«Еркіндік марафоны»: ЖСДП әлеуметтік әділеттілікке үндеді

Елордадағы Триатлон саябағында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) ұйымдастыруымен өткен «Еркіндік марафоны» спорттық шарадан гөрі әлеуметтік маңызы зор қоғамдық акцияға айналды. Ұйымдастырушылар бұл жолы азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырумен қатар, зейнетақы жүйесін реформалау мәселесіне де қоғам назарын аударуды мақсат етті.

Марафонға ЖСДП-дан ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидаттар Мақсұт Насибулов, Ажар Сағандықова, Нұрлан Әуесбаев, Нұрлан Жабаев, Наурыз Сайлаубай, сондай-ақ партия белсенділері, жастар қанатының мүшелері, еріктілер мен елорданың белсенді зейнеткерлері қатысты. Әртүрлі буын өкілдерінің бір алаңда бас қосуы шараның негізгі идеясын – ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық бірлікті айқын көрсетті.

Қатысушылар скандинавиялық жүріс таяқтарымен белгіленген қашықтықты еңсеріп, белсенді өмір салтын насихаттады. Сонымен қатар марафонның басты ерекшелігі – ЖСДП-ның зейнет жасын кезең-кезеңімен төмендету жөніндегі бастамасын қолдау болды.

Партия белсенділері әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ге, ал ерлердің зейнетке шығу жасын 60 жасқа дейін төмендету ұсынылған. Осы идеяны көрнекі түрде жеткізу мақсатында марафонға қатысушылар арнайы киімдеріне «58» және «60» сандарын орналастырып, марафон мәресіне бірге жетті. Іс-шара барысында тағы бір символдық мәнге ие жайт назар аудартты. ЖСДП сайлау бюллетенінде №2 болып тіркелгендіктен, қатысушылар бұл реттік санды да марафонның негізгі символдарының бірі ретінде пайдаланды.

Партия бағдарламасында зейнетақы жүйесін түбегейлі жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Онда зейнет жасын төмендетумен қатар, зейнетақы төлемдерін қазақстандық өмір сүру сапасының стандартына сәйкестендіру, сондай-ақ әрбір азаматтың қарттық шағын лайықты деңгейде қамтамасыз ету мемлекеттің тікелей міндеті екені көрсетілген.

Марафонда сөз сөйлеген Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Әуесбаев қоғамның өркениеттілігі ең алдымен қарттарға деген құрметпен өлшенетінін айтты.

– Бүгін біз белсенді зейнеткерлермен бірге бір сапта жүрдік. Бұл жай ғана спорттық шара емес. Бұл – ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтудың, қоғамдағы өзара құрметті арттырудың көрінісі. Қарттық – адамның лайықты өмір сүретін кезеңі болуы тиіс. Сондықтан зейнет жасын төмендету – әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам, – деді ол.

ЖСДП өкілдерінің айтуынша, партия болашақта зейнеткерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, зейнетақыларды тұрақты индекстеуге және егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетуді көздейді. «Еркіндік марафоны» қатысушылардың естелік суретке түсуімен аяқталды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар қоғамдағы ынтымақты нығайтып қана қоймай, әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелеріне көпшілік назарын аударуға мүмкіндік береді.

ЖСДП сайлауалды штабының баспасөз қызметі