Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Орталық аппаратында цифрлық реттеу саласындағы заңнаманы әзірлеудің практикалық аспектілеріне арналған екінші талқылау өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдағы кезеңде адамзат баласы жасанды интеллекттің (ЖИ) мүмкіндігін ерекше сезінетінін және ол өмірдің ажырамас бөлігіне айналатынын атап өткен еді. Шынында да, әлемнің даму бағыты ЖИ-сіз алға жылжымайтын сияқты. Президенттің осыны алдын ала сезгендей, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырғаны да тегін емес.
Мұндай министрлік жасақтаған әлемде мемлекет өте аз. Қазір жаңа министрлік құрылу үстінде, ал мемлекеттік органдар мен Парламент ЖИ негізіндегі заң жобаларын әзірлеудің түрлі жолдарын іздестіруді қолға алды. Президент пәрменімен Жолдауды іске асыруға бағытталған Парламенттік реформа жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл топтың құрамында ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов та бар.
Ал ЖСДП Орталық аппаратындағы талқылауда саланың сарапшылары цифрлық трансформацияның негізгі бағыттары, соның ішінде цифрлық әділеттілік, цифрлық теңдік, жасанды интеллекттің ақпараттық технологиялардың дамуына және мемлекеттік органдардың қауіпсіздігіне әсері туралы пікірлер ортаға салынды.
Шындығында, пікірталас өте тартысты өтті. Өйткені бағыттың басында жастар тұр. Олардың ойлау жүйесі мен ақпарат алмасу қағидатының өзі ЖИ дәуірінің талабына сай десек өтірік емес.
Отырысты ашқан ЖСДП Орталық аппаратының жетекшісі Мақсұт Насибулов қазіргі таңда елімізде ерекше серпіліс басталғанын айтып, алдағы бағытты нақтылау қажет екенін атап өтті.
«Біздің ел әлем бойынша цифрлық кодекс әзірлеуді қолға алған үшінші мемлекет. Сондықтан біз бұрынғыдай өзгелерден мысал іздей алмаймыз. Бұл үлкен жобаны өзіміз бастан-аяқ жүзеге асыруымыз керек. Сол себепті бүгінгі талқылауды ұйымдастырдық», – деді ол.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ажар Сағандықова, Наурыз Сайлаубай, партия төрағасының орынбасары Самбетбай Тазабек, политтехнолог Арсен Сарсеков, заңгерлер Аяулым Кәрімова мен Жанна Төлеубаева, партия мүшелері және «Astana Innovations» АҚ-нан Айдын Еспек, Kazdream Technologies компаниясынан Сұлтан Сайлаубекұлы, Nomad Guard кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы жобасының директоры Руслан Тұргулдинов, BI Dynamics компаниясының техникалық директоры Ислам Дербісалин және өзге де IT саласының өкілдері қатысты.
Талқылау барысында депутат Ажар Сағандықова ЖИ-ге толық иек артуға болмайтынын қадап айтты.
«Біз ЖИ-ді пайдалана алуымыз бір басқа, ал оған мүлде сүйеніп кетуімізге болмайды. Заң жобасын әзірлеу кезінде осыны ескерейік. ЖИ – құрал, ал адами фактор – мүлде басқа нәрсе. Әсіресе денсаулық сақтау саласына ЖИ-ді жаппай енгізгенде абай болған жөн. Артынан үлкен мәселе туындап кетпеуі тиіс», – деді депутат.
Бұл пікірді сарапшылар да қолдады. Себебі ЖИ – тек бағдарлама, ол адами жауапкершілік пен этикалық өлшемді алмастыра алмайды.
Kazdream Technologies компаниясының өкілі Сұлтан Сайлаубекұлы өз сөзінде былай деді.
«Біз Еуропадан үлгі аламыз деп әуре болудың қажеті жоқ. Керісінше, Қазақстан цифрландыру саласында көптеген дамыған елдердің алдына шықты. Енді ЖИ бағытында да көш басындамыз. Социал-демократиялық тұрғыдан қарағанда, ЖИ-дің дамуы кей адамдарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Сондықтан мемлекет мұны заңды түрде реттеуді ұмытпауы керек»,-деді.
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы – Nomad Guard жобасының директоры Руслан Тұргулдинов болса, «ЖИ кейбір жұмыстарды алмастыруы мүмкін, бірақ сонымен бірге жаңа жұмыс орындары да пайда болады. Мемлекет ЖИ-ді тездетіп енгізіп жатыр, өйткені дәл қазір — жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын сәт. Егер осы мүмкіндікті жіберіп алсақ, кейін өте күрделі кезеңге тап болуымыз мүмкін», – дейді. Шындығында Абай айтпақшы қолымызды мезгілінен кеш сермесек үлкен кедергіге тап болуымыз мүмкін. Тіпті біздің алдымызға шығып сала бойынша дамып кеткендер, өзінен кейінгілердің жолына кесе көлденең әрекеттерге баруы да ғажап емес. Себебі заман бәсекелестіктің уақыты екенін естен шығармағанымыз абзал. Ал заң да осы бағытты қамтуы керек.
IT-бизнес өкілі Тілеуқұл Асқар болса, бизнес саласына ЖИ енгізу өте қиын екенін айтты. «Бизнеске ЖИ-ді қосу өте қиын. Себебі дәл осы бизнес саласында түрлі кедергі көп. Әсіресе бюрократия шектен шығып тұр. Тіпті ЖИ арқылы жасаған шешімдеріміз бен ЖИ ге қатысты бағдарламаларымыз осы бюрократиядан зардап шегіп жатыр. Біздің ойымызша ЖИ-ге бүгін-ертең кедергі жасамауымыз керек. Ол барынша дамып, үлкен бір құрылымға айналуы керек. Жоғарыда ЖИ адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін деген қауіп туралы айтылып жатыр. Менің ойымша ЖИ-ден қорқпай оған көмектесуіміз керек. Сонда барып біз болашақта ЖИ-дің кем тұстарын көріп, соны дамытуға күш жұмсаймыз. Сәйкесінше түрлі саладағы адам қолымен жасалатын жұмыстардың мәні мен сапасы арта түседі. Бұл ЖИ-ді жүгенсіз жіберу керек дегенім емес. Оны бақылаушы және қауіп-қатерден қорғаушы, бір сөзбен айтқанда басқарушы органның болғаны дұрыс»,-дейді.
Бұл жерде IT-бизнесімен Тілеуқұл Асқармен толық келісуге болады. Және әлгі бақылаушы не бақылаушы мекеме толығымен тәуелсіз болғаны абзал. Бұл да өз кезегінде халықтың қауіпсіздігі мен ақпарат айдынының саулығын қамтамасыз ететіні анық.
Талқылауға қатысқан сала мамандары мен сарапшылар өздерінің түрлі ұсыныстарын айтып, болашақтың мүмкіндіктерін болжады. Дегенмен ілгеріде айтылған қауіпсіздік мәселесі басты орында болуы керек. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы халықтың мүддесін қорғайтындықтан алдымен аталмыш қауіпсіздік мәселесіне аса мән беру керектігіне басымдық береді. Партия көтеріп жүрген кибер алаяқтықта ұшырағандар осы қауіпсіздік саласының осал тұсынан опық жегені анық. Сондықтан ЖИ-ді жүйеге толық енгізген шақта азаматтардың жеке ақпараттарының тарамауы мен олардың өміріне қол сұғылмауы басты талап. Аз заңдағы нормалар осыған кепіл болуы тиіс. Талқылауды қорытындылағын Мақсут Насибулов осыны айтты.
ЖСДП Бердібек Қабай