Депутат Астананың қоқыс полигонымен танысты

Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова елордадағы Қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигондарының шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуі қаупті екенін айтты.

2026 жылғы 6 қаңтарда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықованың қатысуымен елорданың қоқыс полигоны инфрақұрылымының жай-күйіне және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудағы жүйелі мәселелерге арналған көшпелі іс-шара өтті. Іс-шара аясында депутат Астана қаласының ҚТҚ көму полигонына барып, ондағы жағдаймен танысты. Полигон операторы – «Астана Эко Полигон» ЖШС мен қоқыс сұрыптау кешенінің жұмысы, экологиялық қауіпсіздік мәселелері және қалдықтарды басқару жүйесін одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Көшпелі тексеру барысында депутат ҚТҚ полигондары экологиялық қауіп-қатердің негізгі көздерінің бірі екенін атап өтті. Бұл қауіп тек топыраққа ғана емес, атмосфераға да әсер етеді, деді. «Ластану – бұл тек жер ғана емес, сонымен қатар ауаны да бүлдіреді. Қоқыс ыдыраған кезде бөлінетін метан өте қауіпті әрі улы газ. Оның дәмі де, иісі де жоқ, сондықтан адам оның әсерін байқамай қалуы әбден мүмкін», – деді Ажар Сағандықова. Тексеру нәтижесінде полигонның екінші ұяшығы 2025 жылы жобалық қуатына жеткені анықталды. Үшінші ұяшықтың дайын болмауына байланысты оператор қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттыруға мәжбүр болып отырған көрінеді. Бұл өз кезегінде қосымша экологиялық және технологиялық қауіп туғызары анық. Астанада қалдықтарды сұрыптау негізінен қолмен жүзеге асырылуда. Сондықтан бұл жағдай көму көлемін едәуір мерзімге кешеуілдетіп қана қоймай қайта өңдеудің үлесін төмендетеді. Сондықтан үшінші ұяшықты іске қосу аса қажет екені сөз болды. Полигон мамандары үшінші ұяшыққа қатысты жобалық құжаттама қазіргі экологиялық талаптар мен заманауи технологияларды ескере отырып, қайта қарауды қажет етеді екен. Қазақстанда қалдықтарды сұрыптау деңгейі өте төмен. Қазіргі жағдай бойынша төгілетін қалдықтардың не бары 2% ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл қоқысты жүйелі түрде қайта өңдеу бойынша ең төменгі көрсеткіш. Қазіргі таңда елімізде заманауй экологиялық және техникалық талаптарға сай жабдықталған полигондар саны саусақпен санарлық қана. Нысандардың басым бөлігі қалдықтарды қайта өңдеусіз жай ғана жинақтау қызметін атқарып отыр.

«Біздің Заңдар жалпы алғанда жаман жазылмаған, бірақ нормалар мен тұжырымдарды толықтыру маңызды. Сонымен қатар қоқысты жинау, сұрыптау және қайта өңдеуге деген көзқарастың философиясын өзгертетін уақыт келді», – деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ сұрыптау мен қайта өңдеу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Қолданыстағы индикаторлар мен рейтингтер көбінесе формалды көрсеткіштерге негізделіп, нақты жағдайды көрсете бермейтіні айтылды. Журналистермен болған әңгіме барысында депутат қоқыс шығару қызметін көрсететін жеке компанияларды бақылау мәселесіне де тоқталды.

«Әкімдіктер өз ісін дұрыс атқара алмайтын қызмет көрсетушілермен келісімшартты бұзу, айыппұл салу және сотқа жүгіну құқығы бар. Алайда бұл тетіктер практикада іс жүзінде қолданылмайды. Сондықтан бақылауды күшейту қажет», – деді Ажар Сағандықова.

Депутаттың айтуынша, қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттырмай және бақылау тәсілдерін өзгертпей жағдайды түбегейлі жақсарту мүмкін емес. Себебі Қазақстан қалдықтарды қайта өңдеу бойынша дамыған елдерден ондаған жылға артта қалып отыр. Ажар Сағандықова экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі екенін айта келе, қазіргі уақытта Экологиялық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу тәсілдеріне байланысты Заңға кешенді өзгеріс енгізіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Біз түбегейлі шешімдерді талап етеміз. Бұл – күрделі заңнамалық процесс, бірақ сессия соңына дейін жауапкершілікті арттыратын және тұрмыстық қалдықтарға деген көзқарасты өзгертетін нақты шараларды ұсынуымыз керек», – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар полигон қызметкерлерінің еңбек жағдайларына және полигондық әрі қайта өңдеу инфрақұрылымын ұзақ мерзімді, жүйелі жоспарлау қажеттілігіне назар аударылды. Іс-шара қорытындысы бойынша анықталған мәселелер бақылауға алынып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына жолданатын болды. Бұдан бөлек, партия серіктестермен бірлесіп тұрғын үйлерде қалдықтарды бөлек жинау бойынша пилоттық жобаларды іске қосуды, тұрғындар мен МИБ-терді (ОСИ) сұрыптау және қайталама шикізатты қайта өңдеу жүйесіне тартуды жоспарлап отыр.

Көшпелі іс-шара нәтижесінде Қазақстан Республикасында қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін жетілдіруге арналған қорытындылар мен ұсыныстарды қамтитын депутаттық тұжырымдама дайындалады.

ОСДП баспасөз қызметінің материалдары бойынша