып жатқанын айтып, оларды халық қажетіне беру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауылда иесіз қалған бірнеше үй бар, алайда сол үйлер еш мақсатта пайдаланылмай бос тұр.
Ауылда бос тұрған үйлер көп. Кейбірінің иелері көшіп кеткен, енді бірі жылдар бойы қараусыз қалған. Ал ауылға келген жас мамандар мен жас отбасылар баспана таппай жүр. Осындай үйлерді жөндеп, халыққа берсе жақсы болар еді, — дейді Қабанбай ауылының тұрғыны Мариям.
Мариямның сөзінше, әсіресе ауылға келетін дәрігерлер мен мұғалімдер үшін баспана мәселесі өте маңызды. Көп жағдайда мамандар ауылда тұрақтап жұмыс істегісі келгенімен, үйдің жоқтығынан басқа жаққа кетуге мәжбүр болады.
Егер бос үйлерді жас мамандарға немесе көпбалалы аналарға жеңілдетілген шартпен берсе, халыққа үлкен көмек болар еді. Бұл ауылдың дамуына да оң әсер етеді, — дейді ол.
Аталған мәселе бойынша Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жасұлан Мұқаманов та Қабанбай ауылына барып, тұрғындармен кездесіп, бос тұрған үйлердің жағдайымен танысып қайтқан. Ауыл тұрғындары оған үйлердің ұзақ уақыттан бері бос тұрғанын айтып, оларды халық игілігіне беру жөніндегі ұсыныстарын жеткізген.
Тұрғындардың айтуынша, әсіресе көпбалалы отбасылар мен жас мамандарға баспана мәселесі қиындық туғызып отыр. Кейбір отбасылар жалдамалы пәтер жағалап жүрсе, енді біреулері туыстарының үйін паналауға мәжбүр.
Сонымен қатар бос тұрған үйлерді қайта қолданысқа беру ауылдардың тыныс-тіршілігін жандандыруға да ықпал етуі мүмкін. Қараусыз қалған үйлер көбейген сайын ауылдардың көркі кетіп, кейбір елді мекендер босап бара жатқандай әсер қалдырады. Ал бос тұрған үйлер халық игілігіне берілсе, ауылдағы өмір қайта жанданып, тұрғындар санының азаюына да оң әсер етуі ықтимал.
Қазақстанда бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Әсіресе халық саны азайып бара жатқан ауылдардағы бос үйлерді тиімді пайдалану маңызды. Егер бос тұрған үйлер жөндеуден өткізіліп, жас мамандарға, көпбалалы отбасыларға немесе мұқтаж жандарға ұсынылса, бұл үлкен әлеуметтік қолдау болар еді.
Дегенмен мұндай бастаманы жүзеге асыру барысында заңдық және техникалық мәселелерді де ескеру қажет. Кей ғимараттар күрделі жөндеуді талап етеді. Кейбір үйлердің құжаттары реттелмеген болуы мүмкін. Сондықтан бос тұрған нысандардың жағдайын тексеріп, оларды ретке келтіру маңызды.
Қорытындылай келе, бос үйлерді тиімді пайдалану — тек баспана мәселесін шешудің ғана емес, ауылдарды дамыту мен халықтың өмір сапасын арттырудың да маңызды жолы. Қабанбай ауылының тұрғыны Мариям көтерген мәселе — бүгінде көптеген елді мекенге ортақ түйткіл. Ең бастысы — қараусыз қалған ғимараттарды ел игілігіне жаратып, халық қажетіне беру.
ЖСДП Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі